Баласы 24 жылдан кейін анасын тапты
Рахила анадайдан келе жатқан өзінің ұлы екенін жазбай таныды, көкірегі қарс айырылып, көз жасына ерік берді. Ол екі күн бойы неге жүрегінің аттай тулап, мазасызданғанын бейтаныс кісілер «Марат деген ұлыңыз бар ма еді?» деп хабар айтқанда ғана түсінді. Жыл сайын 28 желтоқсан болғанда баласының туған күні еске түсетін. Іштей қамығатын. «Бұл қалай болды, оңы-солымды танымаған жас та емес едім, «ұлыңыз шетінеп кеткен» деген сөзге теріс қарап кете бергенім қалай болды?» деп өзін өзі мүжіп те қоятын.
– Марат анадайдан келе жатқанда «менің ұлым» дедім. Әкесін сойып қаптағандай болыпты, сөйлегені, жүрісі аузынан түскендей аумай тұр, – дейді Рахила бізбен әңгімесінде.
Ана мен бала табысқан күні таң атқанша көз ілген жоқ. Екеуінің де көз жасының көбін-ай... Анасы өз басынан өткен тағдырды әңгімеледі, ұлы өз басынан өткен қиыншылықтарын айтты. Екеуі де жылап-жылап, іштегі шерін босатқандай, жеңілдеп әрі шаршап барып жастыққа бас қойды.
– Айта берсең, ұзақ әңгіме. Қайтейін, уақыт та солай болды ма, әйтеуір, туған баламнан көз жазып қалғаным шындық. Менің алғашқы күйеуім орыс жігіті болды. Жақсы тұрдық, ол аяқ астынан қайтыс болған соң, менің өмірім де басқа арнаға түсіп кетті. 90-шы жылдардың қиындығын ешкім ұмыта қоймаған болар, жұмыссыздық, жоқшылық. Күйеуім қайтқан соң осы Мараттың әкесімен қосылдым. Бірақ ол осы балаға аяғым ауыр кезінде тастап кетті. Қазірге дейін қайда екенін білмеймін. Баланы 1991 жылы 28 желтоқсанда 7 айлық етіп шала тудым. Өзімнің қатты жүйкем тозғандықтан басым ауырып, жағдайым қиын болды. Шала туған баланы Қарабалықтан Қостанайдағы балалар ауруханасына ауыстырыпты. Кейін сұрағанымда «бала шетінеп кетті» деген жауап алдым. Бірақ ана көкірек сенбеген еді, –дейді Рахила.
«Әкесіз жетім – арлы жетім, анасыз жетім – сорлы жетім» деген қазақ. Марат Қостанайдағы балалар үйінен 2006 жылы кеткен соң жетімдіктің азарын тартудай тартады. Жатар жер жоқ, жұмыс, оқу тағы жоқ. Ол қалада көше сыпырып, машина жуып, базарда жүк тасып, талғажау ететін нанын тауып жүреді. Осыдан 2-3 жыл бұрын облыс орталығында өткен бір қайырымдылық акциясында ол Төлегеновтер отбасымен танысады. Гүлжауһар мен Нұрлан өзінің бір баласының үстіне 7 бала асырап және қамқорлыққа алып, тәрбиелеп отырған, құдайдан сұраған жандар болатын. Олар Маратты үйіне паналатады.
– Нұрлан іссапармен жүрген жерінде Мараттың ата-анасын іздестіріп жүрді. Бірде Қарабалыққа барғанда «Бучиев дегендерді білесіңдер ме?» деп сұрастырады. «Қарабалық ауданының Ресеймен шекаралас Победа ауылында Бучнева деген кісі тұрады, жеті баласы бар» дейді таныстары. Әлгі кісімен хабарласқанымызда Марат оның баласы болып шықты, перзентханада фамилиясы дұрыс жазылмаған екен, – дейді Гүлжауһар.
Ана мен бала табысып, бүгінде Рахиланың үйінде ақ түйенің қарны жарылғандай қуаныш, құстың ұясындай жылылық, терезеден түскендей мейірім-шуақ салтанат құрған.
– Марат таңертең ерте тұрып алады, менің қасымнан шықпайды. «Ұлым-ау, ұйықтай берсеңші», десем, «Мама, сені көз алдымнан таса етсем, тағы да жоғалтып алатындай көремін», – дейді Рахила.
Ол бесінші баласынан осылай көз жазып қалғанына өзін ақтамайды да, даттамайды да. Қуаныш пен мұң аралас толқудан арылып болған жоқ. Мараттан басқа 3 ұл, 4 қызын тек өзі көтерді. Балаларының аузына тосатын бір үзім нан үшін ауылда жұмыс таңдаған жоқ, сауыншы да болды, мал да бақты, еден де жуды. Қазір балаларының үлкендері ержетіп, үйлі-баранды болған. Рахиланың үлкен немересі 16 жасқа толды.
– Ұлдарыма, қыздарыма хабарладым. Демалыс күні бар балама Маратымды таныстырамын. «Олар жаңа бауырын қалай қабылдайды, жатсына ма, бауырына тарта ма?» деген ойдан толқып та жүрмін. Бірақ балаларым еңбекке пісіп, тәрбиелі болып өсіп еді, Марат – менің тағдырым болса да, қателігім болса да түсінеді, кеудеден итермес деп ойлаймын, – деді Рахила.
Победа ауылы осындай бір тағдырдың жеңіс мекеніне айналды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Қарабалық ауданы.
Сурет kostnews.kz-тен алынды.