Алда келе жатқан әйелдер мерекесі күні екібастұздықтар қыз-келіншектерді өз қалаларында өсірілетін раушан гүлдерін сатып алып қуаныш сыйламақшы.
Қаладағы «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» серіктестігі маңында орналасқан «Green Нouse KZ» серіктестігінде алып жылыжай кешені ашылды. Жылыжай шыныдан тұрғызылған. Алып станса тұрбаларының түбіндегі кешенде гүлдер де жарыса өседі. Бізде гүл өсіру нарығының бәсекелестігі енді-енді басталып келеді. Екібастұздық раушан да нарыққа төтеп бермек. Әрі Үкіметтің кәсіпорындар жанынан қосымша өндіріс нысандарын ашу туралы тапсырмасы да бар. Жалпы, жылыжайдың құрылысымен голландиялық компания айналысты. Көмірімен аты шыққан қала енді раушан гүлдерімен де атын шығармақ.
Бұл жылыжайда енді голландиялық тәсілмен алқызыл раушан гүлдері өсіріледі. Ал, электр стансасы болса, жылыжайды сумен, электр және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Гүл өсетін кешен толықтай автоматтандырылып, шетелдік құралдармен жабдықталды. Қала әкімі Александр Вербняктың айтуынша, раушан гүлдерін өсіруде жаңа заман технологиясы қолданылады. Қараша айында 5 гектар жерге алғашқы көшеттер отырғызылды.
Гүлдер егілетін алқапқа 5 мВт энергия қуаты жеткілікті көрінеді. Таңғаларлық гүлдер жылыжайының ашылуына облыс әкімі Қанат Бозымбаев қатысты. Әрине, голландия технологиясымен өсірілетін раушан гүлдері көмірлі өңірдің жаңалығы. Бұған дейін Жамбыл облысында Таразда өсірілді. Екібастұздықтар да сапасы голландиялықтан кем болмайтын раушандарды өсіруді қолға алды. Гүл өсірушілердің айтуынша, биологиялық қорғау әдістерін тиімді, дұрыс қолданса, раушан гүлдері Голландиядағы сияқты биік болып өседі екен. Раушан гүлдерін өсірудің тағы бір екібастұздық жаңалығы ол – топырақсыз, суда, тамшылатып суару арқылы арнайы материалда гүл жарады. Алюминийден құрастырылған арнайы қондырғылар 80 пайызға дейін күннен жылу алады.
– Жұмысқа ерекше көңіл-күймен келеміз. Айнала раушан гүлдерінің ортасында жүргеннің өзі бір рахатқа бөлейді. Раушан гүлі күтімді өте қажет ететін нәзік гүл. Уақтылы суарып, жарығын түсіріп, суықтан қорғау керек. Әйтпегенде лезде солып қалады. Жылыжайда екі аптадай өмір сүреді, – дейді гүл өсірушілер.
Ал, жылыжайдың жобалық қуаты жылына 10 миллион дана гүл өсіруге жетеді екен. Тек өткізуін біл. Алаңы 5 га жерді алып жатыр. Раушан гүлдер-еліміздің, Ресейдің нарығына сатылады деп жоспарлануда. Еліміз тұрғындарының гүлдерге деген сұранысы 120 миллионды құрайды екен. Екібастұзда раушан гүлінің жоғары сұранысқа ие «Red Naomi» деген сорты өсіріледі. Яғни, бұл сортты раушан гүлінің сабағы 90 сантиметрге жетеді. Өсімдікті кесіп, жинап алған соң, арнайы тоңазытқыштарда сақталады. Үйдегі гүлсалғыш ыдыстарда 14 күн бойы тұра алады. Жылыжай шаруашылығында қазір 70 жаңа жұмыс орны ашылды. Жобаға 3 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. Жаңа кәсіпорынның басшысы Айтмағанбет Сәрсенбекұлының айтуынша, инвесторлар жылыжай кешенінің аумағын 30 гектарға дейін кеңейтіп, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде инфрақұрылым салуды жоспарлап отыр. Жылыжай кешенін жобалау жұмыстарын голландық «VAN DER HOEVEN» компаниясы жүргізді. Облыста қазір 12 жылыжай бар. Енді Ақсу қаласында қияр мен қызанақ өсіретін жылыжай кешенінің құрылысын салу бойынша инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Инвестициялардың жалпы көлемі 2,4 млрд. теңге.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ЕКІБАСТҰЗ.
Суреттерді түсірген
Валерий БУГАЕВ.