23 Ақпан, 2016

Студенттерге баянды болашақ сыйлаған оқу орны

327 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
универЖетпіс жыл өмір сүрген кеңес­тік кезеңде Түркістанның киелілігі де, атажұрт, атақоныс ретіндегі бүкіл қазаққа, түркі дүниесіне қасиеті де ұмытыла бастағандай еді. Тарихи жәдігер Ахмет Ясауи кесенесінің өзі тек анда-санда (еске түскенде ғана) зиярат ететін мұ­рағат ретінде, көпшілік көңілінен орын алып, көне шаһардың жазда естен тандырар шаңдақтан, қыста аяқ алып жүргісіз батпақтан арыла алмаған сұрықсыз көрінісі – иесіз қалғандай кейпін көрсетуші еді. Қысқасы, қала атын жамылған – үлкен дала болатын. «Пәлен тонна мақта, бидай, жүгері, жоспар неге орындалмадыдан» басқаға басы ауырмайтын басшылар ауыздарын ашып, «жоғарыдан» нұсқау күтуден әріге бара алмайтын. Сол жоспар­дың жолында бүкіл аудан, облыс, республика жұмылдырылып, «ауылшаруашылық жұмысы» деп студенттерді айтпағанда, сөм­кесін мектепке әзер көтеріп барып келе­тін мектеп оқушылары да сабақтарынан босатылып, мақта теру науқанына қатыстырылатын. Айлықтан айлыққа ыңыршағы айналып зорға жететін, тұралаған халықтың көпшілігінің мәдени өмірі, тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзінің жағдайы да белгілі еді. Иә, тәуелділік құрығы енді болмағанда, талайлардың жүйкесін жұқартып, өздерін титықтатуға айналған. Ол – тарих, ол – өткен өмір, ол – «ұлы халық» берсе алып, бермесе ешкімге ренжімейтін зая кеткен, сан соқтырар уақыт көші еді... Тәуелсіздігімізбен қатар келген оқу ордамыздың тақыр жерден орын теуіп, адам сенбестей келбетке ие болуы, оның жыл асқан са­йын зәулім сарайлармен толығуы, сол ерекше ғимараттардан білім алып, қияға қанат қаққан, шетел асқан, жас маман ретінде ауылдарға барған, ерекше білімі нәтижесінде оқу орнында қалған бакалаврлар, магистранттар, докторанттар тіршілігіне қарап қатты ойға қаласың. Иә, Аллаға мың шүкірлік! Тәуел­сіздігімізге, соның нәти­же­сінде өмірге келген, гүлдей жай­наған оқу ордамызға, осындай керемет жағдай туғызған, азат еліміздің тірегі болған Елбасымыз екені әлемге белгілі. Кеше қандай еді, бү­гін қандай? Жарқыраған жара­сымды жақсылықтар, ат­қарылған игі істер, алға қарай ұмтылған жас­тар. 1991 жылы Елбасы Н.Назар­баевтың қолдауымен Түркістан мемлекеттік университеті болып құрылған оқу ордамыз, көп кешікпей (1992 жылғы 31 қазанда) туысқан екі ел қазақ-түрік бауырластығы нәтижесінде Қ.А.Ясауи бабамыздың атымен Ха­лықаралық қазақ-тү­рік уни­верситеті болып қайта құрылды. Халықаралық мәр­тебеге ие бірден-бір оқу орны болғандықтан, мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен жастар келіп, білім алуда. Алғашқы жылдары университетте аз ғана студент оқуға қа­был­данған болса, қазіргі таңда олар көп. Бұлар қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде білім алуда. Университетте бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша жоғары білімді кәсіби мамандар дайындалады. Білім ордасы Қазақстан мен Түркия Республикалары тарапынан құрылған Үкіметаралық Өкілетті Кеңес арқылы басқарылады. Үкі­мет­аралық Өкілетті Кеңестің әр кезеңдегі төрағалары Н.К.Зейбек, Ч.Доган, О.Хората, М.Иыл­дыз мырзалардың осы оқу орнының өсіп-өркендеуіне қосқан үлестері зор. Университеттің алғашқы президенті М.Жұрыновтың оқу орда­сының аяғынан тік тұрып кетуіне зор ықпалы болса, одан кейінгі басқарған профессорлар О.Сәбден, С.Ж.Пірәлиев, Л.Т.Тәші­мовтің де өзіне лайық үлестері жоқ емес. Бүгінде осынау оқу орда­сын көпті көрген тәжірибелі ға­лым, техника ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Әбдібеков басқаруда. Ал­дың­ғы толқын аға­лардың жолын жалғастырып, университеттің өсіп-өркендеуіне, студент пен оқытушының мораль­дық-мате­риал­дық жағдайы­ның барынша жақсы болуына, тиянақты білім берілуіне, нәтижесінде бәсеке­ге қабілетті отыз елдің қа­тарына Отанымыздың қосылуы үшін универ­ситеттің де атсалысуына, сапалы кадр дайындалуы­на барынша жағдай туғызып келеді. Университетте еңбек ете­тін қызметкерлердің жағдайын түсініп, мәселесін мүмкіндігінше әділ шешуге, әрбір факультет ұжымының хал-ахуалымен танысып, оқытушы-профессорлармен сөйлесіп, олардың шығар­машы­лықпен айналысуына баса назар аударуға тырысады. Студенттердің барлық мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, тиянақты білім алуын қадағалап отырады. Оқу орны түркі тілдес елдердің көне тарихын зерттеу жолында көптеген шетелдердің ғылыми орталықтарымен, жоғары оқу орын­дарымен, ғылым академияларымен тығыз байланыста.   Атап айтқанда, АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Үндістан, Польша, Египет, Германия, Ресей және ТМД ел­дерімен қатар, 26 мемлекетпен ынтымақтастыққа қол жеткізген. Нәтижесінде, сол елдердің жоғары оқу орындарымен біліктілікті арттыру мақсатында келісім-шарттар жасалған. Университетте әлеуметтік жағ­дай­лары төмен студент­терге, көп балалы отбасылардан шық­­­қан студенттерге арнайы комис­сия арқылы қаржылай, заттай көмек көрсетіліп отырады. Мәселен, ата-анасынан толық немесе жартылай айырылған студенттерді жатақхана төлемақысынан босату, оқу төлемақысын толығымен және 50 пайызға төмендету сияқ­ты мәселелер қарастырылған. Уни­верситетте оқимын деген жас­тарға барлық жағдай жасалған, оқуға ынта білдіргендерге жоғары деңгейде білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Қаншама жерді алып жатқан «Мағжан ауылы» деп аталатын университет қалашығының бүгінгі көрінісі адам қызығарлықтай, оған жалғас және қалашықты айнала қоршаған, ішінде небір шыршасы мен аршасы, жеміс ағаштары мен бау-бақшасы жайқалған, Қазақ­станда өмірі болмаған «Бота­ника­лық бақ­тың» өзі неге тұрады. Сол екі аралыққа орналасқан оқы­ту­шы-профессорлардың тұр­ғын үй кешендері және архитектурасы бірінен-бірі өткен оқу ғимараттары, халықаралық стан­дартқа сай спорт кешені мен басқа да орталықтар көздің жа­уын алады. Қалашық аумағында орналасқан студенттердің «Қыз­дар жатақханасы», «Ұлдар жатақ­ханасы» деп аталатын шығыс үл­гісіндегі жатақханалар жарық әрі жылы, ішінде барлық жағдай жасалған. Университеттен білім алып, осы сәнді де сәулетті жатақ­ханаларда бақытты студент­тік өмірін өткізген қаншама түлек­теріміз еліміздің түкпір-түк­пі­рінде халыққа қызмет етуде. Денсаулығы сыр берген студенттер үшін арнайы «Денсаулық орта­лығының» қызметі дайын, студенттердің өздері «Титаник» деп атап кеткен, кеменің палубасында отырғандай әсер беретін, арнайы асыңды қалағаныңша салып алып жейтін, төмен бағадағы әртүрлі дәмді тағамдарының орны ерекше. Үлкен де, кіші де сол жерден тамақтанады. Айнала салынған оқу ғимараттарының ортасына таман орналасқан зәулім сарай – Мәдениет орталығы университет көркіне көрік қосқандай. Студенттердің әрбір өткізген іс-шараларының, оқытушы-профессорлардың халықаралық, республикалық конференциялары мен симпозиумдардың айға­ғы іспетті. Мәдениет орталығының ішінде «Түркі дүниесінің тарихы» мұ­ражайы бар. Сондай-ақ, университетте спорт кешені жұмыс істейді, онда үлкен спорт залдары, бокс, күрес, гимнастика және үстел теннисі – бәрі де студенттер үшін жасалған. Сәулетіне сәні келіскен, із­гі­лігіне мәні келіскен, атағы мен сән-салтанаты еліміз түгілі шетелді мойындатқан, білімді шәкірттері әлемді шарлаған, қала халқына зиялылығы мен мәдениетін мойын­датқан, ұрпақ тазалығы үшін кү­рескен осындай оқу орны – ширек ғасыр уақыттан бергі «тынымсыз еңбек, нәтижесін бермек» деген осы шығар, бүгінде ұялмай көрсетуге жарайтын оқу орнымыз, көңілі алаңдамай мамыражай жүретін, тек білім іздейтін студенттеріміз бар – біздер бақыттымыз! Балтагүл ОСПАНОВА, филология ғылымдарының кандидаты, доцент. ТҮРКІСТАН.