Семей қаласындағы Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының сайлауалды штабы ақын, жазушы, өнер, мәдениет өкілдерінің қатысуымен арнайы акция өткізді.
Акцияға қатысушылар ең алдымен мұражайдың алдында орналасқан Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, ақын рухына тағзым етті. Шара барысында «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев:
– Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев халыққа «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жария етті. Осы тұрғыда біз ауылды мәдени тетікті сақтап қалуға қабілетті моральдық және адамгершілік дәстүрдің өзегі деп танимыз. Ауыл біздің дәстүрлі құндылықтарымыздың қайнар көзі, түп-тамыры, сарқылмас бұлағы! – деді.
– «Ауыл» партиясының басты мақсаты – халқымыздың дәстүрлі құндылықтарын дамыту, Отанымыз Қазақстанның тәуелсіздігін баянды ету болып табылмақ, – деді партия мүшесі, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров. – Қазақтың түп-тамыры ауылда. «Ауыл – алтын бесігіміз» дейтініміз де сондықтан. Бүгінде халықтың негізгі бөлігі қалада тұрғанымен, Қазақстанды ауылсыз елестету мүмкін емес. Партиямыздың басты қағидасы да аграрлық сектордың серпінді жұмыс істеуіне жағдай жасау. Партия Президенттің стратегиясын, сындарлы демократияны, қоғам мен мемлекеттің саясатын жақтайды. Партия ауыл шаруашылығының жоғары қарқынмен жан-жақты дамуын қолдайды, осыған атсалысады.
– Экономикадағы оң өзгерістер ең алдымен ауылдықтардың әлеуметтік жағдайынан, тұрмыс күйінен көрініс табуы тиіс, –деді ақын Тыныштықбек Әбдікәкім. – Мемлекет қазынасына мол табыс түсіріп жатқан ауыл шаруашылығының өнімдері әрқашан маңызды. Мал өнімдерінің барлығы ауылда өндіріледі. Қазақ малының еті сапалы емес деп кім айтады? Олай болса, өз елімізді өзімізден шығатын өнімдермен толық қамтамасыз етуіміз керек. Ауыл жастарына бизнестерін ашуға жағдай жасауымыз керек. Бұдан біраз бұрын «Дипломмен – ауылға!» жобасы қолға алынып, көптеген жас мамандар ауылға барып, пәтермен қамтылып, еңбек ете бастады. Ауылға серпін беретін осындай бағдарламалар керек-ақ.
Жиын барысында сөз алған қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан инновациялық университетінің президенті Нәдірбек Әпсалямов былай деді:
– Біз ауыл жастарының сапалы білім алуына қол жеткізуіміз керек. Ауылдағы мектептердің материалдық-техникалық базасы қаладағылармен теңдес болуы тиіс. Ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету бағдарламасының орындалуын қадағалау қажет. Ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларды еңбекке орналастырып, олардың қатарға қосылып кетуіне атсалысу керек. «Ауыл» партиясының осы бағыттағы іс-әрекеттерін қолдайтын азаматтар қатарының да көп болатынына сенім білдіреміз. Елбасымыздың Жолдауында аталған барлық міндеттемелерді бірлесе отырып, ойдағыдай шешетіндігімізге үмітіміз зор. Қазақстан еуразиялық стратегиялық жағдайын пайдалана отырып, бұл ғасырда әлемдік қоғамдастықта өзінің лайықты орнын алады деп ойлаймыз. Бүгінде агроөнеркәсіп кешені елімізді индустрияландырудың өзегі болуға қабілетті. Бидай, мақта, жеміс-жидек өсіру, өндіру арқылы ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік мол. Бұған түбегейлі қолдау қажет. Ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау деңгейі әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен бірдей деңгейде болғаны дұрыс.
Жиында «Ауыл» партиясының мүшелері мен жақтастары бүгінгі ауыл шаруашылығының өзекті мәселелерін кеңінен сөз етті. Жиын соңында Семей өңірінің өнер майталмандары ауыл тақырыбына арналған жыр-өлеңдерін жұртшылық назарына ұсынды.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,
журналист.
СЕМЕЙ.