25 Ақпан, 2016

Өндірісті өңірдегі келелі кездесулер

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Нур Отан«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған республикалық сайлауалды штаб делегациясы кеше Павлодар облысында «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарына рейд жүргізді. Сондай-ақ, осындағы металлургиялық зауыт пен астық өңдеуші кәсіпорындардың ұжымдарымен кездесіп, партияны қолдаушылардың форумына қатысты. Республикалық сайлауалды штаб мүшелері алдымен «Нұрлы Жол» мем­лекеттік бағдарламасы бойынша са­лынып жатқан Павлодар мен Ақсу қа­лаларын тікелей байланыстыра­тын Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің және екі тұрғын үйдің құрылыс алаңында болды. Ұзындығы 12 шақырымға созылған аспалы көпір Орталық Азиядағы ең ұзын көпірлер қатарында. Бұл өткел Астана – Павлодар – Өскемен автобанының бір бөлігіне айналып, Қазақстанның орта­лығын Ресейдің көршілес өңірлерімен байланыстырады. «Жалпы, бағдарлама аясында 5 мың шақырым автожол, 2,5 мың шақырым шойын жол төселмек. «Нұрлы Жолға» тек қана жол құрылысы емес, жолмен бірге, тұрғын үй, индустриялық-энер­гетика және коммуналдық инфра­құ­рылымдар құрылысы да жатады. Елбасы тапсырмасына сәйкес биыл қосымша 1,5 млн. шаршы метр тұрғын үй пайдалануға бері­леді», – деді А.Мырзахметов. Бұл ретте, «Нұрлы Жол» аясында тұрғы­зыл­­ған үйлерде үш айдан кейін 270 отба­сы қоныс тойын тойлайды деп жоспар­ланғанын айта кету керек. Тағы бір кездесу Қазақстан метал­лур­гиясының көшбасшысы саналатын «Қа­зақстан электролиз зауытында» өтіп, оған зауыт еңбеккерлері жиналды. Кездесу барысында Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың өз сөзінде еңбек адамына ерек­ше тоқталып, адал еңбек етуге қабілет­ті адам әрқашан да өмірде өз орнын та­батыны жайлы, Қазақстанның гүлде­нуі әрбір азаматтың қолында екенін әр­қа­шан да айтып жүргеніне ден қойылды. 2010 жылдың маусым айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев зауыттың екінші кезегін іске қосты, нәтижесінде кәсіпорын жылына 250 мың тонна алю­миний өндіретін жаңа жобалық қуатқа қол жеткізді. Зауыт жетекшісі Роман Романов өз өнімдерінің өзге елдерге: Ресей, Украина, Беларусь және Өзбек­станға экспортталатынымен бөлісті. Қазіргі таңда кәсіпорында 2,5 мыңға жуық адам еңбек етсе, солардың 1,3 мың­нан астамы «Нұр Отан» партиясының мүшесі көрінеді. Олар сайлауалды бағ­дар­ламадағы елімізді индустриялық да­мыту жөніндегі міндеттер жүзеге асатындығына бірауыздан сенім білдірді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан». Павлодар.