18 Ақпан, 2016

Чемпиондар лигасы. «Вольфсбург» пен «Реал» сырт алаңда жеңіске жетті (фото, видео)

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
АСТАНА. 18 ақпан. Бүгін УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф сатысында тағы екі кездесу өтті. Атап айтқанда, Бельгияның «Гент» командасы өз алаңында Германияның «Вольфсбургін» қабылдап, 2:3 есебімен есе жіберсе, Испанияның «Реалы» (Мадрид) сырт алаңда Италияның «Ромасынан» 2:0 есебімен басым түсті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. «Гент» (Гент, Бельгия) – «Вольфсбург» (Вольфсбург, Германия) 2:3 Голдар: Свен Кумс 80, Калифа Кулибали 89 – Юлиан Дракслер 44, 54, Макс Крузе 60. Топтық кезеңде сенсация жасап, талайдың назарын аударған «Гент» бұл ойында жеңілсе де, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлай алды. Қарсыласының өзіне қарағанда тәжірибелі екеніне қарамастан, матч барысында допқа иелік ету көрсеткіші, қақпаға жасалған тура соққы сынды статистикалық нәтижелер бойынша басым болған бельгиялықтар соңғы минуттарға дейін айқасты. Кездесудің есебі 44-минутта «Вольфсбург» ойыншысы Юлиан Дракслердің голымен ашылды. 54-минутта ол тағы да мергендігімен көзге түсіп, дубльдің авторы атанды. Арада 6 минут өткенде германиялықтар есепті 3:0-ге жеткізді. Бұл жолы Макс Крузе нәтижелі соққы жасаған болатын. Алайда, өз жанкүйерлері алдында намысты қолдан бермеуді мақсат тұтқан «Гент» ойыншылары 80 және 89-минуттарда соққан екі голмен қарымта қайтарды. Бұл голдардың авторлары – тиісінше Свен Кумс пен Калифа Кулибали. Генттіктердің таразы басын теңестіруге уақыт жетпеді. Нәтижесінде сырт алаңда жеңіске жеткен «Вольсбург» ширек финалға бір табан жақындады. Қос команданың қарымта кездесуі 8 наурыз күні Германияда өтеді. 18-02-2016-gent 02 18-02-2016-gent 03 18-02-2016-gent 04 «Рома» (Рим, Италия) – «Реал» (Мадрид, Испания) 0:2 Голдар: Криштиану Роналду 57, Хесе 86. Жанкүйерлер мен мамандардың назарын аударған бұл ойында «Реал» жеңіске жетті. Матчтың бірінші таймында есеп ашылған жоқ. Ал екінші бөлікте испаниялықтар қарқындарын күшейтіп, жүйелі ойын өрнегін көрсетті. Нәтижесінде, 57-минутта Криштиану Роналду есеп ашса, 86-минутта Хесе «Реалдың» екінші голын соқты. Осылайша, сырт алаңда жеңіске жеткен корольдік клуб ширек финал мәселесін жартылай шешіп қойды. Бұл командалардың да қарымта ойыны 8 наурызда ойналады. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: uefa.com, championat.com.