18 Ақпан, 2016

«Нива» көлігін Араб Әмірліктеріне шығаруға жол ашылды

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
12733981_1673874219530268_3142079365742367052_nҚазақстандық көлік өндірісі шетел нарығына шыға бастады. Әдетте, отандастарымыз темір тұлпарларды араб елдерінен тасымалдайтын болса, енді олардың көзі Қазақстанда құрастырылған өнімге түсіп, «Нива» көлігін аттай қалап сатып ала бастапты. Қазір, автокөліктің бұл маркасы Біріккен Араб Әмірліктерінің жолдары мен шөлдеріне өз ізін сала бастады деуге болады. Бұл мүмкіндік­ке қол жеткізуге «БИПЭК АВТО Қа­­­зақстан» ЖШС Ақтаудағы фи­лиалының өтінішін аз уақыттың ішінде қарап үлгерген Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы мұрындық болды. Бұған дейін тауардың шығарылған жері туралы сертификаттаудан туындаған проблемалардың салдарынан Біріккен Араб Әмірліктеріне өс­кемендік автокөліктерді экспорттау мүмкін болмаған еді. – Біздің шетелдік серіктесіміз келесі автокөлік топтамасын сатып алуға қызығушылық танытты. Бұл жеткізілім туралы сөз қозғағанда бірқатар ұйымдастырушылық мәселелердің басын ашуда қол ұшын созған Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының атқар­ған маңызды рөлін айта кету керек. Бұл біз үшін, сөзсіз, бірегей тәжірибе болмақ. Біріккен Араб Әмірліктерінің нарығына шығу біздің жоспарымызда бар болатын, енді, міне, ол жаққа автокөліктерді жеткізу бірінші рет сәтті жүзеге асты. Алғаш рет «БИПЭК АВТО» ЖШС-нің Ақтаудағы филиалы өз автокөліктері топтамасын Түрікменстанның оңтүстігіндегі Мары қаласына жөнелткен болатын. «БИПЭК АВТО-АЗИЯ АВТО» компаниялары тобының алдында енді Қазақстан мен Ресей аумағындағы филиалдық желіні дамыту тәжірибесіне сүйене оты­рып Моңғолия, Қырғызстан, Өз­бекстан, Түрікменстан және Тәжікстанда бұдан кем түспейтін жоғары деңгейдегі ритейл ұйым­дастыру міндеті тұр, – дейді «БИПЭК АВТО Қазақстан» ЖШС Ақтау филиалының директоры Асқар Бұланбаев. «Нива» көлігін БАӘ нарығына шығару үшін бұған дейін орын алып келген қиындықтар ауыздықталды. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Әсет Мановтың айтуынша, 2014 жылдың наурыз айынан бастап тауардың шығарылуы туралы сертификаттарды куәландыру және ресімдеу қызметтері өңірлік палаталардың қолына өтіп, аз уақыттың ішінде «БИПЭК АВТО»-ның Ақтаудағы филиалының «Жеңіл автокөліктер және өзге де моторлы тасымалдау құралдары» тауарлық тобына «СТ-КZ» сертификаттарын беріп үлгерген. «Қажет болған жағдайда Өзбекстан, Түрікменстан, Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Иран және өзге де елдерге экспорттау ке­зінде сертификаттар беретін боламыз, оған қоса қазақстандық тауарларды экспорттау мәселесі біз үшін әрқашан басты назарда тұрады», дейді ол. Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы теңіз арқылы да, құрлық арқылы да көршілес елдермен экономикалық ынтымақтастық құру алдағы уақытта жалғасады деген сенімде. Бұл елімізде жүр­гізіліп отырған отандық өнім өн­діру және оны экспорттау бастамасы аясында жүзеге асырылған, кәсібін шыр үйірем дегендерге қолдау көрсету барысындағы елеулі істердің бірі. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.