Астана қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен таяуда «Өзін-өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты республикалық онкүндік өткізілді.
Онкүндіктің мақсаты – «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының негізінде жататын тәрбие және білім беру жүйесінде балалар мен жастарды адамгершілік-рухани жетілдіру идеясы, оқушыларды жалпы адами құндылықтар әлеміне тартып, адами қарым-қатынас нормасымен таныстыру, азаматтық мәдениет қалыптастыру және дамыту.
Астана қаласының білім беру мекемелерінде онкүндік аясында Рухани-адамгершілік бағдарламасының авторы С.А. Назарбаеваның қызметі туралы «Мейірім төгетін ана» атты кітап көрмесі, балалардың шығармашылық жұмыстары көрмелері, түрлі спорттық, танымдық іс-шаралар, дебаттық ойындар өткізілді.
Балалар үйі, Жасөспірімдер үйінің түлектерімен «Сен де бір кірпіш дүниеге» атты кездесу ұйымдастырылып, кездесуге әйгілі спортшы Серік Сәпиев те келіп, балаларды шабыттандырды.
«SOS»-Астана балалар ауылында «Құлақтан кіріп бойды алар» атты әдебиет жиыны өткізілді. Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін Отан, балалық шақ туралы өлеңдер оқылып, «Мен келемін» әні орындалды. Іс-шараға Басқару колледжі мен № 51 орта мектебінің мұғалімдері қызу атсалысты.
№53 мектеп-лицейінде жоғары сынып оқушылары арасында өнегелік, жүрек жылуы, Отанға деген сүйіспеншілік, адамгершілік тақырыбында дебат сайысы өткізілді. №7 мектеп-гимназиясында «Алтын жүрек анамыз» атты қалалық мәнерлеп оқу сайысы ерекше орын алды. Бұл сайыста І орынды мектеп оқушысы Диас Төлепбергенов иеленді. Гуманитарлық колледжінде «Мейірімділік» фестиваліне Балалар үйі мен «SOS» балалар үйінің тәрбиеленушілері белсенді қатысты.
Айта кетер жайт, онкүндік аясында өткізілген мектепке дейінгі мекемелер арасында үздік суреттер, мектептер арасында үздік шығармалар, колледждер арасында үздік эссе байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған шығармалар Білім басқармасы құрастырған жинаққа енді.
Онкүндіктің салтанатты жабылуы барысында үздік деп танылған қолөнер бұйымдары, ашық хат және суреттер байқаулары, «Алтын жүрек анамыз» атты мәнерлеп оқу, өнегелік, жүрек жылулығы, жалпыадамзаттық құндылықтар туралы дебат сайыстарының жеңімпаздары марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.
Мерекелік іс-шара осы онкүндік барысында өнер көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлердің күшімен дайындалған концерттік бағдарламамен аяқталды.
Даниел ШАЙЫНҒАЗИН.