18 Ақпан, 2016

EXIT-POLL

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ERA_7581+550 сайлау учаскесінде  сауалдама жүргізеді Кеше Астанада КТК телеарнасы мен «Демократия институты» ғылыми зерттеу қауымдастығы бірлесіп 20 наурыз күні өтетін Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауына байланысты брифинг өткізді. Онда алдағы саяси науқанды әлеуметтік сүйемелдеу мәселесі сөз болды. Аталған телеарнаның директоры Қанат Сахариянов «Демократия институты» сайлау күні дауыс беру учаскелерінде сауалдама жүргізетінін айтып: «КТК сайлау­ды әлеуметтік сүйемелдеу үшін осы ғылыми институтқа тапсырыс берді. Бұл ретте біз сенім артып отырған ұйымның exit-poll технологиясы бойынша жұмыс істейтінін ерекше атап өткен жөн», – деді. Өз кезегінде «Демократия институты» ҒЗҚ директоры Юлия Кучинская сауалдама кезінде еліміздің барлық аймағы мен Астана және Алматы қалаларындағы 550 сайлау учаскесі қамтылатынын жеткізді. Бұл жөнінде ол: «Біздің институттың өкілдері сайлау кезінде қалалық жерлердегі – 313, ал ауылдық елді мекендердегі 237 дауыс беру учаскесінде жұмыс істейді. Әр учаскеде кеуделерінде арнайы бейдждері бар 2 қызметкерімізден тұрады. Олардың барлығы exit-poll-дың шығаберісте кімге дауыс бергендігі жөнінде сауалдама жүргізу технологиясын меңгерген. Зерттеу барысында дауыс берушінің жасы, географиялық ерекшелігі секілді барлық факторлар ескеріледі. Біз қолданатын әдісті шетелдік және отандық ғалымдар мақұлдаған. Осыған дейін Қазақстанда өткен үш сайлау науқанында жұмыс істедік. Қорытындымыз Орталық сайлау комиссиясының есебімен бірдей болды. Айырмашылық шамамен 0,5 пайыз мөлшерінде ғана», – деді. Ю.Кучинскаяның сөзіне қарағанда, сауалдама жүргізілетін сайлау учаскелері әр аймақтағы сайлаушылардың санына байланысты бөлінеді. Олардың тізімдері стратификатталған іріктемені құру техникасын орындау арқылы жасалады. Соның арқасында облыс орталықтарынан шалғайда орналасқан және даму деңгейі әртүрлі елді мекендер қамтылмақ. Сонымен қатар, институт директоры сайлау күні мәліметтерді жинау бес уақыт аралығында жеке әлеуметтік-демографиялық топтардың электоратты бел­сен­ділігін есепке ала отырып іске асатынын мәлімдеді. «Бұл тәсіл халықтың түрлі топтарын қамтуға мүмкіндік береді», – деді Ю.Кучинская. «Қолданылатын сауалдама әдістері репрезентативті, сенімді мәліметтер алуға және ықтимал ауытқулардың үлесін есептеп шығару арқылы болжамдық баға беруге тиімді. Тағы бір айта кететін жайт, науқан кезінде біздің институт елімізде сайлауды ұйымдастыру және өткізу аспектілері бойынша да экспресс-сауалдамалар жүргізеді. Сондай-ақ, білікті сарапшылардың пікірлері де назарға алынады», – деген ол әдеттегідей, exit-poll-дың зерттеу нәтижесі 20 наурыз күні сайлау аяқталғаннан кейін ғана жарияланатынын айтты. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».