Алайда, алаяқтарға алданғандар саны 700-ден асады
Тегін жатқан ештеңе жоқ. Тегін жем тек тышқанға құрылған қақпанда ғана болуы мүмкін. Алайда, арзан дүние деп, алаяқтарға алданушылар саны әлі де азаяр емес. Бір қызығы, алданушылардың көбі көзі ашық, жоғары оқу орнын бітірген сауатты адамдар. Соған қарамастан, алаяқтар құрған қақпанға түсіп, қапы қалып жатады. Осы орайда, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті экономикалық тергеу қызметінің көлеңкелі экономикаға қарсы күрес басқармасының қызметкерлері талай адамды жер соқтырып, алаяқтықпен айналысқан тағы бір ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесті.
Олар 2014-2015 жылдары екінші дәрежелі банктен несие алған клиенттерді (негізінен жеке тұлғаларды) тартқан. Тартудағы мақсат – несие алушылар алған несиенің 30-дан 80 пайызға дейінгі мөлшерін (қарыздарды жабатын уақытына байланысты) «Фин Статус» ЖШС-ге аударған жағдайда, алған несиесінің уақытында жабылуына кепілдік берген. Ал несиені жабу схемасын жаппай түсіп жатқан ақшамен бірте-бірте кезекпен жабу арқылы алдаған. Осылайша, қаржылық пирамида құрылады. Яғни, алғашқы келген клиенттердің несиесін уақытында жабу арқылы сенімге кірген. Содан кейін мұндай алаяқтық схемаға алданғандар саны өз-өзінен көбейе берген.
Бүгінгі күні ұйымдасқан қылмыстық топтың алдауына ұрынған салымшылар саны 700-ден асып кетіп отыр. Ал несиелік салымның мөлшері жарты миллиард теңгеге жетті, деп мәлімдеп отыр Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі. Бұл ақшалар қылмыстық топтың есепшоттарына аударылып, содан кейін қолма-қол ақшаға айналдырылып отырған. Қазіргі уақытта қаржылық пирамиданы құрушылардың негізгі ұйымдастырушыларының бірі ретінде Ресей азаматтары ағайынды Ильдар Зиатдинов пен Роберт Зиатдинов соттың санкциясымен қамауға алынды.
Бүгінде қаржылық пирамидаға алданған салымшылардың қаражатын қайтару және қылмыстық топтың басқа да мүшелерін құрықтау үшін тергеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, «Фин Статус» ЖШС-мен сыбайлас болған «Фин Статус Консалт», «Фин Статус дизайн», «Фин Статус Инвест», «МФО Фин Статус займ», «Профит групп», «Эверест финанс» ЖШС-лер қызметі де тексерілуде.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.