23 Ақпан, 2016

Елшіліктегі брифинг

428 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мәскеу20 ақпан күні Мәскеу қаласында Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы елшілігінің баспасөз орталығында бұқаралық ақпарат құралдары үшін 2016 жылдың 20 наурызында өтетін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру мәселелеріне арналған брифинг болып өтті. Брифинг барысында Қазақстан Республикасының Ресей Фе­де­ра­циясындағы елшілігінің кеңес­ші-елшісі Марат Сыздықов Қазақ­стан Республикасы сайлау заң­намасының жекелеген ережелерін, сондай-ақ, электораттық науқан мен сайлау­ды байқау үдерістерінің негізгі қырларын түсіндіріп берді. Қазақстандағы парламенттік сайлау барысын байқауға халық­аралық байқаушылардың түрлі миссияларының құрамында шамамен 700 адам келеді деп жоспарланып отырғаны атап көрсетілді. Ал Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардан байқаушылар тіркеуді 14 наурызға дейін жалғастыратыны да қаперге салынды. Ресейлік жетекші бұқаралық ақпарат құралдары дауыс беру барысын көрсетуге белсенді қаты­су үшін шақырылып, жур­на­лис­терді аккредиттеудің тәртібі туралы құлақтандырылды. М.Сыздықов 19 ақпанда сай­лауға қатысатын 6 саяси партияның партиялық тізімдерін тіркеу рәсімі аяқталғанын айтты. Ол партиялар мыналар: «Нұр Отан» партиясы, Қазақстан Коммунистік халық партия­сы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Бірлік» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Ауыл» халықтық-демо­кратиялық патриоттық партиясы. Тұтастай алғанда, оларға 234 кандидат еніп отыр. – Бүгінгі күннен, яғни 20 ақ­паннан бастап электораттық нау­қанның үгіт-насихат кезеңі бас­талады. Ол 18 наурызды қоса ал­ған уақытқа дейін жалғасады. 19 наурыз – «тыныштық» күні, – деді М.Сыздықов. Парламент Мәжілісіне барлығы 107 депутат сайланса, олардың ішінде 98-і партиялық тізім бо­йын­ша, 9-ы Қазақстан халқы Ассам­блеясынан сайланатын болады. БАҚ өкілдері Қазақстан халқы Ас­самблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лі­сінің депутаттығына кандидаттарды тіркеу тәртібімен де таныстырылды. Қазақстандық дипломат, сон­дай-ақ, Ресей Федерациясының аума­ғындағы Қазақстан Респуб­ликасы азаматтарының дауыс беру тәртібі мен рәсімі туралы да жан-жақты айтып берді. Қазақстан Республикасы Пар­ламентінің Мәжілісіндегі орынға таласатын бір саяси партияға қазақстандықтар дауыс бере алатын сайлау учаскелері Мәскеуде, Санкт-Петербургте, Қазанда, Астраханьда және Омбыда жергілікті уақыт бойынша 07.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Сәулебек БІРЖАН.