18 Ақпан, 2016

Бюллетеньдер саны бекітілді

414 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ЦИКОрталық сайлау комиссиясының кешегі отырысында ОСК Парламент Мәжілісінің партиялық тізімдер бойынша сайланатын депутаттарын сайлауда саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті және сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының тағы 28 байқаушысын аккредиттеді. Бірінші мәселе бойынша құжат жобасымен Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос таныстырды. Оның атап өтуінше, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конс­титуциялық заңының 12, 24 жә­не 37-баптарына сәйкес ҚР ОСК 2016 жылғы 1 қаңтардағы жағ­дай бойынша сайлау комиссия­ларына ұсынылған сайлаушылар туралы мәліметтерге сай дайын­далуға және сайлау учаске­леріне жеткізілуге тиіс сайлау бюллетеньдерінің саны Қазақ­стан Республикасындағы сайлау­шылардың жалпы санының 1 пайызы резервін қосса мынадай болатынын белгіледі: бірінші – Қазақстан Республикасы Парламенті Мә­жі­лісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша – 9889075 дана; екінші – Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының ке­зекті сайлауы бойынша – 18321969 дана. Құжат жобасы Комиссия мү­ше­лерінен қолдау тапқан соң, «2016 жыл­ғы 20 наурызға тағайын­далған Парламент Мәжілісі депу­тат­тарының кезектен тыс сайлауы бойынша саяси партияларға және мәслихаттары депутаттарының ке­зек­ті сайлауы бойынша дауыс бе­руге арналған сайлау бюллетень­дері туралы» қаулы қабылданды. Отырыста, сондай-ақ, Ортсай­лауком саяси партияларға дауыс беруге арналған сайлау бюл­ле­тенінің мәтінін бекітіп, сайлау бюл­летеньдерінің қорғалу дәрежесін белгіледі. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары сайлау бюллетеньдерін сайлау учаскелеріне уақтылы жеткізуді қамтамасыз етуі тиіс. Отырыс барысында ОСК екінші мәселе – «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Парламент Мә­жі­лісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы­на халықаралық ұйымның бай­қау­шыларын аккредиттеу туралы» қаулыны да қабылдады. Аталған қаулыға сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Сыртқы істер министр­лігінің ұсынуы бойынша сайлау­ды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының тағы 28 байқаушысын аккредиттеді. Орт­сайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың бай­қаушыларын аккредиттеуді 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».