Метро
Тәуелсіздіктің 20 жылдығында жүйткиді
Бүгінгі күндері Алматы метросының құрылысы аяқталып келеді, қазір техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету және архитектуралық-әрлеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жиырма жылдан астам уақыттан бері тынымсыз қазылып-салынып келе жатқан метрополитен тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қалалықтардың игілігіне берілуі тиіс. Бастапқыда Алматы әкімдігі метроның алғашқы тармағын 2010 жылдың аяғына қарай іске қосуды жоспарлаған болатын. Алайда, қаржы тапшылығына байланысты метроға мінетін күн бір жылға шегерілді. 20 жыл ішінде метро құрылысына 110 миллиардқа жуық қаржы жұмсалып, 8,6 шақырымға созылған метроның бірінші кезегінің бірінші тармағы салынып бітті. Алматы метросын жылжымалы құраммен қамтамасыз етуді оңтүстікореялық «Hyundaі» корпорациясы қолға алып, жер асты пойыздары қос рельске қондырылды. Дизайны еліміздің көк байрағымен үндес жасалынған вагондар әлемдегі заманауи метро пойыздарына қойылатын сұраныстарға сәйкес келеді. Мұнда жолаушылар үшін жайлылық, қауіпсіздік мәселелері түгел ескерілген. Жолаушылар вагондардан вагондарға емін-еркін өте алады. Ең бастысы, жылжымалы құрамдардың тежегіші ескі әдіспен емес, диск арқылы жұмыс істейді. Жоғары жылдамдықпен жүретін пойызды диск арқылы тежеу оның дөңгелектерін тез ескіртпейді әрі шуды азайтып, жөндеуге кететін шығындарды да айтарлықтай азайтады екен. Яғни, бұрын колодкалық тежегіштерге тән фрикциялық шаң жаңа пойыздарда жоқ. Бұл да экологиялық тұрғыдан өте тиімді екені айтылуда. Сағатына 80 шақырымдық жылдамдықпен жүретін жылжымалы құрам бір мезетте 940 жолаушы тасымалдайды. Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда, вагоннан вагонға өту оңай және пойыздар кондиционерлермен жабдықталған, арнаулы бейнебақылау жүйесі орнатылған. Мемлекетіміз үшін стратегиялық маңызды нысан болып табылатын Алматы мертополитенінің барлық стансасы дерлік абаттандырылып бітті, қазір Байқоңыр стансасында архитектуралық әрлендіру жұмыстары жалғасуда. Күн сайын өсіп келе жатқан мегаполис қаладағы алғашқы кезеңнің 7 бекетімен Алматының көлік кептелісі, жолаушы тасымалы мәселесін шешу мүмкін емес. Сондықтан метро құрылысын әрі қарай дамыту мақсатында қазір Абай даңғылынан бастап Қалқаман-3 шағын ауданына дейін және «Райымбек батыр» стансасынан бастап «Алматы-1» вокзалына дейін жер асты жолын салу қарастырылуда. Келешекте метроның екінші кезегін «Думан» шағын ауданынан бастап орталық саябаққа дейін салу жоспарланған. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы. Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР.Ғасыр құрылысының қарқыны жоғары
Еліміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына енуге бағытталған индустриялық-инновациялық құнды жобалардың бірі – Мойнақ су электр стансасы. Ғасыр құрылысы саналған нысан республиканың оңтүстік аймағындағы қуат көзі тапшылығын шешу мақсатында Елбасының тікелей бақылауында. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының кезектен тыс ХІІ съезінде Мемлекет басшысы «Менің тапсырмам бойынша Мойнақ су электр стансасы салынуда. Ол 2011 жылы пайдалануға берілетін болады» деп, атап айтқаны есімізде. «Самұрық» мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі қазақстандық холдингі акционерлік қоғамының құрамындағы «Мойнақ» ГЭС-і жобасын Қазақстан Даму Банкі қаржыландырып отыр. Алғашқы кезде 51 млн. доллар қаражат бөлініп, игерілсе, Шанхай қаласындағы Қытай мемлекеттік даму банкі 200 млн. АҚШ доллары көлемінде несиелік келісім-шарт есебінде жұмыстарын жалғастырған. Демек, Жолдауда айтылған тапсырмалардың маңыздылығына осылайша негіз қалануда. Мойнақ – аудан тұрғындарының үлкен игілігі, алып құрылыс қолға алынған күннен жергілікті халық есебінен 250 адам жұмыспен қамтылып, күнкөрістерін жақсартуда. Енді 2011 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға берілетін су электр стансасында еңбек ететін жастар қажетті мамандықтарға оқытылуда. Еліміздің оңтүстік аймағындағы қуат көзі тапшылығын шешетін аталған нысан егемен ел экономикасын дамытудың қуатты күші. Жалпы құны 340 млн.доллар тұратын станса құрылысы туннелдік әдіспен салынған. Амандық болса, жылына 1 млрд. 27 млн. киловатт электр қуатын шығаратын 300 мегаваттық қуаты бар Мойнақтан тарайтын шұғылалы нұр Жетісу өлкесі мен Алматы қаласын толық қамтамасыз етеді. Сол кезде Райымбек ауданының жұртшылығы ең қолайлы бағадағы электр жарығын пайдалануы мүмкін. Қуаныштысы, құрылыс пайдалануға берілгенде бізге Қырғызстаннан алынған қуат көзінің керегі болмайды. Демек, біздің марқаятын күніміз жақын. Құрылыспен қатар, мұнда әлеуметтік-тұрмыстық, мәдени орындар да бой көтерген. Мамандарға арналған 80 тұрғын үй қалашығы, энергетиктер мекен-жайында 5 бөлмелі 10 үй, 4 бөлмелі 40 үй, 3 бөлмелі 30 үй құрылысы аяқталып, олар тұрмыстық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етілсе, имандылық отауы – мешіт, балалар бақшасы да ел игілігі үшін салынуда. Жаңа жыл Жетісу жеріндегі осындай оралымды істерімен айқындалған. Жаңа жылда «Мойнақ» электр стансасы айналасына жарық нұрын, шұғылалы сәулесін тарататын болады. Осы мақсатта құрылысшылар тау бөктеріндегі қарбалас жұмысты тоқтатпай, жалғастыруда. Қазір жүздеген арнаулы техника, механикалық жабдықтар, агрегат, генератор, трансформатор, компрессорлар орнатылып жатыр. Алып нысанға апаратын жол жөнделуде. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.Он бірінші жылға – он бір жоба
Мұның ішінде металл жаймалау өндірісінің шоқтығы биік
Иә, тақ биылғы жылы Ақжайық өңірінде он бір инвестициялық жобаның тұсауы кесілмек. Республикада іске асып жатқан жаңа индустрияландыру бағдарламасының басты мақсаты ел экономикасының мұнай-газ секторына деген тәуелділігін болдырмау. Елбасының қойып отырған талабы да осындай. Яғни, әр түрлі өндірістік жобалар жан-жақты өрістеген сайын, экономиканың да ажары ашыла түспек. Батысқазақстандықтар тек бір ғана мұнай-газ өндірісінің жетегінде кетіп қалмай, уақыттың дәл осындай талабына сай тың да өміршең әрі жаңашыл жобалар белгілей алғаны үлкен мерей. Бұдан әрі тағы да нақтылай түсер болсақ, биылғы тәуелсіздіктің жиырма жылдық мерекесі жылы іске қосылатын инвестициялық жобалардың арасында мұнай-газ өндірісіне қатысты бір жоба таба алар ма екенсіз? Таба алмайсыз. Қараңыз: құю цехын технологиялық тұрғыдан жаңғырту, оңайлықпен сынбайтын сапалы әйнек шығару, матор майы өндірісін ұйымдастыру, шұжық зауыты мен құс фабрикасы, шошқа фермасы құрылыстары, ұн-кондитер тағамдары, полиэтилен трубалар өндірістері. Міне, осылай жалғасып кете береді. Экономиканы әртараптандыру дегеніміздің бір мысалы осы. Осы инвестициялық жобалардың арасында металды балқыту-жаймалау өндірісінің шоқтығы биік. Қазақстандықтар мұндай өнімдерді түгелдей дерлік таяу және алыс шетелдерден тұтынып жүргені белгілі. Оның басым бөлігі Ресей мен Украинадан жеткізіледі. Осынау импортталған тауарлар кей жағдайларда бәсекелестік пен сапа талаптарына сәйкес келмей жатады. Мұндай жағдайда алдағы жылы Орал өңірінде іске қосылатын металл балқыту және жаймалау өндірісі аспанға шапшыған осы импорт үлесін әжептәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге осы тектес сапалы отандық өнімдермен ішкі рынокты қамтуға жол ашылмақ. – Орал қаласы жағрафиялық тұрғыдан өте ұтымды орналасқан. Ол біз үшін Ресейдің Еуропалық бөлігіне апаратын қақпа, ал Еуропа үшін Азияға ашылатын кілт іспеттес. Сонымен бірге еліміздің батысындағы Қазақстанның осы көне де жаңа қаласы Ресейдің бес бірдей облысымен шектеседі. Бұған дейін де белгілі осы ерекшелікті қайталап отырған себебім – қалыптасқан осындай географиялық жақындық шығарылған өнімді Қазақстанның барлық аумақтарына қоса таяу шетелдерге де тасымалдау тиімді екенін көрсетеді. Жобаның алғашқы жетісі 2008 жылы қазан айында пайдалануға берілді. Биыл балқыту пештері мен дайындамаларды үздіксіз құю желілері орнатылмақ. Бұл жөнінде түрік компаниясымен келісім-шартқа қол қою белгіленіп отыр. Аталған келісімнің екінші бір тармағы негізінде қазақстандық мамандарды Түркияда оқыту мәселелері қарастырылған, – деді газет тілшісіне аталған инвестициялық жобаның жетекшісі Демеу Дүйсенғалиев. Жобаның құны – бір миллиард отыз миллион теңге. Металл балқыту – жаймалау өндірісі биылғы жылдың қыркүйек айында іске қосылмақ. Сонымен бірге аталған жоба шеңберінде жүзге тарта жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Темір ҚҰСАЙЫН. Орал.Ақтау портының аумағы ұлғая түседі
2010 жыл маңғыстаулықтар үшін толағай табыстар жылы болды. Индустрияландыру бағдарламасына сай жоспарланған жалпы құны 45 млрд. теңге болатын 9 ірі жоба іске асты. Ол жобалар Каспий теңізінің қазақстандық бөлігін игеруді жеделдете түсуге игі әсерін тигізетін кәсіпорындар деуге болады. Атап айтсақ, олардың ішінде «Балықшы» серіктестігіне қарасты «Теңіз операцияларын қолдау базасы», «Баутин кентіндегі шағын кемелерді жөндеу зауыты», «Теңіз Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі іске қосқан металл құрылғылар зауыты, сондай-ақ «Атырау Флоулайн» серіктестігі іске қосқан құбырлар өндіру зауыты. Ал енді алдағы мерекелі жылы алар асу одан да биік. Бұл жылы жалпы құны 3,1 трлн. теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асады. Солардың бірі – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен өмірге келген «Жер-Теңіз-Аспан» ұзақ мерзімді мегажобасының құрамына кіретін «Ақтау теңіз сауда порты» Еркін Экономикалық аймағындағы нысандар құрылысы. Яғни, 2011 жылы Ақтау портының аумағы солтүстік бағытта ұлғая түспекші. Кәсіпорынның басшысы Берік Уандықовтың айтуынша ұжым бұл жылы жемісті жұмыс жасаған көрінеді. Айталық, алдыңғы жылмен салыстырғанда, металл тиеу көлемі 13, паром тасымалы 2,5, контейнерлік тасымал көлемі 3 есе өскен. Жалпы осы жылы 12 млн. тоннаға жуық жүк тасымалданыпты. Бұл табысты жетістік тауар айналымының ұлғаюы мен іскерлік байланыстар нәтижесінде келген десек, биылғы жылғы табыстар мөлшері Ресей мен Қытайдан жүк транзитін дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның батысындағы мұнай-газ секторының қарқыны мен өз өлкеміздегі ірі жобалардың жүзеге асуына байланысты болмақ. Биыл Республика Үкіметі Ақтау портын солтүстік бағытқа кеңейту жолымен «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» кәсіпорнының өндірістік қуатын ұлғайту туралы» шешім қабылдады. Соған орай, аталмыш жобаны жүзеге асыру жұмыстары қарқын ала бастады. Бұл жобаны «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамы қаржыландырып отыр. Бұған дейінгі біраз жұмыстар кәсіпорынның өз қаражатымен жүзеге асты. Атап айтсақ, «Кемелерді теңіз толқындарынан қорғау ғимараты» жүк терминалдары салынды. Ал биыл Үкімет шешіміне сәйкес теңіз түбін тереңдету, бірнеше құрғақ жүк терминалдарын, бір астық терминалын салу концессиялық негізде жүргізілмекші. Сондай-ақ, Ақтау портында халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келетін қызмет түрлерін көрсетуді жетілдіру шаралары алынуда. Осы жылы ИСО 18001 кәсіби қауіпсіздік және денсаулық менеджменті жүйесі енгізілді. Жобадағы біраз жұмыстар солардың ішінде Каспий теңізіндегі ірі гидротехникалық құрылыс «Толқын тойтарғыш» нысаны 2011 жылы маусым-шілде айларын аяқтап пайдалануға берілмекші. Сөйтіп, мерекелі жылы Ақтау теңіз портының аумағы одан әрі ұлғайып, қуаты кемелдене түсетін болады. Жоламан БОШАЛАҚ. Ақтау.Өңірге өң беретін төрт нысан
Оның жалпы құны 17, 3 миллиард теңгені құрайды
Биылғы жылы халықты қандай жақсылықтарымен қуантпақ? Осы сауалға жауап іздегенде, биыл облыстың экономикалық-әлеуметтік әлеуеті нығайып, жүзеге асырылатын жобалар саны көбейе түсетінін байқадық. Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мәліметтеріне сүйенсек, 2011 жылы жалпы құны 17, 3 миллиард теңгені құрайтын бірнеше жоба іске қосылмақ. Бұл жоба жүзеге асырылған жағдайда өңірде 750 жаңа жұмыс орны ашылады. «ACIG» АҚ – Хантау бекетінде қуаты 500 мың тонна цемент зауытының құрылысын сәтімен аяқтап, сән-салтанатымен іске қоспақшы. Жобалаушылар алдағы уақытта зауыттың қуаттылығын жылына 1 млн. тонна цемент өндіруге жеткіземіз деп сендіріп отыр. Жобаның құны 8 250,0 млн. теңге. Өткен жылдың 1 желтоқсанында бұл қаражаттың 5 320,0 млн. теңгесі игерілді. Қалған қаржы биыл толықтай жұмсалып, зауыттың алғашқы өніміне де қол жетпек. Ал «Жамбыл Құс» ЖШС Байзақ ауданында құны 6000,0 млн. теңге болатын «Құс фабрикасы құрылысының» жобасын жүзеге асырмақшы. Бұл жоба іске қосылған кезде ауылдық жерден 250 жұмысшы орны ашылады. Инвестициялық жоба – Германия кәсіпкерлерімен бірлесе отырып қолға алынуда. Ол үшін арнайы «Kazakh German Production» БК» кәсіпорыны құрылған. Аталмыш кәсіпорынның тағы бір жаңалығы – «ЕМF» технологиялық жабдығы арқылы сағатына 2000 тауық етін түбегейлі өңдеу болмақ. Жабдық құны – 123,9 миллион теңге. Сонымен бірге, Испанияның «EXAFAN» компаниясы арқылы құрама жем өндіретін зауыттың құрылысы да қолға алынуда. Бұл зауыт сағатына 10 тонна құрама жем дайындайтын болады. Зауыт құны – 98, 5 миллион теңге. «SUPER PHARM» ЖШС медициналық киім-кешектер мен мата емес материалдардан бір рет қана пайдаланылатын бұйымдар жасайтын жобаны қолға алмақшы. 50 адам жұмыс істейтін жаңа кәсіпорын жобасының құны 520 миллион теңгеге бағаланып отыр. Сондай-ақ, «Луговой жылқы зауыты» ЖШС 30 000 бас «талпақ танауды» жаңа технологиямен бордақылауға арналған кешеннің құрылысын аяқтамақшы. Бұл жобаның құны – 2,5 млрд. теңге. Құрылыс жұмысы 2008 жылы басталып, бүгінде екпінді қарқынмен жүріп жатқан жобаны ғылыми-техникалық жетістіктер кеңінен қолданылатын «мини-кластер» деуге де болғандай. Алдағы уақытта 150 адамды жұмыспен қамтитын жоба «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылуда. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.Денсаулық басты назарда
Бүгінде облыста 34 аурухана, 166 амбулаториялық-емханалық ұйым, 485 медициналық қосын бар. «Жол картасы» бойынша оларды жөндеуге бір миллиардтай теңге жұмсалды. Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 12 миллиард теңгені құрады. Барыс жылының басты жаңалықтарының бірі – Елбасы Н.Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болғанда бір ауысымда 500 науқасты қабылдайтын емхананың құрылыс жұмыстары барысымен танысуы десек, Нұрсұлтан Әбішұлы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша бой көтеріп жатқан жаңа үлгідегі нысанды аралап көріп, медицина ұйымдарына 4 жеңіл көлік сыйлаған болатын. Құрылыс жұмыстарына 1 миллиард 361 миллион теңге, медициналық құрал-жабдықтар алуға 252 миллион теңге бағытталған емхана 1 қаңтардан бастап өз жұмысын бастап кетті. Осылайша жылды ойдағыдай аяқтаған медицина саласы өкілдері алдында тың міндеттер, асқаралы асулар тұр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшыларының айтуынша, аталмыш бағдарлама аясында жылына 10 мың литр қан плазмасын өндіретін қан құю орталығы пайдалануға берілсе, биылғы жылы тағы екі нысан іске қосылмақшы. Олар шалғайдағы елді мекендерде орналасқан. Оның өзіндік себебі жоқ емес. Қызылжар өңірінде жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік ауруына шалдығушылар көп. Өкпе дертімен ауырушылар арасында да ауыл тұрғындары жиі кездеседі. Осы жайттар жан-жақты ескеріліп, тиісті орындар туберкулезге қарсы күрес жөніндегі екі ауданаралық диспансер салуға шешім қабылдаған болатын. Бұл нысандар «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасына енгізіліп, республикалық бюджеттен әрқайсысына 1 миллиард 483 миллион теңге қарастырылған болатын. Бір ауысымда 90 адам қабылдайтын 100 орынға арналған диспансерлер Жамбыл және Ғ.Мүсірепов аудандарында бой көтеруде. Аймақ басшысы Серік Біләловтің бастамасымен қолға алынған «Ұрпақ қоры» бағдарламасы да биыл өз жалғасын табатын болады. Кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға қаржылық қолдау жасау мақсатымен банктен депозит ашылып, алғашқы жарна ретінде әр сәбиге 1500 АҚШ доллары құйылады. Қазірдің өзінде мұндай құрметке 50 отбасы ие болды. Жасыратыны жоқ, облыстың денсаулық сақтау саласы жоғары білімді мамандарға әлі зәру. Мәселен, республика бойынша әрбір 10 мың тұрғынға шаққанда 30,8, облыста 22,8 дәрігерден келуі біраз жайтты аңғартса керек. Яғни, өңірде әлі 320 дәрігер жетіспейді деген сөз. Бұл орайда, тығырықтан шығу жолдары жіті ойластырылған. Өткен жылы 215 медицина қызметкерлері жайлы баспаналармен қамтамасыз етілсе, бұл шара биыл да жалғасып, дәрігерлер үшін 2 ипотекалық және коммуналдық үйлер салынуда. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.Ауыл тірлігі жақсарады
Ассалаумағалейкум, ақ үміттер жылы! Өткен мен кеткенге ой жүгіртсек, сапарымыздың оңдығын, жауапкершілігіміздің молдығын байқаймыз. Дәл қазір астаналық Ақмола облысы алақай көңіл құшағында! Сәл өзгертіңкіреп айтсақ, «Ескі жылымыз есіркеп, Жаңа жылымыз жарылқайтынына» сенімдіміз. Өткеннен өрнек болсынның ыңғайымен екі ауыз сөз айталық. Елбасы елдің күш-қарымының артқандығына орай бұрын болмаған үлкен үрдіс бастады. Өңір индустриялық-инновациялық үдемелі дамудың 625 миллиард теңгелік 24 жобасын қолға алды. Оның 15-і былтырғы жылы табысты межесіне жетіп, игілік төгуде десек, бүгінде облыс Елбасының айрықша тапсырмасы – Астананың агломерациялық әлеуетін арттыру мәселесімен белсенді түрде айналысуда. Бұл аймаққа Ақмоланың 20 елді мекені енген. Бұл ауылдардың әр қайсысының тұрғындар саны 2,5 есеге өсті. Сондықтан, елді-мекендерді көркейту, онда заманалық тұрмыстық, мәдени және өндірістік шаралар кешенін орнықтыру, жаңа жұмыс орындарын ашу мемлекеттік саясаттың басым бағыттары қатарында қарастырылуда. Осыған сәйкес жаңадан 6 мектеп, 7 балалар бақшасы, басқа да әлеуметтік-өнеркәсіптік нысандар бой көтеріп, 8520 шақырымдық электрмен қамту желілері, коммуналдық инфрақұрылымдар қатарға қосылмақ. Ақмола облысының индустриялық-өнеркәсіптік қарымы негізгі алты салаға шоғырланған. Қазіргі таңда мұндағы 2900 шаруашылық нысанында 40 мыңға жуық адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылып отыр. Мемлекеттік бағдарлама көп сатылы нұсқамен жалғасын таба бермек. Мәселен, биылғы жылғы жобалар негізінен импортты алмастыру бағытын ұстанады. Қазірдің өзінде Еңбекшілдер ауданындағы бордақылау кешеніне «Ангус», «Герефорд» селекциялық тұқымының 327 бас құнажыны жеткізілді. Жалпы құны 3666,4 миллион теңгелік кешенде 5000 ірі қара мен әрқайсысында 1000 бас сиыр ұсталатын алаңдар жедел қарқынмен салынып жатыр. Мұндағы инфрақұрылымдар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылады. Ақкөл ауданындағы көп ауқымды кешен мен «Щучье сүт зауыты» ЖШС да осындай бағытта дамытылмақ. Осы үш жоба Қазақстанда бірінші рет қолға алынған, айрықша қадам екендігін атап өту лазым. Аршалы ауданындағы Жібек жолы ауылында 600 орындық мектеп, 90 орындық балалар бақшасы, қиыршық тас зауыты іске қосылмақ. Сондай-ақ, Астрахан ауданындағы «Острогорский» ЖШС бордақылау алаңын қосып есептегенде, облыстың агроөндірістік кешенінің экспорттық мүмкіндігі еселеп арта түсетініне сенім мол. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы.Бозшакөл даласы жаңарады
Басқан жерің тас-көмір, кен-қазба байлық Екібастұздың аты байырғы Бозшакөлдің кең даласымен де жұртшылыққа жақсы таныс. Қасында осы аттас көлі бар кен орны кеншілер қаласынан 90 шақырым жерде орналасқан. Осы жердегі Төртқұдық ауылы кен орнын игеруге келетіндерден хабардар. Кең далаға енді «Қазақмыс» сияқты аты әлемге белгілі компания бет бұрғанын да айта кеткен жөн десем, алдағы жылы өндірісті өңірде инвестициялық жаңа жоба – Бозшакөл кен байыту комбинатының құрылысы басталмақ. Бұл жайында биыл облысқа келіп кеткен «Қазақмыс» копорациясы директорлар кеңесінің төрағасы В.Ким мәлім еткен болатын. Сөйтіп, Кеңес өкіметі кезінде жоспарланған кен орны енді нақты нәтижеге қол жеткізбекші. Ал, қазір қазба байлығы бар қай жерден кен өндіреміз десек те, уақыт талабы, жаңа заман технологиясы бұған мол мүмкіндік тудырып отыр. Елімізде кен бар жер игерілмей қалмайды. Сөйтіп, облыс әкімдігі Елбасы Жолдауында тапсырылған жедел индустрияландырудың тағы бір кезеңін алдағы жылы осылайша қолға алатын болып отыр. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңге. Жоспар бойынша бұл комбинаттың құрылысы 2014 жылы аяқталады. Бұл жобаның ең бір ғаламаты сол, кен байыту комбинатының құрылысына 4500 адам жұмысқа тартылмақ. Бұл Екібастұз, Павлодар, Ақсу қалаларының, Баянауыл, Май аудандарының жастары мыс комбинатының құрылысын салуға үлсе қоса алады деген сөз. Ал, кен орнын ары қарай игеру барысында 1500 маманға тұрақты жұмыс орны ашылады. Өндіріс мамандары комбинаттың жұмыс жасауына Екібастұз ГРЭС-1 стансасы өндірісі мен Шідерті су қоймасының қоры пайдаланылады деп отыр. Екіншіден, Бозшакөл кен байыту комбинаты алдағы жылдары Жезқазған және Балқаш металлургиялық зауыттарын да шикізатпен қамтамасыз етеді. Болжам бойынша, мұндағы мыс пен концентрат 39 жылға жетеді. Үшіншіден, кеніштің ары қарай қарқынды жұмыс жасауы үшін бұл жерде геологиялық барлау жұмыстары жалғасады. Бұл күндері «Қазақмыс» корпорациясы өздері өндіретін мыстың 80 пайызын басқа елдерге экспорттайтын көрінеді. Компания Ресей, Қытай, Еуропа елдерінің нарығында белсенді жұмыс жасап келеді. Алдағы уақытқа жоспарланып отырған Бозшакөл кен-байыту комбинатының құрылысының, іске қосылуы – облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал жасайды. Және де алып комбинаттың айналасында облыстағы шағын және орта кәсіпкерліктің топтаса алатыны да сөзсіз. Бұл Елбасы бастамасына орай қазақстандық үлесті арттыру мәселесі және корпорация өздері сатып алатын тауарлар мен қызметтер үлесін барынша арттыруды қолдап отыр. Ал, Бозшакөлдің кең даласын игеруді құп алғандары үшін облыс басшылығы «Қазақмысқа» алғыстарын білдіруде. Іске, сәт жаңа жоба! Фарида БЫҚАЙ. Павлодар.Жаңа мектептер көбейеді
Соңғы он жылда Атырауда халықтың саны едеуір көбейді. Соған орай мектепке баратын бала саны арта түсуде. Ал бұрынғы мектептер тарлық ететіні байқала бастады. Тіпті апаттық жағдайдағы мектептер де жоқ емес. Міне, осының бәрі Елбасының “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасының шеңберінде біртіндеп жаңарып жатыр. Бұрнағы жылы да, былтыр да жаңа білім ордалары есік ашқан еді. Биыл да солай болмақ. Облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Клара Мұқашкерееваның айтуынша, жыл аяғына дейін 4 мектеп құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Заман талабына сай бой көтеріп жатқан мектептер тек өңір орталығында ғана емес, алыстағы аудандарда да берілмек. Мәселен, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында және 624 орындық жаңа білім ордасын салу жоспарланған. Өйткені, осы ауданда сабақты үш ауысым өткізетін мектептер әлі де кездеседі. Атырау қаласының іргесіндегі Геолог-2 ауылында да осындай білім ордасы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Сонымен бірге, Индер ауданының орталығында және Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында әрқайсысы 300 орынға есептелген мектептер бой көтереді. – Біздің өңірде салынатын жаңа мектептердің құрылысы республикалық бюджет арқылы қаржыландырылады, – дейді басқарма бастығының орынбасары Клара Мұқашкереева. – Сонымен бірге, Аджип ҚКО компаниясының қаржысына қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінің 220 орындық ғимаратын салу жоспарланып отыр. Бұл лицейге қосымша 250 орындық жатақханасы қоса салынады. Өңірде жергілікті бюджет қаражатына да мектептер құрылысын жүргізу қолға алынбақ. Сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбие орындарын көбейтуге назар аударылып отыр. Қазір Атырау және Құлсары қалаларында 280 орындық балабақшалар құрылысы жүргізілуде. Биыл осы қалаларда тағы да әрқайсысының бала қабылдау мүмкіндігі осынша балаға арналған балабақшалар салынатыны әбден пысықталған. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.Концерттік зал еңсе тіктейді
Бүгінде кеншілер қаласының бір бөлігінен екінші бөлігіне бірер айды араға салып бара қалсаңыз, адам танығысыз өзгерістер алдан шыға келеді. Әсіресе, Байдәулет шоқысына қарай қанатын кеңге жайған аймақта сәні бірінен бірі асқан зәулім ғимараттар шоғыры көз тартып, сүйсіндіреді. Шаһардың болашақ орталығына айналып келе жатқан бұл тұста жаңа нысандардың айдан-айға қаулап өсуі бөлек. Сәулеттік өнердің үздік үлгілері қолданыс тапқан олардың алды жаз айында, соңы еліміздің ең мерейлі мерекесі қарсаңында айналасын одан сайын жарқыратып, жайнатқалы тұр. Осы нысандардың қатарында мешіт ғимараты құрылысы қыстың қыраулы күндеріне қарамастан қызу жүргізілуде. Бұрынғы асығыс салынған және тарлау мешіттен көркемдік те, кеңдік жағынан да аса айрықша, оның орналасқан орны да қаланың көрнекті тұсы. Жоғарыда аталған аймақта бой көтерген жас саябақтың дәл төріндегі ол еңселене алыстан көзге түспек. Қала көркіне көрік қосар ғимараттардың бірі бокс сарайы деуге болады. Былғары доптың талай саңлақтарын ұшырған ұяға осындай орталық қажеттігі көптен бергі ой еді. Күш-қабілет нығайған шақта оны іске асыруға мүмкіндік туған болатын. Сарайдың сыртқы бейнесінен-ақ онда не орын тепкені бірден аңғарылады. Боксшының қос қолғабын елестетерлік кескіндегі ғажайып ғимарат ішінде жарыстар дүбірінің алысқа жаңғырар күні алыс емес. Жалпы осы 2011 жылда сән түземек нысандардың біразы спорт саласына арналған. Бұл спортшыларды бір қуантса, жанкүйерлер қауымын екі куантып отыр. Теннис орталығы, мұз айдыны құшағы әр қарағандылыққа айқара ашылмақ. Қала келбетін келістіріп, шырайын ашар сәнді ғимараттардың сапынан концерттік залды бөле айтуға тұрарлық. 3 мың орындық мәдениет ошағында бұдан былай қарай саз өнерінің қай түрін де еркін көрсетуге мүмкіндік бар. Қоян жылының қала көркіне әкелер тағы бір тартуы – халқымыздың даңқты тұлғаларының ескерткіштері басты көшелерде бой көтереді. Абай, Бұқар жырау, Сәкен Сейфуллин, Ғабиден Мұстафин мүсіндерінің қатарына қаз дауысты Қазыбек би, Қаныш Сәтбаев, Қасым Аманжоловтың қоладан құйылған бейнелері қосылады. Бас жоспар бойынша салынып, көрікті шаһарға айналуды алға қойған Қарағанды бүгінде жасару, жайнау үстінде. Тәуелсіздіктің 20 жылдығын әсем сәнмен қарсы алу бұл күндегі басты мақсат. Сондықтан іске қосылатын негізгі нысандар ұдайы назарда. Облыс, қала басшылары кезекпе-кезек оларды әр апта сайын аралап, талап деңгейінде салынуын қадағалайды. Соған орай құрылыс қарқыны ойдағыдай өрістеп отыр. Жаңарудың, өркендеудің жарқын нышаны Қарағандыда осылайша күннен-күнге жарқырай көріне түсуде. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.Келешегі кемел кешен
Ақтөбе өңірінде өнеркәсіп жедел де қарқынды дамып келеді. Жыл сайын көптеген жаңа кәсіпорындар іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылуда. Сондықтан да өңірде жұмыссыздық деңгейі анағұрлым төмен. Қайта көптеген жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына лайықты табыстармен баруды мақсат еткен облыста жаңа 2011 жылда кішігірімдерін есептемегенде 20 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Бұлардың бәрі де үдемелі инвестициялық-инновациялық жобаларға жатады. Оларға 80 миллиард теңге инвестиция салынады, 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Осы жобалардың ішінде ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында пайдалануға берілетін «Kazcopper» ЖШС салып жатқан кен өңдеу және катодты мыс өндіретін кешен бірегей кәсіпорын болып табылады. Бұл кешен Әйтеке би ауданындағы Бенқала кенішінің кенін пайдаланатын болады. Оның қоры 2 млн. тонна деп болжануда. Осы кеніш кенінің құрамынан мыстан басқа гидрометаллургия өндірісіне қажетті екінші кенді де өңдеуге болады. Мұндағы кеннің сапасы еліміздегі Қоңырат, Ақтоғай, Айдарлы, Көксай кеніштерінің мыс кенімен пара-пар көрінеді. Кен орнына 6 шақырым жерден темір жол және қатты жамылғылы автомобиль трассасы өтіп жатыр. Жақын маңда темір жол стансасы бар. Бұл кешен өнімдерін тасымалдауға қолайлы. Өндіріске қажетті суды жер астындағы мол су көзін игеру арқылы қамтамасыз ету көзделуде. Мұнда вахталық поселке, өндірістік ғимараттар, жөндеу шеберханалары салынады. Жобаның жалпы құны 7385,0 млн. теңге тұрады. Кешеннің жылдық қуаты 7000 тонна катодтық мыс өндіруге мүмкіндік беретін алғашқы кезегі биылғы жылы іске қосылады. Кешен құрылысын салу кезінде 400 адам жұмыс істесе, жоба пайдалануға берілгенде 500 жұмысшы тұрақты еңбек етеді. 2012-2014 жылдары кешеннің жылдық қуатын 20000 тоннаға жеткізу көзделуде. Кәсіпорында мыс өндірудің сұйық экстракция және электролиздік (SX-EW) жоғары технологиясы пайдаланылатын болады. Мыс кенін сілтісіздендіруді және SX-EW технологиясын қолдану еліміздің аумағында бұрын-соңды болған емес. Жобаны жүзеге асыру жыл сайын бюджетке 400,0 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы түсіруге, жоғары қосымша құнды өнеркәсіптік мақсаттағы түпкі өнімнің үлесін көбейтуге мүмкіндік береді. Жобаны жүзеге асыру аясында техникалық-экономикалық негіздемелері жасалды, жобалық-сметалық құжаттары бекіту сатысында. Жобаны жүзеге асыру басталғаннан бері 2606,54 млн. теңге игерілді. Қазір кен өңдеу және катодтық мыс өндіру кешені құрылысын мерзімінде және сапалы аяқтаудың тиянақты дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл нысан жергілікті биліктің бақылауында болмақ. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.Сырты сәулетті, іші қазына театр ғимараты
қостанайлықтардың игілігіне айналады
Асылы, Қостанай қазақ театр өнерінің алдында «ұятты» болатын. Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов және Қапан Бадыров сияқты қазақ драма театрының шаңырағын көтерген үш бәйтеректің кіндік қаны тамған жерде Кеңес Одағы жылдары хас өнер ұмыт қалды. Аяқ асты болған салт-дәстүріміз, тіліміз бен дініміз Тәуелсіздіктің арқасында көктемгі алма ағашындай шешек атқан тұста сусаған көрермен театр жөнінде жиі мәселе көтерді. Сонымен 2000 жылы ғана Қостанайда тұңғыш рет қазақ драма театры ашылды. Ол кезде, әрине, жоспарлы экономиканың нарыққа көшуінен әбден қалжыраған шаруаның бойын тіктей қоймаған кезі болатын. Театр үшін арнайы ғимарат салу ойда болғанымен, бүйірі бос бюджет қоржынының мұршасы келмеді. Сондықтан қаржы болмай тарап кеткен облыстық Мәдениет үйінің босаған ғимаратын сылап-сипап жөндеп, драма театр еткен еді. Бүгінгі күн талабы тұрғысынан қарағанда, бұл ғимарат театр талаптарына жауап бере қоймайды. Өткен 2010 жылы республика бюджетінен 2 миллиард теңгеден аса қаржы бөлініп, Қостанай қаласының орталығынан қазақ театрына арналған жаңа ғимараттың іргетасы қаланды. – Театр ғимаратының жобасын ресейлік архитекторлар жасады. Олар театр үйлерін салып жүрген, оның ерекшелігін білетін кәнігі мамандар. Микрафонмен дауысты күшейтіп айту театрға жат нәрсе. Көрермен сахнадағы актердің өзінің табиғи дауысын ғана естіп отыруы керек. Сондықтан ресейлік сәулетшілер көрермен залын 300 орыннан асырмады. Ал кіші залдағы орын 120 ғана, – дейді І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлебай. Театрдың жаңа ғимараты жобасының компьютерлік нұсқасы үлкейтіліп, Қостанайдың орталық көшесіне ілініп қойылған. Болашақ театр үйінің сыртқы сәулеті қазақ аруының сәукелесін елестетеді. Мамандардың айтуынша, театрдың мұндай сәнді ғимараты Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінің өзінде кездеспейтін көрінеді. – Болашақ театр үйінде актерлерге барлық жағдай болады. «Театр киім ілгіштен басталады» деген қанатты сөзді сәулетшілер жақсы ұстанған. Актерлердің әрқайсысы үшін әрлеу бөлмесі, демалатын орындар, қойылымнан кейін жуынатын орындарға дейін бар. Төрт қабаттан тұратын ғимараттың төменгі жертөлесінде қойма, көлік тұратын орындарға дейін қарастырылған. Ал көрермендер актер өнерін тамашалап, рухани байып кететін болады, – дейді театр директоры Нұрлан Ерекешов. Қазан айында облыс басшылығы, қаладағы зиялы қауым өкілдері жиналып, театрдың жаңа ғимаратының құрылысын салтанатты түрде бастаған болатын. Облыс әкімі Сергей Кулагин көпшілік алдында театрдың құрылысы 2011 жылдың ортасында аяқталатынын жеткізді. Күзге қарай қостанайлық көрермендер жаңа театрда жаңа қойылымдар көретін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.Ірі спорт ошағы салынуда
Спорт – бүгінде үлкен саясатқа айналды. Мемлекеттің беделі, әлемдегі орны, экономикалық әлеуетінің де көрсеткішіне айналып келеді. Бұл шындық. Сондықтан да Қытай мемлекеті Бейжіңде олимпиада ойындарын өткізгенде бұрынғы ойындарға қарағанда, қаржыны төрт-бес есе артық салды. Қытайдың онсыз да экономикасының қарыштап өсіп келе жатқанын білетін дүние жүзі мемлекеттері осы жолы толық мойындап қайтты. Дүние жүзінде көшбасшы елдердің бірі болуды жадынан еш шығармайтын Ресейде қысқы олимпиадалық ойындарды Сочиде өткізуге қол жеткізген еді. Енді 2018 жылы футболдан әлем чемпионатын өткізу құқығын жеңіп алды. Ресей жарнама талап етпейтін мемлекет. Бірақ, ұлт беделін асқақтатып, ұлттық рухты көтеру, қалғыған сананы сілкіндіру, дүние жүзіне өз әлеуетін көрсету үшін де осындай ірі қимылдар керек. Мемлекетке үлкен шығындар әкелсе де Ресейдің мемлекет басшылары тәуекелдің қайығына мініп отыр. ЕҚЫҰ-ның төрағасы болып, Ақордада әлем мемлекеттері басшыларын жинап, Саммит өткізген, барша әлемге мәшһүр болған Қазақстан да қысқы Азия ойындарын өткізбек. Жарыс өтетін спорт кешендері тас-түйін дайын. Дайындықты Елбасымыздың өзі барып көріп, көңілі толды. Әйтсе де, бізде жазғы ойындар өтетін спорт кешендері әлі де түгенделген жоқ. 2009 жылы Иранда ескек есу спортынан өткен Азия чемпионатында қазақстандықтар бәйгеге тігілген 12 алтынның 8-ін елге алып қайтқан еді. Бір жылдың ішінде жағдай қалай өзгергенін Гуанчжоуда өткен Азияда ойындары көрсетіп берді. Қазақстан каноэ мен байдаркадан бір алтын ала алмағанда Өзбекстан құрамасы бір күнде 3 алтын алды. Себебі, Ташкентте ескек есуге арналған жеке каналы бар. Самарқаннан және салдырып жатыр. Ал, бізде бірде-бір канал жоқ. Осы жерде ойласатын бір мәселе, бізде жақсы дүние болса Астанаға тыққыштай береді. Бұл дұрыс та шығар. Бірақ, ескек есу каналы, жеңіл атлетика манежі, оқ ату алаңдары, триатлон, велошоссе, велотрек, көгалдағы хоккей, регби, жағажай волейболы сияқты спорт түрлеріне арналған спорт кешендері алты ай арқыраған қысы ат үстінен түспейтін Арқада емес, жыл он екі айдың екеуінде ғана қар жататын, табиғаты жылы, көкөнісі мол оңтүстік өңірлерге салынғаны жөн дер едік. Оңтүстік осы шаруаны бастап кетті. 2011 жылы халықаралық стандарттарға сай жеңіл атлетика манежі мен 50 метрлік жүзу бассейні пайдалануға берілмек. Үлкен теннис корттары салынып жатыр. Бұл – спортшыларымыз үшін үлкен жеңілдік, еліміз үшін халықаралық жарыстарда мерей көтеретін спорт тойы, мемлекет беделі. Бақтияр ТАЙЖАН. Оңтүстік Қазақстан облысы.