26 Ақпан, 2016

Алғысымды айтамын, Қазақ Елі!

709 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Зинаида Чумакова (Джабраилова)Сонау да сонау әлімсақтан, ғұн-сақтан тамыр тартқан түп-тегімізді түгел шолып өткенде бекзат бабалардың, абзал аналардың ұрпағы екеніміз көңілге шуақ құяды. Көне қытай дереккөздерінде, араб және Еуропа жиһанкездерінің жазбаларында да Ұлы Даланы айдыны кең, айбыны зор, алау жүректі халықтың мекендеп жатқаны айтылады. Бауырлас қырғыздың әлемдік эпосы «Манасында» да қазақтың ақ пейілі мен батырлығы талай-талай жылы лебізді жыр шумақтарына арқау болғанын білеміз. Қазақ өміріне, халқымыздың көне махаббат жырларына орыстың ұлы ақыны А.Пушкин қызығушылық танытса, поляктың үлкен ақыны Г.Зелинский «Қазақ» атты керемет дастан жазған. Әлбетте, одан бергі ғасырлардың жүзінде халқымыздың қадір-қасиеті, ізгілік-мейірімі, ерлігі мен өрлігі, салт-дәстүрі хақында өзге ұлттар өкілдері тарапынан жазылған өлең-жырлар, поэмалар, басқа да көркем туындылар том-том кітаптарға жүк болғаны да анық. Әрине, соның бәрі халқымыздың жақсылығынан. Тар кезде де, құдайға шүкір, бүгінгідей бар кезде де қазақ ешкімге «әй, кәпір» атанған емес. Әрқашан «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген хакім Абайдың қағидасынан таймады. Өзі де тауқымет тарта жүре, зобалаң заманда бастарына қиын-қыстау іс түскен қиямет тағдырлы ондаған халықтарды күннен шашыраған нұр бейнелі алып шаңырағының астында паналатты, жанының дарқандығына саялатты, жарты нанын бөліп жеді. Сол пейіліне сай, Қазақ Елі Тәуелсіздік алғанда Қазақстанды мекендеп жатқан он сан этностар мен ұлыстар қазақтармен бірге қуанды. Одан беріде Елбасының салиқалы саясатының арқасында еліміз тұрақтылық пен тыныштық айлағына, жайлылық пен бірлік мекеніне, құт-берекенің өрісіне, бауырмалдық пен бақуаттылықтың кенішіне айналды. Сол үшін де дарқан жүректі, ізгі тілекті, баршаны бауыр санаған шапағатшыл да шарапатшыл ел иесі, жер иесі қазақ халқына айтылар алғыс та телегей-теңіз. Мемлекет басшысының 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялауы осындай ақ тілектердің арнасын ағытып жібергендей. Олай болса, қазақстандық чешен ақыны Зинаида Чумакованың өзінің туған Отаны Қазақстанға, қазақ халқына арнаған шашу жырларына зер салыңыздар, құрметті оқырман. Наурыз3 Шашу Ғасырлардан келе жатқан дәстүр бұл, Шаштым шашу жан-жағыма – Шаштым нұр!   Міне – саған, алтын-күміс, Тасқын жыр! Тек қазаққа біткен дәстүр – бұл!   Шашу – Далам, Көк кілемдей ашылған, Шашу – Ғалам, Сен де ауыз ти шашудан!   Ырыс ортақ саған-дағы, Маған да, Дерт болмасын, Өрт болмасын Ғаламда!   Мына дүние – Махаббат пен Шапағаттың мекені, Адамзатқа Алла ырзығы жетеді! Аударған Серік Ақсұңқарұлы.   Қазақстан, жайнай бер, алтын Отан! Бабалардың байырғы салтына тән – Батыр бізді думанға, алтыбақан!   Байтақ дала бөленіп салтанатқа – Жетсін үні шаттықтың шартарапқа.   Жастайымнан бұл өлке жұмақ маған, «Дударай» ғой жүрегім ұнатқан ән.   Қазақтардың білемін салт-ырымын, Домбыраның сүйемін жарқын үнін.   Тербелеміз, тебеміз алтыбақан, Қазақстан, жайнай бер, алтын Отан!   Ізгілікке бөленіп алып далам, Көгінен кетпесін күй қалықтаған.   Жер бетінде жоқ мұндай сая жайлы, Алтыбақан жанымды аялайды. Аударған Қуаныш Ахметов.     Алтыбақан Сауық, сайран ақпейіл халқыма тән, Жан жүректі баурайды шалқыған ән. Маған ыстық балауса қыз күнімнен Айлы кеште тербелген алтыбақан.   Бұл өлкенің ғажайып сұлулығын Жеткізе алса жақсы ғой ғұмыр-жырым. «Дударайды» сызылтқан Мариямдай, Мен де әнге қосқанмын өмір сырын.   Домбыра үнін жүрекке тыңдатамын, Қуанышқа, мұңға да шын батамын. Алтыбақан басында өткен түндер Алыс қалды, сыйлап тек нұр, шапағын.   Өстім, өндім қазақтың даласында, Қазақстан ұқсайды анашыма. Алтыбақан тербелсе айлы кеште, Көңілім менің түспейді сабасына.   Жетпейді ғой еш нәрсе бағасына, Шын достықты балаймын бар асылға. Қайран жастық дегендей қолын бұлғап: «Алтыбақан тебуге барасың ба?»   Барармын-ау, мынау ай баяғыдай, Жылжымайды енді ол баяу бұлай. Ғашықтардың жүрегін табыстырып, Тербелші, алтыбақан, аяулым-ай! Аударған Ибрагим Бекмаханұлы.   Қазақтың дәстүрі Бұл дәстүр көне жырдай естіледі, Шашудың күміс нұрдай есті лебі. Қазақтың көріп осы жомарттығын, Төріме шық, той тойла, қонақ, бүгін.   Халықтың даналығын, дарқандығын Бір ғана шашудан-ақ аңғардым мың. «Шашудан ауыз тиген бақытты» деп, Менің де тілімде жүр жақұт тілек.   Әжелер кұрт, ірімшік, теңге шашып, Ақындар термелеткен әнге басып. Осындай сәтті айтшы бұйыратын, Шашулар шаттық болып құйылатын.   Ғажайып мұның бәрі тойда мынау, Болмасын тосын мінез, ойда қылау. Бейбіт күннің жарқырап шашулары, Жақындай түс, арманның асулары. Аударған Қуаныш Ахметов.   Тойбастар Дәстүр бұл қанға сіңген өте әріден, Береді дарқандыққа Отаны дем. Алдымен той-думанда шашылады Мол шашу. Сосын берер бата кілең.   Тәтті мен теңге ұшады халайыққа, Кімге дөп, кімге қиыс, ал, анықта. Керемет жарасады той бастайтын Қазақы осы дәстүр далалыққа.   Түсінер қылықты қыз, саналы ұлы, Халықтың жатыр мұнда даналығы. Кәдімгі тау мен дала перзентінің Осында дархандығы, даралығы.   Ақ жаңбыр дерсің шашу құйылған кеп, Ағытар ақ тілегін жиылған көп. Аппақ жол жайып салсын пендесіне, Аллаға ешкім сенбей сыйынған жоқ!   Дәстүрдің жоқ ескісі, жоқ есері, Танымдық, тәрбиелік мол әсері. Төбеден теңге жауған ғажайып сәт – Шашуға табылмас еш теңесері. Аударған Қуаныш Ахметов.   Наурыз Киіз үйдің кергенде керегесін, Қазан асып, келтіріп берекесін, Адамдардың жүздері күлімдейді, Қарсы алып көктемнің мерекесін.   Алтыбақан тербеліп, құстай қалқып, Сұлу сазды әуенмен көкке шалқып. Мөлдір тамшы үндері естіледі Әуедегі аспадай қойған тартып.   Түрлі бояу құбылып сәнін беріп, Биіктейді асқақ үн әуенге еріп. Баяғыдай халық та тойлап жатыр Мәз-мейрам боп, тамаша күйге еніп.   Палуандар той-думан төріне озып, Жекпе-жекке шығады арқа қозып. Жүйрік тұлпар сайланып сыйлығына Жеңімпазды анықтар болған озық.   Жирен жүйрік тұлпарға қамшы ұрмай, Шабады жігіттер де мойын бұрмай. Жүйрік аттар желменен жарысады, Қорқыныштың не екенін керек қылмай.   Тоймен кіріп халықтың берекесі, Әр қадамға бөлініп, сый бересі. Достық деген білмейді шекараны, Баққа бөлеп Наурыздың мерекесі. Аударған Қамажай Достанбекова.   Құсмұрын Жүрісі бәсеңсіп пойыздың, Жылт етті бекет те түн тіліп. Ай сүйген көк белден ой үздім, Жанарым жарыса ұмтылып.   Құсмұрын, жанымның жарасы Өзіңде сақтаулы, бол берік. Ғұмыр мен балалық арасы Жалғаса, жүгірді жолға еріп.   Боз таңмен таласа мен еккен Көктерек, көркіңнен таймашы. Шетен, бозқараған желектен Айырылмай, ауламда жайнашы.   Анау бір тар соқпақ жететін Біздің үй алдына, иіліп... Жаңғырды-ау жүректе бекетім, Жаныма ақ сәуле құйылып.   Тәу етем өзіңе, о, Далам, Жан тартып, баурыңа басқан ең. Қыспаққа алғанда зобалаң, Жұртыма сен құшақ ашқан ең.   Өзіңнен кете алман, қарашы, Тұрса да тағдырым жол беріп. ...Ғұмыр мен балалық арасы Жалғаса, жүгірді жолға еріп. Аударған Кенжебай Ахметов.   Ақ бата Бокалдың сыңғыры деме сен, Ақ бата – сөз нұры құны артқан. Ақсақал ақылы ол кеңесер, Ғасырлар нақылы ол мұнартқан.   Лебіндей жүзіңді шарпыған Жүректі жылытқан жалынның. Ақ бата – ақ тілеу аңқыған, Ақ бата – жарлығы жаныңның.   Қадірлі іс басташы, жетесің, Ақ бата серігің сенің де. Жұбайлар қиярда некесін, Ақ бата айтуы тегін бе?   Ақ жол деп айтылар өсиет Шуақ боп шашылар адалдық. Ақсақал жүзінде қасиет Ақ бата – саған құт, маған құт.   Ұрпаққа қалдырған дастан мол Достарға ақ тілеу арна, адам. Ақ бата – өткенге бастар жол Баба мен баланы жалғаған. Аударған Ғазиз Ештанаев.