АСТАНА. 20 ақпан. Германияның Дюссельдорф қаласында өтіп жатқан дзюдодан «Grand Prix» турнирінің бірінші жарыс күні екі қазақстандық дзюдошы жүлдегер атанды. Атап айтқанда, 60 кило салмақ дәрежесінде белдескен Елдос Сметов пен әйелдер арасында 48 килода бақ сынаған Галбадрах Отгонцегцег күміс медальді мойындарына тақты. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметіні сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Елдос Сметов өз тобында литвалық Андрей Клоковты, Моңғолия өкілі Цогтбаатар Цендочирді және ресейлік Беслан Мудрановты жеңді. Жартылай финалда ол Түркия палуаны Бекер Озлуға сан соқтырды. Ал шешуші кездесуде 60 кило салмақ дәрежесінде әлем рейтингінде көш бастап тұрған оңтүстіккореялық Ким Вон Джимен кездесті. Нәтижесінде Елдос қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Өз кезегінде Галбадрах Отгонцегцег алдымен тунистік Саоди Олфаны, одан кейін кілем иесі Менз Катринаны және өзінің басты қарсыласы есептелетін монғол қызы Мунхбат Уранцегцегті жеңді. Финалға жолдама алу үшін кубалық Местре Альварес Даяристен басым түскен ол соңғы кездесуінде Оңтүстік Кореяның өкілі Джеонг Бо Кеонгпен күш сынасты. Галбадрах Отгонцегцег былтыр Астанада өткен әлем біріншілігінде алғашқы кездесуінде-ақ осы спортшыдан жеңілген болатын. Бұл жолы соңғы сәтке дейін қарсыласып баққанымен, қосымша уақытта қарсыласына бір ескертумен жол беріп қойды.
Айта кетейік, жарысқа еліміздің ұлттық командасының бірінші құрамы қатысып жатыр. Алайда, Максим Раков жарақатына байланысты байрақты бәсекеде бағын сынай алмайтын болды. Турнирге 86 елдің 546 спортшысы қатысуда. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші орын алған дзюдошы 300, екінші орын иегері 180, «қолаға» қол жеткізген балуан 120 ұпайға ие болады. Сонымен қатар, бесінші орынға тұрақтаған спортшы 60, ал жетінші орынға жеткен палуан 48 ұпай алады.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі.