1997 жылдың мамыр айы еді. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Жезқазған облыстық ұйымында қызмет атқарып жүрген кезім. Сәл бұрын осындағы телерадио мекемесімен бірлесіп мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге үндейтін «Ұлытаудан ұран тасталды» атты телемарафон өткізген болатынбыз. Мақсат – Ұлытаудан естілген дауыс Қазақстан таулары, қыраттары мен далаларында жаңғырып, бүкіл қазақстандықтарды серпілтіп, қалғып кеткенін оятып, шыққан жеріне қайта жетсін, деген тілек еді. Сөйтіп, шеруді Шыңғыстаудан бастауды жөн көрдік. Бірақ, сол мамыр айында Жезқазған мен Семей облыстары таратылып, бұл ойымыз іске аспай қалды. Бәріміз қайда барамыз, не істейміз деген оймен жұмыс іздей бастадық. Осы бір қиын-қыстау тұста Ұлытаудан телефон шалынып, мен үшін күтпеген ұсыныс түсті.
Аудан әкімі Серік Тілеубаев маған өзінің әлеуметтік және идеология саласы бойынша орынбасары қызметін ұсынғанында, шыны керек, жүдеген жаным жадырап сала берді әрі ол кісінің бұл шешімін өзгеге деген жанашырлығы, адами қамқорлығы деп қабылдадым. Негізінде, бұған дейін де Секеңнің ұлт жанашыры ретінде жасап жүрген игі істеріне қанық едім. Сондай шаралардың бірін мен тағы да сол облыстық «Қазақ тілі» қоғамында жүргенде бірге өткізгеніміз бар. Жезқазған әуежай басқармасының тікұшағымен Ұлытау аспанында төрт сағат ұшқанда «әуе десанты» құрамында облыстық телерадио мекемесінің шығармашылық тобымен қатар әкім Серік Тілеубаев та болып, Ұлытау өңірінің тарихи-мәдени дүниелерін, көне әдеби мұраларын қамтитын толық көлемді бейнефильм жасауға мол септігін тигізді. Сол кезде ғой осы азаматтың тарихымызға, ана тілімізге, қазақи тәлім-тәрбиеге, ұлттық дәстүрге және өнерге деген салиқалы көзқарасы, парасатты ойлары тәнті еткені.
Сонымен, араға біршама уақыт салып, Ұлытауда жұмыс істеудің де сәті түсті. Өз басым бұған дейін бастық болып көрмесем де, талай басшыға серіктесіп, бірге жүргенім бар. Сол күндерден түйгенім – басшының наны ылғи да тәтті бола бермейді екен. Бұған Серік ағамызбен қоян-қолтық қызмет істеген бір жарым жылдай уақытта тағы да бір көзім жетті. Бет қаратпас бораны мен аязы мол алты ай қыста, ыстығы жаныңды қуыратындай ала жазда елінің жағдайын ойлап, аудан экономикасын тұралатпай алып шығуы жолында Секеңнің аянбай еңбек еткені әлі жадымда. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстан» газетінің 1999 жылғы 26 қаңтардағы «Әкімдер де ант берсін» атты мақаласында Серік туралы мынадай жолдар бар: «Мен білетін Ұлытауда көп жылдан бері үздіксіз әкім болып келе жатқан Серік Тілеубаев деген азамат бар. Әне, сол нағыз әкім. Әкіммін деп қоқыраймайды, қоқиланбайды.
Жер көлемі Қарағанды облысының үштен біріне жуығын алып жатқан шалғайдағы ауданның ұңғыл-шұңғылын, әрбір үйін, әрбір адамын, тіпті бала-шағасына дейін біледі. Кімнің жағдайы қандай, кім неге мұқтаж; көп балалысы қайсы, қайсысы сау, қайсысы дімкәс; қанша малы бар; кім өз күнін өзі көре алады, ал кімге көмек керек – міне, әкімнің бірінші міндеті...
Сондықтан да ауданның шаруасы шайқалған жоқ. Бәрі де баяғыда-ақ әділімен, адалынан жекешелендірілген. Бұрынғы колхоз, совхоздың дүние-мүлкі, малы, жері қиянатсыз, қитұрқысыз бөлінген. Бүкіл ауданда бірде-бір клуб, бірде-бір кітапхана сатылмаған, аукционға түспеген», – деп жазып еді Шерағаң.
Сонымен бірге, Серік Тілеубаев өзіне ғана тән табандылықпен қоғамды жаңарту, рухани құндылықтарды анықтау, сақтау, дамыту сияқты аса күрделі мәселелермен де айналысты. Мәселен, 1992 жылы Ұлытау тарихында тұңғыш рет дүниежүзілік Рутель жүйесі енгізіліп, әлемнің кез келген қаласымен әрбір шопан сөйлесе алатындай мүмкіндік туды. Францияның Тулуза қаласында 1993 жылы 50 мемлекет, 1500 фирманың қатысуымен өткен Дүниежүзінің өндірістік көрмесінде Жезқазған кен-металлургия комбинаты атынан Ұлытау ауданы қазақ үйін жасағымен тігіп бірінші орынды жеңіп алды және жыл сайын бұл көрмеге қатысып отыру үшін арнайы шақыру билетімен марапатталды. Сондай-ақ, Серік Тілеубаевтың Дүниежүзі қазақтарының І құрылтайына қатысушыларын Ұлытауда құрметпен күтіп алуына, қасиетті өлкеде халық бірлігі мен мемлекет тұтастығын айқындайтын ескерткіш орнату жөнінде Елбасы тарапынан шешім қабылдануына сіңірген еңбегі айтарлықтай. Сонымен қатар, Алаша хан, Жошы хан, Домбауыл кесенелерін күрделі жөндеуден өткіздіріп, Ұлытауды халықаралық туризм орталығына айналдыру, «Қызылорда – Жезқазған – Ұлытау – Арқалық» теміржолын салу керек деген бастамалары да қарапайым халықтың мұң-мұқтажын өтеу жолындағы ерекше ұмтылысы екендігін ескерген жөн. Бұлар жайында Секең 2001 жылы жазылған өзінің «Ұлытау – ұлттың ұясы» атты кітабында кеңінен әңгімелейді.
Айта берсек азамат аға туралы әңгіме таусылмайды. Солардың ішінен халық қазанында қайнап шыққан, ана тілінің қайнарынан сусыны қанған Секеңнің өзім куә болған бір ісіне ерекше тоқталғым келеді.
Бірде Ұлытаудың тумасы, ақын, жазушы Батырбек Мырзабековпен әңгімелесіп қалып, осынау қасиетті өлкені былайғы дүйім жұртшылыққа барынша таныту мақсатында арнайы журнал шығаруды ұйғардық. Бұл ойымызды Серік Тілеубайұлы бірден мақұлдады. Сөйтіп, «Өлке» баспасының директоры, үлкен жүректі азамат Мереке Құлкеновтің тікелей көмегі арқасында «Ұлытау» ұлттық, әдеби, мәдени, тарихи-этнографиялық журналы осы өңірдің сан ғасырлық тарихын жұртшылыққа жүйелі жеткізуге өзіндік үлесін қоса бастады.
Елбасының Ұлытау төріндегі толғауында осында тағдырлары тоғысқан Асан қайғы, Алаша хан, Жошы хан, Едіге, Тоқтамыс, Әмір Темір, Керей мен Жәнібек, Қасым хан, Тәуке хан, Абылай хан, Кетбұға, Барақ, Төле, Қазыбек және Әйтеке билер, Бөгенбай, Қабанбай, Кенесары сияқты ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, қол бастаған батырлар өмірлері жайлы өскелең ұрпақ санасына сіңіру керектігін ерекше атап өткені белгілі. Түптеп келгенде, бұл Серік Тілеубаевтың замана үнін, уақыт тынысын сол кездің өзінде дөп баса білетіндігін көрсетсе керек.
Әрине, шағын мақалада кейіпкеріміздің барлық қадір-қасиетін түгендеп шығу мүмкін емес. Бір нәрсе айқын. Іскер де тәжірибелі басшыға қандай да бір істің тізгінін берсең де, оның бағын жандырып, берекесін кіргізері сөзсіз ғой. Мұндай азаматтың алмайтын асуы, шықпайтын шыңы болмайды. Бүгінде жеті белестен аман-есен асып, ақсақал жастық ауылына ат байлаған Серік Тілеубаев ағамыздың өмір жолы оған толық куә. Елінің ықыласының белгісі ретінде Ұлытау ауданының құрметті азаматы атанса, мемлекет тарапынан «Құрмет» орденіне, Президенттің арнайы Алғыс хатына, басқа да көптеген дәрежелі марапаттарға ие болды.
Серік Тілеубайұлы өзіне деген тағдырдың ең үлкен сыйын отбасым деп санайды. Оның өмірінің өрісті болуы, қызметтерде көтерілген биіктері, дос-жолдастарының, сырлас, сыйлас азаматтарының көп болуына отбасының ұйытқысы Тамара Жүзбайқызының үлесі айтарлықтай десем, әсте қателеспеймін. Сонау 1969 жылы ауыл шаруашылығы инженері дипломына ие болған жас маман Серікпен қол ұстасып жаймашуақ Алатаудан табиғаты қатал Ұлытауға бет түзеген қазақтың қаршадай қызы өңірдің қытымыр ауа райына төтеп беріп, жарты ғасыр Секеңе үй-ішінің салмағын түсіртпеді. Ұрпақтары Гүлжанат және Лаура есімді қыздарын, Ержан, Нұржан және Батыр атты ұлдарын ұлағатты, парасатты азаматтар қатарында өсіріп жеткізді. Олардың саналы, сапалы ержетулері Секеңе қосымша күш-қуат беріп, немерелерінің, жиендерінің, арманын, үмітін бір-біріне жетелетіп, ұрпақтарына деген сенімін арттырып, қуаттандыра түсті. Бұдан асқан бақыт бар ма?
Кенжеболат Жолдыбай,
саясаттанушы.
АСТАНА.