«Әлемді сұлулық құтқарады» дегенде, ғұлама Достоевский нені меңзеді екен?!. Рас, ғаламда қанша тіршілік иесі болса, сұлулық жайлы ұғым да, таным да соншалықты мәнге ие. Адамның парасат-пайымына, талғам-танымына қарай түрліше тарамданып кете береді. Бірақ өзгермейтін жалғыз аксиома бар: ол – Жер бетін жаулаған мыңдаған мінсіздік пен сандаған сұлулықтың ортақ тіні – Өнер деп табылатын киелі кеңістік екендігі. Астаналық Жастар театры сахнасында күні кеше тұсауы кесілген Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен Суретші» ноктюрнын тамашалап отырып, көңіл түкпіріне тұрақтай қалған осы бір ойдың орамынан шыға алмай, шырмала бердік.
«Сұлу мен Суретші» – махаббат пен өнердің мәңгілік жарастығының жемісі, сұлулық жайлы серенада. Құйрықты жұлдыздай келте қайырылған қысқа ғана ғұмырында Өнердің – сөз өнерінің сыры мен сымбатын кемеліне келтіре жырлаған сыршыл қаламгердің сахна әлеміне орнатқан өлмес ескерткіші, шығармашылық шарықтау шыңы...
...Ыстықкөлге демалуға келген Суретші жағалаудан өзінің қиялындағы Сұлуын жолықтырады. Алайда, махаббат бар жерде қарсылықтың да қатар жүретін аксиомасы бұл оқиғадан да айналып өтпейді: Сұлудың некелі жары бар екен. Бірақ сүйген жан үшін бұл да кедергі болмайды. Шынайы ғашықтық сезімнің жалынына шарпылған Суретші Сұлуын өмір бойы қиялында сақтайды. Мәңгілік махаббаттың белгісі ретінде өлмес туындысын өмірге әкеледі. Яғни, автор Өнердің шыңын махаббаттан, шынайы сезімнен іздейді. Режиссер де автордың айтпақ ойын дөп таныған.
Қойылымның басынан аяғына дейін Сұлу мен Суретшінің қолынан қолына ауысып «өмір сүрген» қызыл алма – сахнада көрініс берген ғашық жандардың ынтық жүрегі іспетті. Әуелде күйеуінің опасыздығы үшін кек алмақ ниетте бейтаныс жігітті сөзге тарқан Сұлу бір көргеннен ұнатып, жүрегін ұсынған жанның сезіміне шынайы жауап беруге асықпайды. Алайда, жүрек ақылға бағынған ба? Махаббаттың алдында хан да, қара да дәрменсіз. Сезімге сезіммен жауап берген Сұлу соңында, жүрегін Суретшіге аманаттап, өзі оның өмірінен мәңгілікке ғайып болады. Суретші үшін Сұлу енді музаға айналады. Араға сандаған жылдар салып, Сұлуымен қайта қауышқандағы сол баяғы алмаға аялай қараған Суретші сезімі – Сұлуға деген мәңгілік махаббатының айғағындай.
Сахнадағы айнадай толқып жатқан көлдің мөлдір келбеті – ғашық жанның дірілшіл көңілінің көрінісіндей. Сүйген жүректің кіршіксіз пейілімен, тағатсыз сезімімен жараса да, жарыса да толассыз толқиды. Қойылымның тазалығы сондай, қыбыр етсең, осы бір мөлдір әлемнен ажырап қалатындай, сәл даусыңды қатты шығарсаң, әсемдікпен маталып, сұлулыққа тұмшаланған мынау аппақ дүниенің күл-паршасы шығып шағылардай бір сағат бойы деміңізді ішіңізге тартып, аялай тамашалайсыз. Бұл – жекелей жеткізілген көңіл көрінісі емес, бір сағат бойына сілтідей тына қатып, аса бір құштарлықпен сахнаға көз тіккен көрерменнің риясыз ықыласынан да анық сезілді.
Режиссер Нұрқанат Жақыпбай мен сценограф Қабыл Халықов тандемінің ең әуелгі ұтқан тұсы да – осы. Көлдің толқыны мен сезім толқынын шебер шендестіре алуында. Сахнада желкенді кемеден өзге басы артық қарайған дүние жоқ. Суреткер бар басымдықты кеңістікке бергені бірден байқалады. Сол арқылы актерлердің ішкі тынысын ашып, қиял кеңістігіне еркін бойлатып, психологиялық паузаларға екпін түсіргісі келген. Және ол ұйғарымы образды түрде өте сәтті шешілген, біздіңше. Сахна ортасынан ойып орын алған алып кеме – спектакльдің негізгі кілті. Ол бірде көл бетінде қалқыған желкенді қайыққа айналса, енді бірде Махаббат мұнарасы болып алыстан мұнартады. Шымылдық ашылған сәттен көзге түскен осы көрініс: аппақ желкен мен құлақ тұндырған толқын шуылы спектакль соңына дейін өзге жалт-жұлт дүниеге назарыңызды бұрғызбай, Ыстықкөлдің жағалауындағы махаббат пен романтика егіз өрілген ғаламат атмосфераны ұтқыр ұстайды.
Спектакльде басы артық сөз де, әрекет те жоқ. Барлығы басты кейіпкерлер – Сұлу мен Суретшінің ішкі һәм сыртқы диалогіне және көпшілік сахнаның пластикалық көркем қимылына құрылған. Мәселен, көпшілік сахнадағы бишілер бірде Сұлу мен Суретшінің көңіл-күй аласапыранын жеткізуші асау толқын болса, енді бірде су бетінде қалықтаған шағаланы елестетеді, ал тағы бірде Суретшінің өмір бойы іздеген, өмір бойы ізденген ұлы туындысының бөліктеріндей әсер сыйлайды. Сөйтіп, шымылдық ашылғаннан суретші қиялындағы әр бояу би арқылы көрініп, мозайкаша құрастырылып, күллі қойылым бойы «Ай мен ару» аталатын тұтас бір картинаның соңғы нүктесіне дейінгі детальдарын бейнелейді.
Рас, «Сұлу мен Суретші» – ең әуелі өнер үшін қойылған туынды. Мұндағы эстетикалық нәзік иірімдер, астарлы жұмбақтаулар, сөзден гөрі үнсіздігі, ішкі паузалары басым мизанценалар, лирикалық иірім – барлығы көрерменін күнделікті күйбеңнің қарбаласынан жырақ әкетіп, тек қана театр сыйлар тылсым әлемнің қақпасын айқара ашады.
Бір қараған кісіге «Сұлу мен Суретші», сөзсіз, тек қана махаббат хикаясын баяндауы мүмкін. Ал егер ары қарай, спектакльдің ішкі иірімдеріне қарай үңілер болсаңыз, әркім өзінің көргісі келген дүниесіне, жан баласына сездірмей, жүрегінің түкпірінде аялап келген ең бір аяулы армандарына кезігеді. Күллі ғаламға ортақ адами проблемалармен бетпе-бет келеді. Өзінше қуанады, өзінше мұңаяды. Бастысы, өзінше ойланады. Бұған дейін, мүмкін, өзі де сезбеген, бірақ көңіл қалтарысында мөлдір шықтай тұнып қалған ғаламат бір сағынышты бастан кешеді. Сол сағыныш шығар, жан дүниеңді әлемтапырық күйге бөлеп, жанарыңа мөлдір моншақ болып үйірілер... Әйтеуір, осы бір әсем күйден арылғың келмейді, «уақыт өтпесе, оқиға аяқталмаса, шымылдық жабылмаса екен» деп іштей тілеп отырасың, жылап отырасың...
Одан кейінгі назарымызды аударған тұс, әрине, ол – актерлік ойын. Сұлу – Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері Назгүл Қарабалина. Суретші – Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Әділ Ахметов. Ал, бұл тұста режиссер актерлік сараптаудан үндестіктен бұрын, ең әуелі психологиялық ішкі контрасты іздеген секілді. Осы арқылы драмалық тартысқа жан бітірген, динамика үстеген. Сол себепті, қойылым жалықтырмайды, 1 сағаттық спектакль бір-ақ сәтте аяқталғандай әсер сыйлайды. Сахналық сұлу картинаны, әсерлі оқиғаны қимай қаласыз, тоймай қаласыз.
Біз көрген Суретші – сәбидей пәк, баладай аңғал. Сұлу – өктем де өткір, тәкаппар да талапшыл. Алғашында бәрі иланымды, актерлер әрекеті ақталымды көрінгенмен, драманың ішкі күйі тарқатыла келе, дами келе, кейіпкерлер әрекеті бірсарындылыққа жол ашып бергендей әсер сыйлағанын да айта кетуге тиіспіз. Әсіресе, Сұлу – Назгүл Қарабалина ойынындағы бояудың бір-ақ түсте – тәкаппар, бірбеткей күйде көрінуі, пьесада суреттелгендей, Суретшіні өзіне ынтық еткен Сұлудың ақжарқын, әңгімешіл, ақжарма мінезін сол өктемдіктің көлеңкесіне көміп тастағандай көрінді. Назгүлдің жеткізуінде кейіпкер мінезін кескіндеуші бояу алуандығы кемшін түсіп жатты. Мәселен, режиссер сараптауынан біздің түсінгеніміз, сахнада Сұлу киіп шығар үш түсті көйлек кейіпкердің үш түрлі көңіл-күйін суреттеуі тиіс еді. Алғашқысы – қара түс. Қара көйлек – сезімге деген сенімі күйреп, күйеуіне кектеніп өш алмаққа бекінген келіншектің арпалысқа толы ауырлау халінен хабар берсе, қызыл көйлек – Суретшіге кезіккеннен кейінгі ғашықтық оты шарпып, сезім жалынына күйген мәжнүн жүректің беймаза күйін суреттеуші аллегория. Ал, ақ көйлек – сезімнің шыңы – Махаббат биігіне көтеріліп, өнер деңгейіне шыққан, тазарған, қылау түспеген қауырсын көңілдің көрінісін бейнелейді. Сахналық әрекет образы жеткізген осы бір көңіл-күй алмасуын беруде актриса Назгүл Қарабалинаның сараптауы аздап солғын тартып жатты. Сыртқы сұлулық алға шығып, кейіпкерінің таптаурындылыққа ұластырып алған тәкаппарлығы мінез иірімдерін жұтып жібергендей әсерде қалдырды. Біз Назгүлдің кейіптеуіндегі Сұлу бейнесінен тек қана салқын сұлулықтың лебін сездік.
Қойылымдағы келесі кейіпкер – Суретшінің қартайған шағы. Бұл рөл жауапкершілігі театр актері Бақыт Хаджыбаевқа жүктеліпті. Бақыттың сыртқы образы да, ізденістері де көңілге қонымды. Жалғыз-ақ жетіспеген тұс – араға 18 жыл салып, ұзақ уақыт үзілістен кейін Сұлуымен қайта қауышқандағы жүрек дірілін ести алмауымыз болды. Қойылымның прологі мен эпилогінде ойналған осы бір эпизод актерден психологиялық тұрғыдағы тереңдеу ізденісті талап етіп тұрғандай.
Біз тамашалаған «Сұлу мен Суретшінің» бойында сұлулық бар, тазалық бар, сезім бар. Жүрек толқытатын, сезімді қозғайтын тұстары көп. Қойылымды бейтарап, бейқам отырып тамашалау мүмкін емес. Көңіл пернелеріне басып, өмірге қайта ғашық қылатын сәттері көп. Және ең бастысы, қойылым тұрмыстық емес. Қарабайыр суреттеу мен қарапайым шешімдер шымылдықтың артында қалған да, саф сұлу өнер алғашқы орынға шыққан. Автор да, режиссер де махаббаттың мәнін осыдан іздейді. Бір сағат бойы сезім сырын жыр еткен қойылымның мәні де, Сұлу мен Суретшінің арасындағы махаббаттың дәнекері де, бәлкім, осы ғана – Өнерге, Сұлулыққа деген іңкәрлік.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
өнертану ғылымдарының магистрі.
Астана.