20 Ақпан, 2016

Қар құрсауы қысқанда

294 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Снег-Актюбинске-1Ақтөбеде бір тәулікте 250-ден астам адам құтқарылды Ақтөбе өңіріне биыл қыс ерте түсті. Қар­дың түсуі де мол. Ақпан айы да құбылмалы болып тұр. Қазір күшіне мінген аяздың арты жы­лымыққа ұласып жүре береді. Бір сәт шайдай ашылып тұрған күн аяқ астынан бүлініп шыға ке­леді. Үстіміздегі жылғы 17 ақ­паннан 18 ақпанға қараған түні ауа райының бұзылуы салдарынан автокөліктің барлық түрлері үшін күре жолдар жабылды. Біз өңірде қалыптасқан жағ­­дайды білмек болып об­лыс­тық төтенше жағдайлар де­пар­та­ментіне хабарласқан болатынбыз. Де­парта­менттің мем­­­лекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Динара Атыраубаева­ның айтуынша, ауа райының күрт құбылуына байланысты Ақтөбе қаласы мен об­лыс аудан­да­рында телеарналар арқылы жолдардың жа­былуы туралы ақпараттық хабарлар дер кезінде ұйымдастырылған. 17 ақпанда 19.00 сағатта жүр­гізушілер үшін Instagram әлеу­меттік желісіндегі Zello_aktobe тобына елді мекендерден тысқары шықпаулары қажеттігі жөнінде ақпарат жіберілген. Соған қарамастан, тәуекелге бел буып, жол­­ға шыққандар бар болып шықты. Апаттық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде 3 адам құтқарылған, оның біреуі бала. Сондай-ақ, бо­ран­да қалған 12 асыл тұқымды ірі қа­ра құт­қарылған. Осы екі күнде 253 адам эва­ку­ацияланған, оның 16-сы бала. Жылыту пункт­теріне 73 адам жеткізіліп, қар құрсауынан 45 тех­­ника шығарылған. – Апаттық-құтқару жұ­мыс­тарына 149 адам және 90 бірлік техника жұмылдырылды. Жылыту пункттерінде орна­лас­тырылған 73 адам қазіргі кезде қозғалыстарын жалғастырды, оның тоғызы Ре­сей Федерациясының, екеуі Қырғыз Республикасының азаматтары. Олар түгелдей ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Департаменттің жедел штабы жұмысын жал­ғас­тыруда, – дейді Динара Атыраубаева. 18 ақпанда облыс аумағы антицик­лонның ықпалында болды, жел, көк­тайғақ, оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соққан желдің жылдамдығы секундына 9-14 м, ұйытқуы 15-20 метрге жетті. Қазір ауа райы жақсарды. Барлық бағыт­тағы жол­дар ашылды, көлік қатынасы қалып­ты жағ­дайда. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.