24 Ақпан, 2016

Төрткіл дүниені тоғыстырған шара

413 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Hans Drisser Бүгін Тәуелсіздік сарайында Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысатын мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың алқалы жиыны басталды. Оған Халықаралық көрмелер бюросының басшылары, ЭКСПО Комиссары хатшылығының мамандары және әлемнің 100-ге тарта мемлекеттерінің өкілдері қатысуда. Иә, Батыс пен Шығыс өрке­ниетін жалғастыратын алтын көпір атанған ару Астананың айту­лы эстафетасы енді дүниежүзілік көр­­ме­лер алаңы – ЭКСПО-2017-ге ұласпақ. Жаһандық шаралар тұр­ғысында өзіндік маңызы жағынан бұл көрме осы уақытқа дейін Астана қаласында өткізілген дүниежүзілік оқиғалардың ешқай­сы­сынан артық болмаса, кем түс­пек емес. Халықаралық көрмені өт­кізу қарсаңындағы дайындық барысында өтіп отырған бүгінгі алқалы жиынға 100-ге тарта мемлекет өкілдерінің ат сабылтып келуі де осы ойымыздың ақиқаттығын айғақтаса керек. Бұл халықаралық басқосуды ұйым­дастырушылардың айтуынша, жиын мақсаты Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне ха­лық­ара­лық қатысушылардың қызы­ғушылығын арттырып, көрме тақырыбының мәні мен маңызын одан әрі ашып, дүниенің төрт құбыласынан келетін көрмеге қаты­сушылардың белсенділігін арттыру болып табылады. Осыған бай­ланысты Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысушылардың халық­аралық алғашқы басқосуының қар­саңында біз көрмеге қатысушы бір-екі елдің өкілдеріне жолығып, осы жиын туралы пікірлерін білген едік.

Амстердамның  Астанаға қызығушылығы артты

Бірінші кезекте Нидерланд ұлттық секциясының комиссары Ханс Дриссер мырзаны әңгімеге тарттық. – Нидерланд елінің Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қа­тысудағы мақсаты және бұл көрмеден не күтеді? – Біз ЭКСПО-2017 көрмесіне үлкен үмітпен қатысқалы отырмыз. Оның басты себебі – көрменің негізгі тақырыбына байланыс­ты. Қазіргі таңда «Болашақтың энергиясы» тақырыбы нидерлан­дылықтар үшін күн тәртібіндегі аса көкейкесті мәселеге айналып отыр. Өйткені, өңірлік энергетикалық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің басты тақырыбы шеңберінде қаралатын мәселелермен тұтасып жатыр. Менің ойымша, бұл көрме ірі компаниялар мен ғылым орталықтары үшін ұзақ мерзімге арналған экологиялық проблемаларды шешу жолындағы бизнес шешімдер ұсынатын алаңға айналуға тиіс. Осы уақытқа дейін жасыл экономиканы дамыту жөніндегі бастамалар негізінен тек үкіметтер тарапынан ғана ұсынылып келді. Ендігі жерде ірі компаниялар мен кәсіпорындар осы бір өзекті мәселенің өмір­шеңдігін дамытуға атсалысуы керек. Міне, нақ осы мақсатта көрмені ұйымдастырушыларға ауқымды да жауапты міндеттер жүктеліп отыр. Көрмеге қатысатын голландиялық компаниялар Қа­зақстан елімен экономикалық байланысты одан әрі дамытуға үлес қосатыны сөзсіз. – Бүгінгі таңда энергиялық тиімділік және баламалы энергия көздерін дамыту бүкіл әлем үшін өзекті мәселеге айналып отыр. ЭКСПО-2017 бұл – сіздің еліңіздің энергетикалық тиімділік және жасыл техно­ло­гияны дамыту саласында қандай жетістіктерге қол жеткізгендігін әлемге паш ететін алаң. Осы орайда сіз­дердің павильондарыңыздың ерекшелігі неде? Контент бойынша идеяларыңыз қандай? Бүкіл әлемге не көрсетесіздер? – Батыс Еуропаның жоғары қарқынмен дамыған өңірінде табиғи газ өндіретін ірі мемлекет бола отырып, біздің еліміз энергия өндірісінің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін ерекше сезініп отыр. Оның үстіне адам өте жиі қоныстанған біз­дің аймақта энергетикалық тиім­­ділікке қол жеткізудің қаншалықты маңызды екендігін уақыт әлде­қашан дәлелдеген. Нидерланд үкіметі энергетикалық үнемділік және қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы маңызды мәселелерді шешуде кешенді шараларды іс жүзіне асырып келеді. Астана ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің шең­берінде біздің еліміз өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өн­дірісінде «жасыл» экономикаға көшудің тиімділігін барынша паш ететін болады. Ал Ни­дер­ланд павильондарының тұжырымдамасы әлі де талқылану үстінде. – Сіз қалай ойлайсыз, Қа­зақстанның әлемдегі баламалы энергетиканы айқындау жә­не дамыту мақсатында халық­аралық хабқа айналу жөніндегі әлеуеті бар ма? – Сіздің Президенттеріңіздің ЭКСПО-2017 көрмесінің базасында және оның инфрақұрылымын пайдалана отырып, жасыл технологияны дамыту жөніндегі халықаралық орталық құру жөніндегі бастамасы өте өзекті мәселе. Осы қадамы арқылы Қазақстан 2011 жылы БҰҰ қабылдаған «Тұрақты энергетика баршаға» атты бастамаға өлшеусіз үлес қосады. Сонымен бірге, ЭКСПО Қазақстанның Азиядағы тұрақты және гүлденген мемлекет ретіндегі халықаралық беделін арттыра түседі. – Сіздің еліңіздің тұрғындары үшін Қазақстан қаншалықты қызықты? – Менің елім әлемдегі ең ашық қоғамдардың бірі. Әлемнің барлық түкпірінде голландиялық кәсіпорындар мен туристерді кездестіруге болады. Соңғы уақытта Нидерландыны Орталық Азияның туристік әлеуеті бар­ған сайын қызықтырып отыр. Сондықтан ЭКСПО-2017 көр­месіне қатысу Орталық Азияға деген туристер тасқынын арттырады деп есептеймін. Көрме жұмыс істеген кезде Астанаға келетін голландиялықтардың саны еселеп артатындығы сөзсіз. 2016 жылдың мамыр айынан бастап Астана – Амстердам әуе бағыты жұмыс істей бастайды. Бұл да туристер тасқынының артуына игі ықпал ететін болады.

Көпке беймәлім Боливия

Келесі кейіпкеріміз Боливия ұлттық секциясының комиссары Кларемс Эндара мырза болды. – Боливия елінің Астана ЭКСПО-2017 көрмесіне қаты­судағы мақсаты және бұл көрмеден не күтеді? – Астана ЭКСПО-2017 халық­аралық мамандандырылған көрмесіне белсене қатысу арқылы біз Боливия мемлекетін бүкіл әлемге кеңінен таныстыруды мақсат етіп отырмыз. Себебі, әлем­нің көптеген елдерінде адамдар Боливияның қайда орналасқанын біле бермейді. Біздің дәстүрлеріміз бен әлеуетімізді танымайды. Сон­дықтан осы бір халықаралық үлкен алаңды пайдалана отырып, біз өз елімізді халықаралық сахнада кеңінен таныстыратын боламыз. – Бүгінгі таңда энергиялық тиімділік және баламалы энергия көздерін дамыту бүкіл әлем үшін кезек күттірмес мәселеге айналып отыр. ЭКСПО-2017 бұл – сіздің еліңіздің энер­ге­ти­калық тиімділік және жа­сыл технологияны дамыту са­ласында қандай жетістіктерге қол жет­кізгендігін әлемге паш ететін алаң. Осы орайда сіздер­дің павильондарыңыздың ерек­шелігі неде? Контент бойынша идеяларыңыз қандай? Бүкіл әлемге не көрсетесіздер? – Біз Боливияның өнеркәсіптік және ғылыми әлеуетін көпшілікке таныстыруға мүдделіміз. Бола­шақта біздің мемлекетіміз өзі орналасқан өңірде негізгі энергия өндіруші және тасымалдаушы мемлекетке айналуды жос­парлап отыр. Павильонның ішкі контенті жөніндегі мәселе талқылану үстінде. Біздің еліміз үшін баламалы қуат көздерін дамыту мәселесі бүгінгі таңдағы ең өзекті де маңызды міндеттердің бірі. – Сіз қалай ойлайсыз, Қазақ­станның әлемдегі баламалы энергетиканы айқындау және дамыту мақсатында халық­ара­лық хабқа айналар­лық әлеуеті бар ма? – Астана баламалы қуат көз­дерін дамытудың болашағын айқындайтын маңызды орталыққа айналатындығы сөзсіз. Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында жаңа қуат көздерін табу және оны жетілдіру мақсатында жаңа бетбұрыстар айқындалатын болады деп ойлаймын. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».