Кеше Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының республикалық қоғамдық штабы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Жиында партияның сайлау науқанындағы үгіт-насихат жұмыстарына дайын екендігі айтылды.
Брифингте «Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабы тарапынан сайлау науқанына дайындық бағытында бірқатар шаралар атқарылғаны белгілі болды. Республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Рүстем Жоламан мәлім еткендей, барлық аймақтық штабтардың жұмысы ширай түскен. Штаб мүшелері үгіт жұмыстарын жүргізудің ереже-талаптарын біліп, қыр-сырына қаныққан, сондай-ақ, заңгерлер штаб қызметкерлеріне «Сайлау туралы» Заң талаптарын түсіндірген.
«2016 жылдың 4 ақпанында «Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабы құрылды. Сол күннен бастап штабымыз күндіз-түні жүйелі түрде жұмыс істеп келеді. Дәл осындай қоғамдық штаб біздің өзге де облыс, аудандарымызда белсенді жұмыс жүргізіп жатыр.
Республикалық қоғамдық штабқа партияның белгілі мүшелері мен қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, қоғам белсенділері енген.
«Ауыл» партиясының республикалық қоғамдық штабының басты мақсаты – сайлау науқанын тиімді ұйымдастыру, «Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасын насихаттау және түсіндіру. Сонымен бірге, сайлау қорын қалыптастыру, қордағы қаражаттың мақсатты түрде жұмсалуын қадағалау және сенім білдірілген адамдар мен Мәжіліс депутаттығынан үміткерлердің жұмыс жоспарын дайындау штабтың негізгі міндеттеріне жатады. Бұл жұмыстардың барлығы бүгінде штаб тарапынан жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, сайлау науқаны кезінде қандай да бір заң бұзушылықтар орын алмауы үшін штабымызда осы жылдың 10 ақпанында барлық аймақтағы штаб жетекшілері мен мүшелеріне арналған онлайн-тренинг өтті. Тренингте заңгерлер «Сайлау туралы» Заңның негізгі талаптарын түсіндіріп берді. Сонымен қатар, үгіт-насихат жұмыстарына қатысты заңнамалық шектеулер туралы да айтылды. Бұған қоса, үгіт-насихат жұмыстарына қажетті көрнекі құралдарды арнайы белгіленген орындарға жабыстыру, билбордтар ілу, үнпарақтар тарату талаптары жайлы да толық түсіндірілді», – деді республикалық штаб жетекшісі.
Сонымен қатар, Р.Жоламан барлық аймақтық штабтарға үгіт-насихаттық өнімдер, плакаттар мен үнпарақтар, партияның сайлауалды бағдарламалары қажетті мөлшерде толық жеткізілгенін атап өтті.
«Барлық аймақтық штабтарға қажетті үгіт-насихат материалдары жеткілікті деңгейде берілді. Сол үшін біз 16 мың плакат, 16 мың үнпарақ, 3200 дана партиямыздың сайлауалды бағдарламасын басып шығардық. Бұлардан бөлек, біз логотип басылған кеудешелер, бас киімдер, жалауша, мойынорағыштар дайындадық», – деді ол.
Сондай-ақ, брифингте үгіт-насихат науқаны басталған кезде партия өкілдері барлық аймақтарды аралап, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіп, флеш-мобтар және түрлі акциялар ұйымдастыруды көздеп отырғаны сөз болды.