Кеше Парламент Сенатында палата Төрағасының орынбасары Асқар Бейсенбаевтың қатысуымен «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016 – 2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы» заңдардың жобалары таныстырылды.
Онда Ұлттық экономика министрі Е.Досаев «Қазақстан Республикасының 2016-2020 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы туралы» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016-2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға өзгеріс енгізу туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасады. Министр биылғы макроэкономикалық көрсеткіштерді Үкімет Қазақстан экономикасының дамуына сыртқы жағымсыз факторлардың әсерін ескере отырып түзеткенін хабарлады. Үкімет есептеулерінің негізіне 2016 жылғы АҚШ долларының 300-ден 360 теңгеге дейінгі бағамының өзгерісі алынды. Мұнайдың бағасы барреліне 30 доллар деңгейінде болжанып отыр, сондай-ақ, металл бағасы 2015 жылғы деңгейдің 15,0 пайызына дейін төмендеуі күтілуде.
Ұлттық экономика министрлігінің есептеулері бойынша, 2016 жылы Ішкі жалпы өнім 0,5 пайызды, жан басына шаққанда ІЖӨ 6,9 мың АҚШ долларын (2015 жылғы қарашадағы көрсеткіштерден 1,6 мың долларға төмен) құрады.
2016 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемінің өсімі, Е.Досаевтың болжамы бойынша, 3,5 пайыз болды, ал өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,0 пайызға төмендеді. Мұнай өндіру көлемі 74,0 миллион тоннаны құрады. «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының мазмұны туралы Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов хабардар етті. Баяндамада айтылғандай, заң жобасы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруды қаржымен қамтамасыз ету міндеттерін шешуге және негізгі көрсеткіштердің өзгеру жағдайында бюджетті теңдестіруге арналған. Ұсынылып отырылған нақтылаулар экономика мен бизнестің түйінді салаларын, орта және шағын бизнесті және агроөнеркәсіп кешені субъектілерін кредиттеу, өңірлерде инфрақұрылым және мектептер салу, транспорттық инфрақұрылымды дамыту және көлемді жобалардың құрылысын қолдауға бағытталып отыр. «Тұрғын үй жинақтаушы құрылыс банкінің» салымшыларына өтемақы төлеу бюджеттің әлеуметтік бағытталуын көрсететін шығыстардың бірі болып табылады.
Б.Сұлтанов сөзінің соңында бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталғанын атап өтті. Ұсынылып отырылған шығыстар кредиттеуді ұлғайтуға, ірі жобаларды аяқтауға, өңірлердің қаржысын тұрақтандыруға, халықтың жұмыспен қамтылуын қолдауға, тұрғын үйлерді салуға және жалпы іскерлік белсенділікті арттыруға жағдай туғызады.
Отырыста Ұлттық банк төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Олег Смоляков «Ақша-кредит саясаты туралы» баяндама жасады. Ағымдағы жағдайларда Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын және Үкіметтің фискалдық саясатын үйлестіру макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі негізгі факторлардың бірі болып табылатынын атап өтті. 2016 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша инфляция жылдық көрсеткіш бойынша 14,4 пайызды құрады. Ұлттық банктің 2016 жылға арналған негізгі міндеті инфляция деңгейін тұрақтандыру және белгіленген 6-8 пайыз дәлізге жедел оралу болып табылады. Инфляцияны 2020 жылға қарай 4 пайызға дейін төмендету орта мерзімді бағдар болып қалады.
Баяндамада атап өтілгендей, Ұлттық банк еркін өзгермелі айырбастау бағамы саясатын ұстанатын болады. Бұл бір жағынан, алтын-валюта активтерін сақтап қалады, ал екінші жағынан, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қолдап отырады.
О.Смоляков үкімет енгізген өзгерістерге қолдау білдірді, өйткені макроэкономикалық тұрақтылық пен теңестірілген және орнықты бюджетті қамтамасыз етпейінше Ұлттық банкі алдында тұрған міндеттерді табысты шешу мүмкін емес.
Депутаттар заң жобалары бойынша жұмыстарды комитеттердің отырыстарында және жұмыс топтарында одан әрі жалғастырады, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.