Шығыс өңірінде алдағы сайлаулардың ашықтығы мен әділдігін арнайы ашылған орталық қадағалайды. Бұл туралы облыстық ақпарат орталығында өткен брифинг барысында Сайлаудың өту кезеңдерін байқау жөніндегі өңірлік орталығының жетекшісі Людмила Гейцман мәлімдеді.
Баспасөз мәслихаты барысында жаңадан құрылған орталықтың қызметі мен міндеттері таныстырылды. Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның филиалы болып табылатын бұл орталық Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы электоратты науқанда ашықтықтың сақталуын, кез келген сайлау үдерісінің бұзылуына жол берілмеуін және қателіктердің дер кезінде түзетілуін қадағаламақ.
Орталық құрамына үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, қоғам қайраткерлері мен ғылыми қызметкерлер енді. Сайлаудың өту кезеңдерін байқау орталығының жетекшісі Людмила Гейцманның айтуынша, өңірлік орталықтың құрылуы мен қызмет етуі – демократиялық институттарды дамыту мен азаматтық қоғам өкілдерінің ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға белсене қатысуының жарқын үлгісі болмақ. Яғни, сайлауды өткізудің барлық кезеңінде, дауыс беру күнінде де қоғамдық байқау жүйесі жүзеге асырылады. Өңірдің әр сайлау учаскесінде орталық өкілдері, тәуелсіз байқаушылар жұмыс істейді. Олардың негізгі мақсаты – электораттық үдеріске қатысушы барлық кандидаттарға тең жағдай жасау, сайлау үдерісіндегі заң бұзушылықтардың жолын кесу және оны дер уақытында түзеу, әкімшілік ресурстардың қолданылуының алдын алу болмақ.
– Шығыс Қазақстан облысындағы сайлаудың өту кезеңдерін байқау жөніндегі өңірлік орталық сайлау заңнамасының сақталуы үшін қоғам тарапынан ішкі тексеру жұмыстарын жүргізеді. Алдымыздағы Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлаулары азаматтарымыздың белсенділігін көтеріп, халықтың жоғары саяси мәдениеті мен демократиялық дәстүрлерді дамытудың кепілі болады деп сенеміз, – деді Л.Гейцман.
Айта кеткен абзал, комиссия мүшелері халықаралық байқаушылар миссиясымен, облыстық сайлау комиссиясымен, кандидаттардың сайлауалды штабтарымен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және азаматтық сектор өкілдерімен тығыз әріптестік орната отырып, қызмет етеді. Орталықтың облыстық штабы Өскемен қаласында А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада орналасқан.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.