«Нұр Отан» партиясының республикалық Сайлауалды штабында болған кезінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев осылай деді
Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отанның» барлық азаматтарға түсінікті сайлауалды науқанын жүргізуі керектігін айтты.
– Шерулету мен жасандылықтың қажеті жоқ. Әрине, бұқаралық үгіт шаралары маңызды, бірақ бастысы бұл емес. Әрбір адамға сөзіміз жетуі, жұмысымыздың мәнін БАҚ пен белсенділер арқылы түсіндіру маңыздырақ. Дабыра ұрандатулар аз, нақты істер көп болуға тиіс. Бұл үшін партиялықтар қоғамның барлық топтарының – ауыл мен қала тұрғындарының, кәсіпкерлер мен зиялы қауымның мұң-мұқтажын білуі және ескеруі керек. Электораттық кезеңді азаматтарымызды топтастыруға, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға қолдану қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті барлық партия ұйымдары мен сайлау штабтары қолданыстағы сайлау заңнамасын және еліміздің Конституциясын қатаң сақтаудың үлгісі бола білуге тиіс екеніне назар аударды.
– Бүгінде сайлауға қатысатын барлық саяси партиялар үшін абсолюттік тең құқық қамтамасыз етілген. Инвестициялар және даму жөніндегі министрлік Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп, барлық саяси партиялар үшін бұқаралық ақпарат құралдарына теңдей қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етуі керек. Алдағы сайлау халықаралық қоғамдастықтың зор қызығушылығын тудырып отыр. Біз барлық шетелдік байқаушылар, халықаралық қоғамдық бірлестіктер үшін ашықпыз және оларға қажетті барлық жағдайды жасаймыз, – деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы Бас прокуратураға қазіргі электораттық цикл барысында заңдылықтың қатаң сақталуын қадағалау, ондай жайттар байқалған жағдайда жедел шаралар қабылдау тапсырылғанын айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев алдағы Мәжіліс және мәслихаттар сайлауларының елеулі тарихи оқиға жылында – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығында өткелі отырғанына тоқталды.
– Осы уақыт ішінде біз бүкіл әлемге танымал табысты мемлекет құрып үлгердік. Менің есіме БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы К.Аннанның сөзі түсіп отыр, ол елімізде болғанда Қазақстанды біздің әлем картасына орналастырғанымызды айтып еді. Шынында да солай. Тәуелсіздіктің бастапқы ширек ғасыры халқымыз үшін қиын шешімдер мен сынақтар жылдары болды. Біз бірнеше дағдарысты табысты еңсердік, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы «Нұр Отанның» 17 жылдан бері Үкіметті құрап, халықты соңынан ертіп келе жатқан және Парламентте көпшілік орынға ие партия екенін еске салды.
– «Нұр Отанмен» бірге Қазақстан көп нәрсеге қол жеткізді. Біздің партия – бүгін не істеу керек екендігін білетін саяси күш. Бір кезде Конфуций: «Халықты басқарғың келсе, оның соңына ер» деген. Біз осы жылдардың бәрінде нақ солай істедік. Біздің терең ойластырылған стратегия және жоспарларымыз бар, біз еліміз тек алға басу үшін қоғамды ұйыстырып, Қазақстанды дамыту мақсатын көздеп отырмыз. Біздің барлық партиялық штабтарымыз орталықта да, жергілікті өңірлерде де қарқынды сайлауалды жұмысын жүргізеді деп сенемін. Бұл үшін ресурстар, кадрлар, миллиондаған жақтаушыларымыздың қолдауы – қажеттінің бәрі бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті біздің ел аясында Қазақстанның көпұлтты халқы тұратын және баршаның тең құқығы қамтамасыз етілген алып шаңыраққа айналғанын айтты.
– Бұл қағидаттар біздің Конституциямызда және заңдарымызда көрініс тапқан, «Нұр Отан» партиясы олардың қатаң сақталуына қол жеткізуі тиіс. Қандай да бір этностың құқығы бұзылуына жол беруге болмайды. Адамзаттың бүкіл тарихында өзінің өзгелерден артықшылығын айтқан бірде-бір ұлт табысқа жеткен емес. Тәуелсіздік тарихы бізді бірлікке, еңбексүйгіштікке, тұтастыққа үйретті, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың қазіргі жас буынының үлесіне тәуелсіз жаңа мемлекетті құру миссиясы тигенін атап өтті.
– Біз керемет елде және керемет кезеңде өмір сүріп отырмыз. Дәл осы жылдар тарихқа кіреді және бұл кезең туралы кітаптар жазылатын болады, біздің міндетіміз – Қазақстанды өзіміз және ұрпақтарымыз үшін шаттыққа толы шаңыраққа айналдыру, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Қазақстан Президенті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сөз арнап, олар барлық кем-кетікті жариялап-көрсету арқылы мемлекетті нығайту ісіне өз үлесін қосуы тиістігін айтты.
– Нағыз патриот – өз елін мақтайтын адам емес, қайта кемшіліктерді көріп, ұнамсыз тұстарды жөндеуге ықпал ететін адам. Сайлау жалпыхалықтық іс болып саналады. Біз дағдарыстан мемлекетіміздегі бірлік пен тұрақтылық арқасында өтіп шыға аламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Мемлекет басшысы қазақстандықтарды жұмылып, алдағы сайлауда дауыс беру арқылы азаматтық борыштарын атқаруға шақырды.
Сайлауалды штаб жетекшісі А.Мырзахметов Қазақстан Президентіне электораттық науқан міндеттерін жүзеге асыру үшін сайлауалды штабтар жүйесі құрылғанын баяндады, оған Республикалық сайлауалды штабы, сондай-ақ, 16 өңірлік және облыстардағы, Астана мен Алматы қалаларындағы 208 аумақтық штабтар кіреді.
Кеңес барысында, сонымен қатар, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры А.Мұсақожаева, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының орынбасары Н.Әлтаев, «Коммерциялық телевизиялық канал» АҚ-тың төл хабарларын тарату жөніндегі директоры А.Платонов сөз сөйледі.
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.