«Бірлік» саяси партиясы 20 ақпан күнгі үгіт-насихат жұмысын Алматыдан бастады. Партия төрағасы Серік Сұлтанғали «GreenBusCompany» және «КазТрансГазӨнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне барып ұжым еңбеккерлерімен кездесті.
Өндірістің жағдайымен танысып, жұмысшыларды партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі баптарымен таныстырды. Серік Сұлтанғалиұлының айтуынша, партия мүшелері экология және қоршаған ортаны қорғау мәселесіне айрықша мән беріп отыр. «Біз ата-бабаларымыз тәрізді болашақ ұрпаққа табиғаты бүлінбеген, тұнығы лайланбаған Қазақстанды аманат етуіміз керек»,– деді ол бұл ретте.
Өз кезегінде аталған мекемелердің еңбеккерлері партияның сайлауалды бағдарламасы туралы кеңірек мәлімет алуға ынталы екендіктерін байқатты. Мәселен, ұжым мүшелерін қызықтырған тақырыптың негізгі ауаны Алматы сияқты ірі мегаполистің болашағы, сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі төңірегінде өрбіді.
Партия басшылығы өздеріне қойылған сұрақтарға тұшымды жауап беріп, алдағы сайлауда «Бірлік» саяси партиясына дауыс беруге шақырды. «Бірлік» – өз мүшелерінен ізгі ниетті, адал қызметті, таза ортаны талап ететін партия. Сондықтан, өз болашағына бейжай қарамайтын азаматтардың «Бірлікке» дауыс беруін қалаймыз», – деді С.Сұлтанғали.
Кеше «Бірлік» саяси партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали үгіт-насихат жұмыстарымен Атырауға барды. Мұнда партия жетекшісі қатарынан екі өндірістік кәсіпорынға бас сұқты. Партия төрағасы «Ізгі ниет, адал қызмет, таза орта» деген ұранды ту еткен «Бірлік» партиясының ұстанымы «ЭкоАналитик» ғылыми-өндірістік орталығы мен өндірістік қалдықтарды басқару жөніндегі «Вест-дала» зауытындағы сайлаушылардың мақсат-мұратымен үндес екенін айтып, бұл кездесудің екі жақ үшін де маңызы ерекше екенін атап өтті. Сонымен қатар, аталған кәсіпорындардың да, партияның да алға қойған ортақ мақсаттарының бірі – қоршаған ортаны қорғау мен әлеуметтің экологиялық мәдениетін арттыру екенін жеткізді. Бұл күні үгіт-насихат жұмысына қатысқандар кәсіпорын еңбеккерлерін партияның сайлауалды бағдарламасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі ұсыныстарымен таныстырды.
Партия төрағасы С.Сұлтанғали өндіріс ұжымдарына аймақтың экологиясын жақсартуға қосқан үлесі үшін үлкен алғыс айтты. Сондай-ақ, ол өндірістік кәсіпорындар экологияның еуропалық стандартқа сай талаптарын орындағанда ғана Қазақстан өндірілген игіліктердің жалпы көлемі ғана емес, өмір сапасы жағынан да дамыған елдердің қатарына кіру мерзімін жеделдетеді деген ойын жеткізді.
Жалпы, «Бірлік» саяси партиясы үгіт-насихат жұмыстарын жан-жақты бастап кетті. Мәселен, партияның Республикалық штабында «Бірліктің» жаңартылған ресми сайты таныстырылды. Сайтты дайындау жұмыстарына бір айдан астам уақыт кеткен екен. Партия белсенділері интерактивті технологияларды пайдалану арқылы сайлаушылармен қарқынды түрде жұмыс жүргізбек. «www. pp-birlik.kz сайты интернет қолданушыларына ыңғайланып жасалған. Онда бірнеше жаңа бөлім бар. Атап айтқанда, сайлаушыларға заңдық кеңес беруге арналған «Заңгер көмегі» бөлімі үгіт-насихат жұмыстары кезінде өте пайдалы болмақ»,– дейді партия өкілдері.
Сайтта партиялық тізім бойынша Парламент Мәжілісі депутаттығына ұсынылған кандидаттардың тізімі, олардың өмірбаяны туралы толық мәлімет жарияланған. Сондай-ақ, сайлаушыларға, кандидаттарға, сонымен қатар, кандидаттардың сенім білдірілген адамдарына арналған әдістемелік нұсқаулықтар бар, олармен кері байланыс орнату желісі де іске қосылған.
Сондай-ақ, «Бірлік» партиясының мүшелері әлеуметтік желілерде де партияның жеке парақшасы жарық көретінін, осылайша саяси ұйым өкілдері үгіт-насихат шараларын жоғары қарқынмен атқаруды көздеп отырғанын жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».