Партиялық тізімдерді тіркеу және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну мерзімі аяқталды
Кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов партиялық тізімдерді тіркеу қорытындылары және мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну барысы туралы брифинг өткізді.
Брифингте ОСК басшысы БАҚ өкілдерін сайлау науқанының аталған кезеңінің жалпы қорытындыларымен таныстырды. Өйткені, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2016 жылғы 19 ақпанда партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі, сондай-ақ, мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталады.
Қ.Тұрғанқұлов атап өткендей, Орталық сайлау комиссиясы 234 кандидатты қамтитын алты саяси партияның тізімін тіркеді. Олардың ішінде 187 немесе 79,9 пайызы ер адам және 47 немесе 20,1 пайызы әйел адам, 233 кандидаттың жоғары білімі бар. Кандидаттың әрбір төртіншісі – инженер, әрбір бесіншісі экономист немесе заңгер. Сондай-ақ, 67 кандидат (28,6 %) мемлекеттік емес меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, 47-сі (20,1%) – V шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары. Тіркелген кандидаттардың орташа жасы – 52 жас, ал олардың ең жасы – 26 жаста, 20 ақпаннан саяси партиялар үшін 18 наурызда сағат 24.00-де аяқталатын сайлауалды үгіт науқаны басталады.
«Осыған байланысты біз сайлауға қатысушы саяси партиялар мен кандидаттарды, сондай-ақ, олардың сайлауалды штабтары мен сенім білдірілген адамдарын «лас» технологияларды қолданбауға және әділ күрес жүргізуге шақырамыз. Өздерінің үгіттік іс-шараларын ашық, әділ және транспаренттік сайлау өткізу үшін тек қазіргі құқықтық алаң шеңберінде жүзеге асырады деген сенімдеміз», – деді Комиссия төрағасы сайлау үдерісіне қатысушыларға бағыттаған сөзінде.
Сонымен қатар, ол сайлау заңнамасының үгіт науқанын жүргізуді реттейтін негізгі ережелерін тағы бір мәрте еске салды. Оның айтуынша, барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс берген тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi жөнінде мәлiметтер болуға тиiс. Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға, үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға және дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады.
Ортсайлауком басшысы үгіт кезеңінде саяси партиялар мен кандидаттардың митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және басқа да сайлауалды іс-шараларды ұйымдастыруына және өткізуіне рұқсат етілетінін де атап өтті. Бірақ, заңнамаға сәйкес осы тәрізді іс-шаралар оларды өткізуге дейін 10 күн бұрын жергілікті атқарушы билік органдарымен келісілуі тиіс. Қ.Тұрғанқұлов, сондай-ақ, «Сайлау туралы» Заңның ережелерін бұзғандарға заңмен белгіленген жауапкершілікке тарту қолданылатынына да назар аударды.
ОСК төрағасы жергілікті атқарушы органдардың үгіт жүргізу кезеңіндегі негізгі міндеттерінің арасында үгіт материалдарын орналастыру үшiн уақтылы түрде орындар белгiлеуді және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандыруды, сонымен бірге, партиялар мен кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай беруді атады. Бұл орайда үй-жайларды беру шарттары барлық партиялар мен кандидаттар үшін бірдей және тең болуы қажет. Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына шығуына, сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуіне байланысты шығындары, сондай-ақ, көлiк және iссапар шығыстары тек сайлау қорларының қаражатынан төленуі тиіс.
Ортсайлаукомның деректері бойынша, бүгінгі күні сайлауға қатысушы алты саяси партияның сайлау қорларына 519 миллион 132 мың теңге түсіпті. Үгіт науқаны кезеңіндегі БАҚ қызметі туралы айта келіп, Қ. Тұрғанқұлов әрбір азаматтың өзінің сайлау құқығын саналы және салмақты іске асыру мүмкіндігі болуы маңызды екенін атап өтті. «Сондықтан БАҚ-тар кандидаттар мен партиялардың сайлау науқанын шынайы, толық және жария етуін жүзеге асыруға міндетті», – деді ол осы жөнінде.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауға келетін болсақ, Ортсайлауком бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну 20 ақпанда басталып, 29 ақпанда аяқталады. «Ал мәслихаттар депутаттарын сайлауда кандидаттарды ұсыну 19 ақпанда аяқталады, – деді Қ.Тұрғанқұлов әрі қарай. – 19 ақпан күнгі сағат 09.00-дегі жағдай бойынша 11 133 кандидат ұсынылды. Осылайша, орташа бәсекелестік бір депутаттық мандатқа үштен астам үміткерді құрады. Ұсынылған кандидаттардың 68,6 пайызы өзін өзі ұсынғандар, қалған 31,4 пайызын саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер ұсынды. 1 617 адам облыстық мәслихаттарға, 126-сы Астана қалалық мәслихатына, 165-і Алматы қалалық мәслихатына дауысқа түседі. Аудандық мәслихаттарға 7 085 кандидат, ал қалалық мәслихаттарға 2 140 кандидат ұсынылды».
ОСК басшысының келтірген мәліметтеріне қарағанда, кандидаттардың 75,1 пайызының жоғары білімі бар. Олардың көпшілігін мұғалімдер, инженерлер мен экономистер құрайды. Мәслихат депутаттығына кандидаттардың орташа жасы – 43,6 жас. Оның ішінде жасы жағынан ең үлкен кандидат 89 жаста екен. Кандидаттарды тіркеу 23 ақпанға дейін созылады, ал 24 ақпаннан бастап мәслихаттар депутаттығына тіркелген барлық кандидаттар үгіт жұмысына кірісе алады.
Брифингте мәслихаттар депутаттығына сайлануға әйелдер ерекше белсенділік танытып отырғаны да аталды. «Биліктің жергілікті органдарының алдағы сайлауына әйелдердің саяси белсенділік танытып отырғанын ерекше атап өткім келеді, – деді ОСК басшысы осы туралы. – Әйелдердің ең көп ұсынылуы Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданы мен Қарағанды облысының Абай ауданында тіркеліп отыр. Осы өңірлерде кандидаттардың үштен екісін әйелдер құрайды».
Брифинг соңында Қ.Тұрғанқұлов сайлау үдерісіне қатысушылар тарапынан, сондай-ақ, байқаушылар, оның ішінде шетелдік байқаушылар тарапынан үлкен қызығушылық танытылып отырғанын атап өтті. Бүгінгі күнге Ортсайлауком еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша 22 елден 52 халықаралық байқаушыны аккредиттепті. «Шетелдік сарапшылардан басқа, алдағы сайлауды тәуелсіз байқауды отандық ҮЕҰ-лар да жүргізеді. Осы үдеріске қатысуға «Қазақстан заңгерлерінің одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Сайлауды бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия және «Заңгерлер – әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігі де ниет білдірді», – деді Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қ.Тұрғанқұлов.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».