23 Ақпан, 2016

Жедел жәрдемге – жаңа тыныс

321 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
жедел жардемСемейде жедел медициналық жәрдем стансасы халық игілігіне пайдаланылуға берілді. Жаңа денсаулық сақтау мекемесінің ашылуына Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов қатысты. – Бұл қала өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі, – деді қала әкімі. Осы жаңа жедел ме­ди­ци­на­лық жәрдем стансасының денсаулық сақтаудағы көптеген түйткілді мәселелер­ді шешуге септігін тигізетіні анық. Тек осы желтоқсан айының өзінде біз қала көлемінде бірнеше әлеуметтік нысандарды ашып, пайдалануға бердік. Мәселен, 2015 жылы 13-ке тарта балабақша халық игі­лігіне берілді. Жедел медициналық жәрдем стансасының ашылуы соның заң­ды жалғасы іспетті. Осынау жауапты мамандық жо­­­­лында қызметтеріңіз адал, кәсіптеріңіз оңды болсын деген тілек біл­діремін. 2016 жылы да осы бағыттағы жұмыстар жал­ғасын тауып, жаңа жобалар сәтті жүзеге асатыны сөзсіз. Бұдан соң медицина саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер Елена Батень­ко­ва жаңа нысан­ның пайдалануға берілуі қалалықтар үшін өте дұрыс екеніне тоқ­та­лып, адам өміріне арашашы ақ желең жандар­дың жұмысына жылы лебізін біл­дірді.­ Жаңа жедел медициналық жәрдем стансасы «Саламат­ты Қазақстан» мемлекеттік бағ­­дар­ламасы аясында іске қосылған екен. Құрылыс жұмыс­тары осыдан екі жыл бұрын басталған болатын. Жобаның жалпы құны 1 млрд. 538 млн. 278 мың теңгені құрап отыр. Мұнда әлемдік стандарттарға сәйкес соңғы үлгідегі құрылғылар пайдаланылады. Олардың қа­тарына КИ-3М оттегілі ингалятор, ДКИ-Н-10 дефибрилля­тор-мониторы, Альтон-103 үл­гісін­дегі ЭК12Т электрокардио­графы. Бүгінде Семей қаласы тұрғындарының саны 350 мыңнан асып жығылады. Сондықтан, жа­ңа­­дан ашылған жедел жәрдем стансасы тұрғындарға дер кезінде шұғыл көмек көрсету бағытында жұмыс жасайтын болады. Бұл өз кезегінде ақ халаттылардың жұмысын оңайландырып, қыз­мет көрсету сапасын арттыра түсетіні анық. Жедел жәрдем стан­са­сының ғимараты үш корпустан тұрады. Мұнда диспетчерлік қызметке навигациялық жүйемен жабдықталған кең жайлы орын қарастырылған екен. Бұған қоса ұжым қызметкерлеріне де барлық жағдай талапқа сай жасалған. Ал түрлі жиын, басқосуларды өткізуге арналған конференц-залдың сыйымдылығы 150 адамға арналған. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист. Семей. Суретті түсірген автор.