20 Ақпан, 2016

Елордалық байқаушыларға арналған семинар

236 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Семинар-тренингКеше Астанада Қазақстан Республикасында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия (СБРҚК) өзінің кезекті семинар-тренингін өткізді. «Байқаушының құқықтары мен міндеттері. Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауларын байқаушылардың қызметіндегі әдістер мен тәсілдер» тақырыбындағы бұл шара астаналық байқаушылар үшін ұйымдастырылды. Семинар-тренингті ашқан СБРҚК мүшесі Арман Ешмұратов қатысушыларға бірінші кезекте алдағы сайлау науқанының еліміз үшін маңызды екенін түсіндіріп өтті. Сондай-ақ, ол сайлаудың өз деңгейінде өтуіне байқаушылардың сауатты әрі белсенді қызметі тікелей әсер ететінін жеткізді. «Бізге қазіргі таңда байқау­шы­ларға өздерінің сайлау кезіндегі құ­қығы мен міндеттерін жете ұғын­дыру керек. Байқаушылардың әрбір іс-әрекеті сауатты болғаны жөн. Өздеріңіз білетіндей, алдағы сай­лаудың халқымыз үшін, елі­міздің келешегі үшін маңызы зор. Біздің байқаушыларымыз бұған дейін де осындай маңызды науқанда белсенді жұмыс істеген. Олардың тәжірибелері бар. Дегенмен, әр сайлаудың өзіндік бас­ты ерекшеліктері болатындықтан, байқаушылардың дайындықтарын пысықтаған жөн. Қазір біз сайлау күні байқаушылардың барлығы сақадай сай болуын қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Соның бір дәлелі ретінде осы өткізіліп отырған семинар-тренингті айтар едім. Жалпы, біз сайлаудың ашық әрі таза өтуіне мүдделіміз. Бұл өз кезегінде байқаушыларға үлкен жауапкершілік артады», – деді Арман Ешмұратов. СБРҚК мүшесінің айтуынша, байқаушылар күніне 2 АЕК көлемінде жалақы алады. 20 наурызда жұмысқа кірісетін олар әзірге арнайы дайындықтан өтеді. Сайлау күні дауыс берудің барысын қадағалайтын СБРҚК байқаушыларының біліктілігін арттыруға бағытталған бұл шарада Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университеті сая­сат­тану кафедрасының профес­соры міндетін атқарушы, саяси ғылымдар кандидаты Марина Онуч­ко сайлауды байқау үдерісін­дегі байқаушының рөлі, құқықтары мен міндеттері тұрғысында кеңес берді. М.Онучко байқаушы дауыс беру барысын қадағалап, барлық хаттамалармен танысып, бейне, аудио жазуға, қандай да бір заң бұзушылық көрсе, оны актпен тіркеуге құқылы екенін жеткізді. Сондай-ақ, ол байқаушылардың міндеттерін де атап көрсетті. Оның айтуынша, байқаушылар сайлау комиссияларының жұмысына араласпауы керек. Бұл үшін ол әкім­шілік және қылмыстық жауап­кер­шілікке тартылуы мүмкін. Бұған қоса, М.Онучко байқаушылардың бұлардан басқа да құқықтары мен міндеттерін түсіндіріп өтті. Одан әрі сөз алған СБРҚК мүшесі Талант Рамазанов байқау­шылардың қызметіндегі әдістер мен тәсілдер жөнінде айтып берді. Сон­дай-ақ, ол байқаушылар сайлау үдерісіне бөгет жасамау қажет­тігін, тек дауыс берудің заңна­ма­ларға сәйкес жүргізілуін қадағалап отыруы тиіс екенін жеткізді. Семинар-тренинг барысында СБРҚК республикалық штабы тарапынан әзірленген байқаушының әдістемелік құралы таныстырылды. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан».