18 Ақпан, 2016

Жаңа нарыққа жол ашады

359 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
IMG_2648-Әлемдік дағдарыс бір елдің немесе бір өңірдің өнеркәсібі мен экономикасына төнген қиындық емес. Бұл – дүние жүзіндегі барлық мемлекетке, барлық халыққа ортақ сынақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы экономикалық қауіп-қатердің жай-жапсары мен одан шығудың бағыттары белгіленген «Қазақстан жаңа жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» деп аталатын Жолдауында: «Заманның беталысын өздеріңіз көріп отырсыздар. Аса күрделі, қиын кезеңге аяқ бастық. Жаңа қатерлері мен тың мүмкіндіктері қатар өрбіген жаһандық ахуал біздің көз алдымызда өзгеруде», деген болатын. Дегенмен, «дағдарыс келді» екен деп елімізде не істерін білмей қол қусырып, қарап отырған өңір жоқ. Елбасы айтқандай, «Біріміз – бәріміз үшін, бәріміз – біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, еңбек етуде. Соның нәтижесінде Қазақстан бүгінде бұрынғы одақтас республикалар ғана емес, сонымен бірге әлемдегі экономикасы өрлеу жолына түскен мемлекеттердің алдыңғы қатарынан көрінуде. Ел экономикасының еңсесі көтеріліп, іргесі бекіді. Мемлекетімізде ел игілігі үшін ғаламат жобалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде индустрияландыру сая­саты еліміздің экономикасын серпінді дамытып, бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына қосатын бірегей де бірден-бір жол болып табылады. Мемлекет басшысының өзі де индустрияландырудың маңызы мен оның елімізде жалпыұлттық іске айналу керектігін ерекше қадап айтып келеді. Бұл бағытта Жамбыл облысында да көптеген игілікті істер қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мұның өзі ішкі және сыртқы рынокты бәсекеге қабілетті сапалы тауарлармен толықтыруға кең жол ашуда. Мысалы, еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010-2014 жылдары облыста 123,3 миллиард теңгенің 33 жобасы жүзеге асырылып, 4958 жұмыс орны ашылды. Бірқатар кәсіпорындар толық қуатында жұмыс істеп, нарықты қажетті тауарлармен толықтыруда. Соның бірі Меркі ауданындағы «Алкопищепром» ЖШС ауылшаруашылық шикізатын өңдеу мен қалбырлау жобасын жүзеге асыруды қолға алған. Кәсіпорынның жұмыс сипаты – маусымдық. Өткен жылы кәсіпорында 4,6 миллион теңгенің 27 925 қалбырланған өнімдері өндірілді. Бұл – зауыттың толық қуатында жүз пайыз жұмыс істеп тұрғанын көрсетеді. Ал кәсіпорындағы алкогольді ішімдіктерді шығару мәселесіне келсек, оның индустрияландыру картасына байланысты жобаға ешқандай қатысы жоқ, яғни ол ЖШС-ның жеке құзырындағы төл өндірісі болып табылады. «Тараз металлургия зауыты» – еліміздегі ферросиликомарганец өндіретін ірі өндіріс орнының бірі. Алғашқы кезеңінде бұл өндіріс орны жылына 72 мың тонна ферросиликомарганец өндіруге тиіс болатын. Ал өткен жылы аталмыш зауытта 1988,2 миллион теңгенің 9399 тонна ферросиликомарганеці өндіріліп, жылдық қуатының 52 пайызы игерілді. Әрине, пештер мен бірқатар өндірістік агрегаттар желілерін жөндеуге байланысты «Тараз металлургия зауытының» толық қуатында бір қалыпты жұмыс істей алмағанын жоққа шығаруға болмас. Оның үстіне айналым қаржысынан да тапшылық көріп отырғаны жасырын емес. Бірақ, ең бастысы, дағдарыс да­уылына қарамастан зауыт жұмыс істеп тұр және хал-қадерінше өнім өндіріп жатыр. Мысалы, өткен жылдың аяғындағы есеп бойынша зауытта 325 адамның жұмыспен қамтылуы осы сөзіміздің дәлелі болса керек. «Құрылыс полимер» ЖШС де ырғақты жұмыс істеп, жылдық қуаты бойынша өнім өндіретін деңгейге жетіп қалды. Былтыр кәсіпорын 609,17 миллион теңгенің пластмасса бұйымдарын шығарып, өзінің жоспарлы қуатын жүз пайызға игерді. Соның нәтижесінде 2015 жылы кәсіпорында жұмыс істейтіндердің саны 130 адамға жетті. Есеп-санақ мамандарының дерегі мен дәйегі бойынша, бүгінде зауыт өзіне тиесілі жүктеменің 81 пайызын игеріп отыр. Өткен жылғы бұл мысалдан зауыттың өз жобалық қуатында жұмыс істеу мүмкіндігіне сәл-ақ жетпей қалғанын байқауға болады. Демек, бұл жерде де дағдарысқа қарсы дәйекті іс бар. Ал зауыттағы жұмысшылар тұрақсыздығының себеп-салдарын оның өндірістік-экономикалық жағдайымен байланыстырудың мүлде қажеті жоқ, ал егер ондай бірлі-жарым мәселе болса, онда ол тек кәсіпорынның ішкі тәртібіне қатысты мәселе деп қарастырған жөн. Индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың бірі Қордай ауданындағы «Куликов сүт өнімдері» ЖШС болып отыр. Ол сүт өнімдері мен сүттен жасалған өнімдер шығарумен және өңдеумен айналысады. ЖШС өткен жылы 149,8 миллион теңгенің 714 тонна сүт өнімдерін өндіріп, кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеді. Сондай-ақ, «Үміт Қордай» ЖШС де сүт өнімдерін өндіреді. Кәсіпорын 2015 жылы 211,7 миллион теңгенің 541 тонна сүт өнімдерін өндірді. Жалпы, кәсіпорын өткен жылы өнім өндіруді жоспарлаған жоқ. Бірақ, соған қарамастан осындай өнім өндіруге қол жеткізді. Енді кәсіпорын басшылары Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одаққа енуіне және бәсекенің күшеюіне байланысты зауыттарын сатуға шығаруға дайындауда. Бұл кез келген өркениетті елдердің нарығында болатын жағдай. Сондықтан одан үркудің қажеті жоқ деп білеміз. Қордайдағы «Vista intermational» ЖШС іске қосқан жел электр стансасы да қалыпты жұмыс істеп тұр. Өткен жылы мұнда 914,6 миллион теңгенің 40324,8 мың кВт/сағат электр энергиясы өндіріліп, өзінің жобалық қуатын 100 пайызға игеріпті. Ал «Central Asia Gold Production» ЖШС қымбат металл қорытпасы өндірісі зауы­тын іске қосып, 2015 жылы 296,6 миллион теңгенің 41 килограмм алтынын өндірді. Сөйтіп, жылдық қуатының 68,3 пайызын игеруге қол жеткізді. Кенен ақын айтпақшы, «Тасы да алтын Қордайдың, тауы да алтын» дегеннің бір әдемі мысалы осы. Қаратау қаласының іргесіне орналасқан «Talas investment Company» ЖШС натрий цианидін өндіреді. Өткен жылы мұнда 77,4 миллион теңгенің 1001 тонна натрий цианиді шығарылды. Сөйтіп, жылдық жоспарлы қуатының 26,7 пайызын игеріп, өз шама-шарқының қаншалықты әлеуетті екенін байқап көрді. Алғашқы нәтиже жаман емес. Кәсіпорында былтыр жыл бойы қайта жарақтандыру және іске қосу жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан алғашқы өнімдеріне қол жеткізді. Зауыт биыл 5 мың тонна өнім өндіруді көздеп отыр. Ал өзінің жоспарлы қуатын алдағы 2017 жылы толық игермек. Ең бастысы, зауыт салынып, жарақтандырылды, тиісті мамандар мен жұмысшылар жинақталды, алғашқы қадам жасалды. «Қазфосфат» ЖШС осыдан үш жыл бұрын гексаметафосфат натрийі мен басқа да азықтық фосфаттарды шығару өндірісін іске қосқан болатын. Өткен жылы кәсіпорын 592,6 миллион теңгенің 3180 тонна гексаметафосфат натрийін шығарды. Бұл кәсіпорын да толық қуатында жұмыс істеп тұр. «Карат-V» ЖШС заманауи жиһаз бен соларға арналған жиһаз ламинаттарын жасау өндірісімен шұғылданады. Өткен жылы өндіріс орны 5,1 миллион теңгенің 360 шаршы метр жиһазын шығарды. Елге қажетті үнемді бұйымдарды шығаруды қолға алған «Энерджи-Тараз» ЖШС болса жарық диодты шамдарды ішкі және сыртқы нарықтарға көптеп өткеруде. 2015 жылы мұнда 135,8 миллион теңгенің 2624 дана шамы шығарылды. Бұл кәсіпорын да жылдық қуатын 100 пайыз игеріп отыр. Шетелдерден ең соңғы үлгідегі жаңа жабдықтарды әкеліп, жұмысқа жеккен «Та-Мак» ЖШС макаронның сан-алуан түрін өндіруде. Өзінің 100 пайыз қуатында жұмыс істеп тұрған ЖШС былтыр 421,7 миллион теңгенің 1440 тонна макарон өнімін шығарған. Ал «Запчасть» акционерлік қоғамы жылына 180 мың тонна металл бұйымдарын шығаратын электр- металлургиялық зауытты іске қосты. Өткен жылы мұнда 585,3 миллион теңгенің 7019 тонна металл бұйымдары шығарылды. Бұл зауыт та дағдарыс деп тоқтап қалмастан, толық қуатында жұмыс істеуде. Елімізге бұрын жылытқыш радиаторлар Ресей және Қытай мемлекеттерінен жеткізілетін. Үдемелі индустриялық-иннова­циялық мемлекеттік даму бағ­дар­ламасы аясында бұл мәселе өз шешімін тапты. Тараздағы «Арай­строймаркет» ЖШС екі жылдан бері оны өңірдің өзінде шығара бас­тады. Былтыр мұнда 127,2 мил­лион теңгенің 75 тонна радиа­торы шығарылды. Әлбетте, қай іс болмасын бірден алға баспайды. Сондықтан өндіріс орнының әзірге 52 пайыз қуатында жұмыс істеп тұрғанының өзіне шүкір деу­ге болады. Кейбір пессимистер жоға­рыда аттары аталған «Кули­ков сүт өнімдері» мен «Арай­строй­маркет» ЖШС-на дейінгі кәсіп­орындардың бәрін нарыққа қабі­летсіз жобалар ретінде қарас­тырғысы келеді. Бірақ, кәсіп­орындардың өзінен алынған нақты деректер мен дәйек­терге негіз­делген мысалдардан көр­геніміздей, олардың барлығы да әлемде және елімізде орын алып отырған қаржылық-эко­номикалық түрлі қиындықтарға қарамастан хал-қадерінше жұмыс істеп, тауар шығару жөніндегі тапсырмаларын орындауға күш салуда екен. Жұмыс істемей, тоқтап тұр­ғандары жоқ. Өткен жылы осы аталған кәсіпорындардың бар­лығы орта есеппен 82,6 пайыз­дық қуатында жұмыс істеп, 4825,1 миллион теңгенің өнімін өндіріпті. Елімізде 2015-2019 жылдарға ар­налған индустрияландырудың екінші бесжылдығы басталғаны белгілі. Ал облыста өткен жылы Индустрияландыру картасына енгізілген 6 инвестициялық жоба іске асырылды. Олардың ара­сында Байзақ ауданында құс етін өндіретін «Әулиеата-Фени­кс» ЖШС де бар. Құс фабри­касының құрылысы толық аяқ­талды. Әйтсе де өз істеріне сал­дыр-салақ қарайтын тасымал­дау­шылардың кесірінен құстар­ды соятын цехқа арналған жабдық­тардың Голландиядан уәделі уақытында жеткізілмеуіне байланысты кәсіпорынның дер кезінде іске кірісе алмай отырғанын жасыруға болмайды. Ол құрал-жабдықтарды енді фрагментті түрде жеткізу қарастырылуда, өз кезегінде ол да кедендік тексерулер арқылы кешеуілдеуі мүмкін. Бірақ бұл мысалға қарап кәсіпорындағы құрылыс жұмыстары небары 70 пайызға ғана орындалды деуге болмайды. Қажетті жабдықтарды алып, оны құрастырып біткен күннен бастап құс фабрикасы өзінің толық қуатында жұмыс істей бастайды. «Тараз металлургия зауыты» ЖШС да үстіміздегі жылы ферроқорытпа өндірісі мен шикізат базасын кеңейту және әртараптандырудың екін­ші кезеңіне байланысты инвес­ти­циялық жобаны жүзеге асыр­мақ болатын. Әйтсе де теңге­нің құнсыздануына және қар­жы­лық-экономикалық жағдайдың күрделене түсуіне байланысты бұл жобаны жүзеге асыру­ды 2020 жылға шегере тұру керек деп шешіпті. Үкімет­тің кеңейтілген отырысына қа­тыс­қан Президенттің жақында «Көп­теген елдер қиын жағдайда қал­ды және әлеуметтік кірістерін қыс­қартуға, жобаларын тоқта­туға мәжбүр болып отыр, нәти­жесінде жұмыссыздық өсуде. Біз индустриялық нысандар салуды жалғастырып, жаңа нарықтарға жол ашып отырмыз», деген сөзін еске алсақ, өңірде үдемелі индустриялық-ин­но­вациялық мемлекеттік даму бағдарламасы аясында іске қо­сылған кәсіпорындардың барлығы дүниежүзілік дағдарыс дауылына қарамастан ырғақты жұмыс істеп, жылдық қуаттарын толық игеруге бар мүмкіндіктерін сарп етуде. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.