18 Ақпан, 2016

Үшінші үміткер құжат өткізді

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Рахман АлшановАлмалы аудандық №1 округтік сайлау комиссиясы қалалық мәслихаттың депутаттығына нұротандық үміткер, белгілі ғалым Рахман Алшановтың үміткерлік құжаттарын қабылдады. Сайлау комиссиясының төрайымы Гүлнар Мұсақұлова №1 округ бойынша бұған дейін құжат тапсырған екі үміткердің заңды түрде тіркелгенін айтты. Олар – Қазақстан Республикасы Бильярд спорты федерациясының өкілі Нұрсұлу Ембердиева мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кафед­ра меңгерушісі Зере Шәкәрімова. Үшінші болып құжат өткізген «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшановтан сайлауалды талаптарына сәйкес, өтініші мен төлқұжатының және «Нұр Отан» партиясының мүшесі екендігін растайтын куәлігінің көшірмесі қабылданды. – Енді үшінші үміткеріміздің осы құжаттарына сүйене отырып, көші-қон полициясы мен бас прокуратураға сайлау талаптарына сәйкес сұрау саламыз, – деді Гүлнар Төлендіқызы. – Тағы бір ескеретін жайт, ол іс-әрекетті электронды байланыс жүйесімен орындауға болмайды, тек қана өз қолымызбен алып барып, көзбе-көз расталған құжаттар аламыз. Өз кезегінде сөз алған үміткер Рахман Алшанов: – Біздің Алматы – өте үлкен мегаполис, мұнда бүгінгі таңда атқарылатын іс-шаруа өте көп. Қалада тіркелген миллионнан астам сайлаушының үштен бірі – жастар. Жастардың мүддесі – болашақтың мүддесі. Қалалық мәслихаттың сайлауына осымен екінші рет қатынасып отырмын. Бұл жолы да менің кандидатурамды «Нұр Отан» партиясы ұсынды. Қарсылық білдірмедім, – деді. Үміткердің құжаттарын өткізу рәсіміне оның сенім білдірілген адамдары мен «Нұр Отан» пар­тия­сының өкілдері және БАҚ өкілдері қатысты. Еске сала кетер бір жайт, Ал­маты қаласы бойынша бүгінге дейін қалалық мәслихат депутаттығына 37 кандидат тіркелді. Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.