22 Ақпан, 2016

Алматыда Audiokitap мобильді қосымшасының таныстырылымы өтеді

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
22-02-2016 audiokitap 2АЛМАТЫ. 22 ақпан. Алматы қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде 23 ақпан күні Audiokitap мобильді қосымшасының салтанатты таныстырылымы өтеді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Мобильді қосымшаны WikiBilim қоғамдық қоры «Шеврон» компаниясының қолдау көрсетуімен жасап шығарды. Жобаның негізгі идеясы – кітаптарды мобильді құрылғылар арқылы аудиоформатта қолжетімді етуге бағытталған, мақсаты – ұлттық әдебиет, ғылым, мәдениетке қатысты туындыларды жинақтау және авторлық құқықты сақтай отырып көпшілік арасында тарату. Жоба WikiBilim қоғамдық қорының дамытып жатқан «Қазақстанның ашық кітапханасы» атты онлайн жоба негізінде жүзеге асырылып отыр. Қазіргі таңда kitap.kz – Қазақстанның ашық кітапханасы қазақ мәдениетіне қатысты туындылардың ең толық электрондық топтамасын, сондай-ақ, әлемдік көркем және ғылыми-көпшілік әдебиет туындыларының қазақ тіліндегі аудармаларын ұсынып отыр. «Қазақстанның ашық кітапханасында» 500-ден аса автордың 4000-нан аса кітабы, 130 автордың 1500-ден аса аудиокітабы жинақталған. Жобаға Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Қасым Аманжолов, Бауыржан Момышұлы, Зейін Шашкин, Жұбан Молдағалиев, Қалижан Бекхожин, Сағи Жиенбаев, Ғафу Қайырбеков, Сафуан Шаймерденов, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, Сәкен Жүнісов, Әбіш Кекілбаев секілді авторлардың кітаптары енді. Сонымен қатар, Мұхтар Шаханов, Софы Сматаев, Қабдеш Жұмаділов, Шерхан Мұртаза, Төлен Әбдіков, Дулат Исабеков сынды қаламгерлеріміз де өз туындыларын жария етуге келісімін берді. Audiokitap мобильді қосымшасы «Қазақстанның Ашық кітапханасындағы» барлық аудиокітапты тегін тыңдауға мүмкіндік береді. Қосымшаны тек онлайн ғана емес, сондай-ақ, аудиокітаптарды қосымшадағы жеке кітапханаға жүктеу арқылы оффлайнда да тыңдауға болады. Audiokitap смартфондардың ең танымал Android және iOS жүйелеріне бейімделіп, қолжетімді болып отыр. Айнаш Есали. Дерек, сурет: egemen.kz. 22-02-2016 audiokitap 1