25 Ақпан, 2016

«Фариза, Фаризажан, Фариза қыз!..»

711 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Фариза,Алматының «Ғылым ордасында» Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Фариза Оңғарсыноваға арналған сұлу поэзия мен сырлы ән қатар өрілген еске алу кеші осылай аталды. Халық Фаризасын сағынып қалыпты... Ғылым академиясының конференц-залында бұрын-соңды дәл осылай жұрт иін тіреспеген шығар, айналада ине шаншар орын болмай, көрерменнің дені түрегеп тұрды. «Келем деушілерге есік ашық» деген бір ауыз хабарламаның ақырында қаншама жыр жанкүйері ішке ене алмай, сыртта қалды... Осынау көріністердің өзі қуатты жырларымен халықтың жанын жылытқан, сезімін тербеген қайраткер ақынға деген ел құрметі еді. Сахнаға шыққан белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Ғайникен Бибатырова жан-сырлас құрбысы туралы тебірене толқып сөйлегенде залда отырған талай жан көз жасын еріксіз сығып алды... – Фаризасыз өткен күндер, Фаризасыз өткен түндер сағынышқа, мұңға толы... Қақаған қыста Астанада көңілі жабыққан жұрт сол күні ет-жақынын, ең жақынын жоғалтып күңіреніп тұрды. Бірақ олар артында мол мұра, өшпес із қалдырған Фаризаның енді қайтып келмесіне мойынсұнған еді. Фариза күллі өмірін өлеңге арнады, тіпті... өлеңге тұрмысқа шықты деуге болады. Әр қазақтың жүрегіне от түсірер кесек-кесек жыр шумақтарын қалдырып, әдебиет деген шексіз әлемде поэзия падишасы атанып өтті өмірден, – деген Ғайникен апамыз Фариза ақынның тіршіліктегі азаматтық болмысына қысқаша шолу жасап, жарқын бейнесін шиыра сомдап берді. «Сазген сазы» ұлт-аспаптар ансамблі сазды әуезімен кештің шырайын келтірді. Сахнаға шыққан әрбір өнер қайраткері Фариза ақынға жазған жырлардан үзінді-арнау оқыды, қызықты-қызықты естеліктер айтты. Бірде Фариза Оңғарсынова Өскемен қаласында тамаша әдеби кеш өткізеді. Халықтың қошеметімен дүрілдеп өткен кештен соң облыс басшысы Бердібек Сапарбаев мәртебелі ақынға құрмет дастарқанын жаяды. Дәм татып отырған жайдары қауымның алдында сөз алған елінің ерке қызы – Фариза ақын облыс басшысына арнап: – Айналайын інім, ертелі-кеш қолпаштап жатқаныңа – мың алғыс! Ашығын айтшы, әпкең Өскеменге көшіп келсе, жанына жайлы пәтер берер ме едің?! – деген наз айтады. – Фариза әпке, сіз үшін қаланың қалаған тұсынан қалаған үйіңізді сыйға тартуға дайынбыз! Әкімнің мәрттігіне риза болып, жұрттың алдында шын көңілден ризашылық сезімін білдірген ақын облыс басшысының қолына бір жапырақ қағаз ұстатады. Ол Моңғолиядан көшіп келгеніне бірқанша уақыт өтсе де белгілі себептермен үйсіз-күйсіз жүрген шиеттей бала-шағалы отбасының арыз хаты екен. Кездесудің алдында ақынға жолыққан отбасының бір мүшесі – қаршадай қыз ақын апасының қолдауымен осылайша өзінің үлкен отбасына үш бөлмелі жайлы пәтер алып берген екен. Ел аузында бүгінгі күні аңызға айналып кеткен ақиқат оқиға сахна төрінен айтылды. Қайда жүрсе де халқының қамын жей жүріп, мазасыз күй кешкен қайраткердің болмыс-бейнесі үлкен залға жиналған нөпір халықтың көз алдында кинотаспадай сырғып өтті. Дәл осы сәтте қазақ театры мен өнерінің қайраткері Гүлжамал Қазақбаева ақынның отты жыр туралы жазған «Жыр» шумағын оқыды... Жалғаннан жапа шекпеген, Заманға нала кектемен, Лапылдап жанып отпенен, Жылусыз, жансыз жерлерден Жалын боп өтсем деп келем! От сезім өшпес өртпенен Еміреніп ешкімді өппеген, Махаббат атты бір күштің Ләзатты мұңын шекпеген, Жандардың есін тандырып Жүрегін оттай жандырып, Сезім боп өтсем деп келем... Аса танымал жезтаңдай әншілер мен дәулескер күйшілер Фариза ақынның рухына арналған өнер кешінің думанын қыздырды. Үзіліссіз бір деммен өткен ән-жыр кешіне қатысушылар ол жайында өз пікірлерін былай білдірді: Өмірзақ Айтбайұлы, академик. «Фаризаның поэзиядағы отты жырлары – қазақ деген халықтың шұрайлы тілінің құдіреті! Фариза – ана тіліміздің абыройын асқақтатқан ақиық ақынымыз.» Бекен Нұрахметов, кеден қызметінің полковнигі. «Фариза апамыздың поэзиясына құмар жанның бірімін. Бүгінгі еске алу – менің көз алдыма сонау 80-ші жылдарды, Фариза апамыздың «Пионер» журналын басқарып жүрген кезі, біздің университеттен түлеп ұшқан кезімізді көз алдыма елестетті. «Нұрлан Өнербаев, әнші. «Біз Абай мен Шәкәрімді, Мұхтар мен Сәбитті көрмегенмен Әбіш пен Шерханды, Мұқағали мен Фаризаның көзін көрген ұрпақтың өкіліміз. Осының өзін бақыт деп санаймын...». Заманның ар-ұжданы бола білген ақынның қоғамдағы орны оның айналадағы адамдардың ісін ардақтауымен, саралауымен бағаланады десек, бүгінгі кеште ол құбылыс Фариза ақынның сахнадан төгілген жыр-шашуымен шынайы түрде айшықталды. «Өз өміріңде тек қана жақсылық жаса, өзіңе берілген өлшеулі өмір ішінде адамдар бір-біріне тек қана жақсылық жасай білуі керек» деген қазақ поэзиясы падишасының қағидасы еске текке алынбаса керек! Дүйім жұрт ақиық ақын үшін, арды ойлаған адамдар үшін, жақсылық үшін дуылдатып дүркін-дүркін қол соқты. Халық Фаризасын шынымен сағыныпты... Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.