18 Ақпан, 2016

Көрмеге қызығушылық арта түсуде

227 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-851Жақында Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары, ЭКСПО-2017-нің Комиссары Рәпіл Жошыбаев бастаған қазақстандық делегация жұмыс сапарымен Бельгия Корольдігінде болды. Сапар барысында Бельгияның Валлония аймағы іскер топ­тары­ның жетекшілерімен және өкіл­дерімен кездесулер өткізді. Валлония аймағы үкіметі басшы­сының орынбасары, экономика, білім, коммерция және жаңа технологиялар министрі Жан-Клод Маркурмен өткізілген келіссөздер барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық байланыстардың болашағы тілге тиек етілді. Кездесу кезінде Р.Жошыбаев ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысы туралы кеңінен әңгімелеп, бельгиялық бизнесмендерді халықаралық көрме жұмысына қатысуға шақырды. Тараптар бельгиялық ком­па­ния­лардың «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастығы Қа­зақстан және Бельгия арасындағы экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеретіндігін атап көрсетті. Бельгиялық министрдің айтуы бойынша, Корольдік 2050 жылдары елдің бүкіл энергетикасын жаңғырмалы қуат көздеріне көшіру жөнінде аса жоғары жос­пар қабылдағандығын тілге тиек етті. Осы жаңғырмалы энергетиканы дамыту жөніндегі ұлттық жоспарға байланысты 2020 жылы Бельгияның барлық энергетикалық қуатының 13 пайызы баламалы энергетика көздерінен қамтамасыз етілетін болады. Осы орайда Ж.-К.Маркур Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месі шеңберінде бельгиялық компаниялардың «жасыл» энергетика саласындағы тәжірибесімен бөлісетіндігін айтты. Сонымен бірге, сапар барысында Р.Жошыбаев Валлонияның «жасыл» экономикасын дамыту жоспарына қатысушы ірі жә­не ұсақ кәсіпорындарды, уни­вер­ситеттерді, зерттеу орталықтарын және оқу бірлестіктерін бір орталыққа біріктіретін «Green win» атты ұйымда болды. Осы жерде ол жиналған іскер топтар өкілдерін Қазақстанда бизнесті дамыту үшін жасалып отырған мүмкіндіктермен жан-жақты таныстырды. Қазақстан Үкіметінің инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында іс жүзіне асырып жатқан тиімді шараларын тілге тиек етті. Кездесулер қорытындысында бірқатар бельгиялық компаниялардың басшылары Астана қаласында өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуға қызығушылық танытты. Ұлан САНЖАР.