Бельгияның астанасы – Брюссель қаласында Еуроодақтың соңғы жылдардағы ең бір күрделі саммиті болып өтті. Күрделі дейтіннің жөні бар. Ұлыбритания өзінің бірқатар талабын алға тартып, Еуроодақ елдері басшыларына ультиматум қоюы, талаптары орындалмаса, мүшеліктен шығатынын айтуы, Еуропаға ағылған босқындар проблемасының уақыт өткен сайын қоюлана түсуі осылай деуімізге негіз болып отыр.
Сонымен, Еуроодақтың миграция жөніндегі саммиті нәтижесіз аяқталды. Осы аса маңызды мәселеге қатысты екі күнге есептелген пікірталас ұзаққа созылса да, бір күн ішінде мәресіне жетіп, саммиттің екінші күні алынып тасталды. Еуроодақ төрағасы Жан-Клод Юнкер мен Еуропалық кеңестің басшысы Дональд Туск қорытынды баспасөз мәслихатында мемлекет басшылары миграциялық дағдарыспен күрес бағдарламасы, сондай-ақ, шешуші транзиттік елдердің бірі болып табылатын Түркиямен бірге осы проблемаға бірлесіп іс-қимыл жоспарын жасау бойынша келісім жасалғанын атап көрсетті. Алайда, бұл уағдаластықтар нақтылықтан ада. ЕО елдері миграция проблемасын шешуге қанша ақша шығындауға дайын екенін, немесе Анкараға көмек көлемі қаншалықты болатынын айтқан жоқ.
Миграциялық дағдарыспен күрес бағдарламасының өткен күздің басында талқыланған шаралардан, іс жүзінде, өзгешелігі шамалы. Олар: ЕО шекарасын нығайту, қабылдау орталықтарын құру, босқындарды тіркеу мен сорттау, елінде басына қатер төнетін адамдарға ғана баспана беріп, экономикалық жағынан ауқаттыларын үйлеріне қайтару.
Мигранттарды жылдам сорттау үшін ЕО «қауіпті» және «қауіпсіз» елдер тізімін жасамақ. Соған сәйкес, алғашқыларына жататындар, тұтастай алғанда, босқындар ретінде, ал екіншілері экономикалық мигранттар ретінде қарастырылатын болады. Босқындар, квоталарға сәйкес, ЕО-ның барлық елдеріне орналастырылады. Өткен жылдың қыркүйек айының соңында үлкен қиындықпен бекітілген квота жүйесі туралы мәселе бұл жолы Брюссельде көтерілген жоқ. Сондай-ақ, дағдарысты реттеу үшін квоталардың мүлдем жетіспейтіндігі проблемасы да қаралмады. Бүгінгі күнге Еуроодақ елдері 160 мың босқынды бөлу туралы уағдаласса, соңғы кездері ғана Еуропаға келген заңсыз мигранттар саны 710 мың адамды құрап отыр.
Әлемдегі және Сирия мен Ливиядағы жағдайларға қатысты айтатын болсақ, ЕО бұрынғысынша аталған елдердегі дағдарысты саяси жолмен шешуге уәде берді. Бірақ бұрынғы тезистер сөзбе-сөз қайталанғаны болмаса, саммит ешқандай жаңа ұсыныс жасаған жоқ.
ЕО саммиті Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмеронның алдағы қараша айына дейін қоғамдастықты реформалауға талап дайындау туралы ниетін құптады. Мұны саммит қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Дональд Туск мәлімдеген. Ал Ұлыбританияның ЕО-да қалуы немесе одан шығуы туралы референдум, Дэвид Кэмеронның уәдесіне сәйкес, 2017 жылдың аяғында өтетін болуы тиіс. Бірақ бірқатар жергілікті БАҚ-тардың пайымынша, дауыс беру осы жылдың өзінде-ақ ұйымдастырылуы мүмкін.
Кэмеронның өзі болса, елінің бірлестік құрамында қалғанын қалайтын секілді. Бірақ ол бұл үшін Брюссельден ЕО-ны реформалауға және Ұлыбританияға билік өкілеттілігінің айтарлықтай бөлігін қайтаруға қол жеткізуге уәде беріп отыр. Дегенмен, ЕО-ға мүше басқа елдер Ұлыбритания талаптарына құлақ қоймаған жағдайда, Кэмеронның ЕО-дан шығу үшін жұмыс істейтіні күмәнсіз.
Анкарадағы адам айтқысыз тағылық