Көзді ашып-жұмғанша халықаралық Әйелдер күні мейрамын тойлайтын шақ та таяп қалды. Осы мерекеде жыл сайын ақ жаулықты аналарымызға алғыс жаудырып, ерекше құрмет көрсетілуі ежелден қалыптасқан дәстүр. Өйткені, өзіңізді мына өмірге алып келген, ақ сүт беріп, әлдилеген аяулы анаңыздан артық әзіз де мейірімді, қымбат жан жоқ бұ дүниеде. Бірақ, ана жүрегінің айшуақ лүпіліне қылдай қиянат жасаған кезіміз жоқ дей аламыз ба? Жоқ, олай емес, жер бетінде қанша тағдыр бар десек, соншама шертілмеген сыр сезіледі. Бірі жанарға қуаныш нұрын ұялатса, келесі бірінде өкініш пен өксік, нала мен наздың шері шексіз мұңға ұласады... Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанған, актриса Бақыт Жұмағұлова сомдауындағы «Ана жүрегі» атты моноспектакльдің премьерасын алдымыздағы келе жатқан аналар мерекесі құрметіне тамаша тарту деп таныдық.
«Адамзаттың Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматовтың «Құс жолы» повесі негізінде «Ана жүрегі» атауымен жарық көрген тың туындының басқа қойылымдардан сарыны да, сазы да бөлектеу. Мұнда қиын-қыстау жылдардағы Ананың туған жеріне, халқына, ең бастысы жары мен балаларына деген оттан да ыстық махаббаты, батылдығы мен төзімділігі баяндалады. Мұңлық күйзелісін жеткізу арқылы актриса өз кейіпкеріне үлкен дайындықтармен келгенін, ана ажарындағы әрбір толқулы сәтті өз жүрегінен өткізе білгендігін айқын аңғартты.
Шығарманы қазақ тіліне аударған – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі жазушы Шерхан Мұртаза. Режиссері – танымал актер, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовтай майталман болғандықтан, халыққа бір жағынан шығарманың идеясы қызық көрінсе, екінші жағынан рөл сомдаушының шеберлігіне деген қызығушылық – елордалық театрларда да өнер иесін тұлға тұту қасиетінің орныға бастағанын білдіретін белгі.
Ой мен сөз. Тер мен шер. Залды тек осымен тырп еткізбей ұстап тұру кімнің қолынан келеді? Ол үшін, әрине, актер не актриса жайдақ-жаяу адам болмауы тиіс. Ішкі түйсігі, білім-білігі терең, түрлі ситуациядан, қиыннан қиыстырып алып шығатын, жылдар бойғы жинақталған тәжірибесін пайдалана отырып, көрерменнің күткен олжасын оңай тарту ете алатын кәнігі, бесаспап шебер болуы талап етілетіні мәлім. Жалпы, ірі қойылымдар шығармашылық топтың жұдырықша жұмылуымен атқарылса, ал моноспектакльдің жауапкершілігі олардан артық болмаса, еш кем емес әрі әлдеқайда күрделі, жауапты екенін ескерген абзал. Мұнда барлық жауапкершілік жалғыз бір адамның иығына артылады. Үзіліс, іштей ойды пысықтап алу, музыкамен, бимен, басқалай қосалқы шаралармен алдарқата тұру сияқты амал-айлаңыз адыра қалып жататын тұста кеңістікке шығарар ең оңтайлы әдіс – өзіңе деген сенім...
Әлімсақтан сахна заңында рөлді жаттап орындау және осы образға басы бүтін берілу деген ұғымдар бар. Әзіз ананың жан-дүниесін терең ұғу үшін кісіге кейде бір ғұмырдың өзі аздық ететін тәрізді. Өйткені, ана жүрегінің кілті оп-оңай олжаланбайды. Мұның іші алапат сезімге толып ойналуы керек. Сезімсіз ой туа ма? Сезімсіз әлди жыры шырқала ма? Ана жүрегін аялай алған актриса ғана сондай талапқа бағынады, ана бейнесін асқақтату арқылы биікке көтеріледі. Бұл ретте актриса Бақыт Жұмағұлованың ана болмысын иілдірмей, еңсесін түсіртпей, әйелдердің жиынтық образына айналдыра алған шеберлігін айрықша атап өткеніміз абзал. Кейінгі ұрпақтың тарихқа, өткенге құрметпен қарау дағдысын қалыптастыратын мұндай жарқын тұлғалар әсіресе, қазіргі қоғам үшін ауадай қажет. Тыныштық бақытын бағалай білу үшін қажет.
Ұлттың сана-сандығы – ана образын сомдаған Бақыт Жұмағұлова М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының жанындағы драма студиясында Әубәкір Рахымовтың сыныбынан білім алып шыққан. Жас маман алғашқы еңбек жолын 1988-1997 жылдары Талдықорған қаласының қазақ драма театрында актриса қызметінен бастады. Осы театрдағы он жылда көптеген рөлдерді сомдады. «Пұшайман болған әулиеде» – әйел, «Ақын-Сарада» – Сара, «Шырағың сөнбесінде» – Света, «Пай-пай, жас жұбайлар-айда» – Зәуреш, «Еңлік-Кебекте» Еңлік бейнелерін сомдады.
1997 жылдан бері Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында өнер көрсетіп келеді. Сонымен қатар, актриса сахнадағы өнерінен тыс еліміздегі біршама әншілерге ән жазып, сазгерлік қырынан да танылып жүргенін айта кетуіміз керек.
Қаршыға КҮЛЕН.
Суретте: «Ана жүрегі» моноспектаклінен көрініс.