20 Ақпан, 2016

555

303 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
555Атырауда бір күнде осынша отбасы баспаналы болды Атырау қаласында тұрғын үй құрылысы кең қанат жайған шағын аудандар қатары көбейіп келеді. Солардың қатарын­да­ғы «Нұрсая» шағын ауданына тұр­­­­­ғындар ерекше қызығады. Өйткені, мұнда жыл сайын заманауи тұрғын үйлер бой көтереді. Өткен жылы да бұл шағын ауданда бірнеше бағдарламамен тұрғын үй құрылысы бастау алды. Сондай бағдарламалардың қатарындағы «Өңірлерді дамыту-2020» бағ­дар­ламасымен салынған баспаналар шағын ауданға сән берерліктей әсемдігімен көз тартады. Енді міне, бұрнағы күні 11 тұрғын үй­дің 555 пәтері кезекте тұрған от­басыларға берілді. Бір күнде жаңа баспана алғандардың ішінде 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 17 ата-ана қамқорлығынсыз қалған жас, 29 әлеуметтік тұрмысы төмен отбасы, 57 мемлекеттік қызметкер мен бюджеттік мекеме өкілдері бар. Баспанасы апатты күйге жат­қы­зылған отбасы да жаңа пәтер бақытына бөленді. Ал 450 отбасы тұрғын үй алу үшін Тұрғын үй құрылыс жи­нақ банкі­нің салымшысы атанып, кезекке тұрғандар екен. Олар­дың 218-і төлем қабілеті барлар сана­тына жатса, 232-сі арнайы банктің салымшысы бол­ған. Осы­лай­ша, Атырауда бір күнде 555 пә­тер ие­лері қуанышқа бөленді. Тұр­ғын­дардың баспаналы болу қуа­ны­­шына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов ортақтасып, жаңа тұр­­ғын үйлердегі пәтерлерді аралап көрді. – Осы кезге дейін бес баламмен жатақхананың 1 бөлмесінде тұрып келдік. Әрине, көп балалы отбасы үшін бір бөлме тарлық ететін. Балаларымыз ойнай да алмайтын. Тұрғын үй кезегін 10 жылдан аса күтіп едік. Бүгін мемлекеттің қол­дауымен пәтер алғанымыз үшін қуанышымыз қойнымызға сыймай тұр. Енді, әсіресе, балаларымыз алаң­сыз сабағына дайындалып, ер­кін демалатын болды, – дейді көп балалы ана Күнзира Елемесова. Айтқандай, өткен жылы осы шағын ауданнан «Жас Отау» бағ­дарламасымен салынған тұр­ғын үйге жастар қоныстанып еді. Тек жас­тар емес, солармен бір­ге, былтыр облыста 795 отбасы тұр­ғын үй­мен қамтылыпты. Енді биылғы жылдың аяғына дейін тағы да 100 отбасының баспаналы болатыны күтілуде. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан». АТЫРАУ. Суретті түсірген Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.