Кеше Астанада «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының орталық кеңсесінде «Қазақтың төл мәдениетінің жалпы адамзат игілігіне үлесі» атты дөңгелек үстел өтті. Сайлау науқанының үгіт-насихат жұмыстары аясында ұйымдастырылған басқосуда халқымыздың мәдени тамырлары, ұлттық салт-дәстүріміздің жаһандану кезеңіндегі маңызы тұрғысында сөз болды.
Партияның республикалық қоғамдық штабы өткізген шараға танымал ғалымдар Сейіт Қасқабасов, Ғарифолла Есім, Тұрсын Жұртбай, жазушылар Әлібек Асқаров, Асқар Алтай, Марат Мәжитов, Қуаныш Жиенбаев, ақындар Жанат Әскербекқызы, Дәулеткерей Кәпұлы, Маржан Ершу және басқа да қаламгерлер, сондай-ақ, жастар қатысты.
Бірінші кезекте сөз алған «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев ұйымның қазіргі таңда атқарып жатқан жұмысына тоқтала келіп, «Халықтың тарихы мен мәдениетін есепке алмай, этностық дамудың түп-тамырын, қазақы мәдениеттің рухани, адамгершілік басым құндылықтарын түсінбей бүгінгі Қазақстанның өркендеуі мүмкін емес», – деді.
Одан кейін сөз кезегі тиген «Ауыл» партиясының мүшесі, Парламент Мәжілісінің депутаттығынан үміткер, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әлібек Асқаров Қазақстанның өркениетті елдермен терезесі тең, әлемдік мәдениет сахнасында өзіндік орны бар мемлекетке айналғанын, республикамызда ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға баса назар аударылып келе жатқанын сөз ете отырып: «Егер біздің бойымызда адамгершілік пен имандылықтың бір белгісі болса, ол – қарапайым қазақ ауылының өнегесі, берген тәрбиесі. Қысқасы, ауыл бізге қарыз емес. Ендігі жерде ауылға біз қарызбыз. Көпшілігіміз ата сақалымыз аузымызға түскенше сол қарызды ұмытып кеткен сияқтымыз. Ендеше, бел шешіп, білек сыбанып ауылға көмек қолын созатын кез келді. Қарызымызды қайтаратын, парызымызды өтейтін уақыт туды деп білемін», – деді.
Басқосуда Сейіт Қасқабасов, Ғарифолла Есім және басқалар сөз сөйлеп, ұлтымыздың болмысына, қазақ ауылдарының бүгіні мен келешегі жөнінде әсерлі әңгіме өрбітті. Олардың айтуынша, қазақ мәдениеті әлемдік мәдениетке өшпестей із қалдырған, сондай-ақ, қайталанбас бірегей қоғамымызды ұйыстырушы институт болған. Бұдан бөлек, жиынға қатысушылар әлемдегі мемлекеттік символдар мен белгілер, саяси терминдер Ұлы Далада қалыптасқанын, бұл өз кезегінде дала перзенттерінде дамыған мемлекеттік құрылымның болғандығын айғақтайтынын атап өтті.
Айта кетейік, жиын барысында «Ауыл» партиясына жаңа мүшелер қабылдау рәсімі болды. Нақтылай айтқанда, Дәулеткерей Кәпұлы бастаған бірқатар жас ақындар «Ауыл» партиясына қабылданды.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.