26 Ақпан, 2016

Бизнес ұлттық тілге бет бұрды

532 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгінгі таңда қоғамда эко­номи­каға, бизнеске деген қызы­ғушылық артып, жеке өз кәсібімен айналысқысы келетін азаматтар қатары көбейіп келеді. Ал кез келген істі бастау үшін, ең алдымен, ол жа­йында толық әрі шынайы ақпарат алу қажет. Бірақ, осы кәсіпті бастағысы келгендер қазақ тіліндегі сапалы ақпаратқа қол жеткізе ала ма? Осы салаларды дамытудың бір құралы ретін­де қазақ тілін қалайша тиімді қол­­дануға болады? Экономика қоғамдық өмір­дің маңызды саласы екеніне күн­делікті өміріміз куә. Адам еңбегінің игілігі материалдық құндылықтардан көрініс табады. Тәуелсіз ел болғалы Қазақ­стан­­ның өз экономикасы қалып­тасып, әлемдік қауымдастықтан ла­йықты орнын алуға ұмтылып келеді. Алайда, дербес даму жо­лын таңдап, дамыған елдер қата­рына қосылудың тетіктерін енді іздестіре бастағанда, қаржы-эко­но­микалық қиындықтар килігіп кетті. Дегенмен, «дағдарыс қай ке­зеңде де тек қауіп-қатер ғана емес, жаңа мүмкіндіктер көзі» (Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы). Бұл мұнай, түрлі пайдалы қазбаларды сатудан түсетін қаржыға сеніп жайбарақат жата бермей, дамудың басқа жолдарын іздестіру дегенді білдірсе керек. Демек, жасырынып жатқан мол мүмкіндіктің басты көзі – адам капи­талын іске қосатын сәт келді. Ал осының бәріне қол жеткізу үшін болашақ кәсіпкер таңдаған саласы жайлы деректер мен мә­ліметтер іздейтіні сөзсіз. Бүгінгі қазақстандық ақпарат нарығында қалыптасқан жағдаят бойынша қазақ тіліндегі ақпараттың шектеулі екендігі бәрімізге белгілі. Бүгінгі күні Қазақстандағы экономика мен бизнестің негізгі тілі – орыс тілі. Интернет-сайттардың қазақ тілді контенті де негізінен ресми тілден аударылған материалдарды құрайды. Әсіресе, кәсіпкерлерді, жалпы қауымды қы­зықтыратын экономика, биз­нес тақырыбындағы ақпа­рат­тық-сараптамалық материалдар, құзыретті тұлғалардың сұхбат­тары, аса қажетті мәліметтер кө­біне ресми тілде жарияланады. Міне, дәл осы нарықтық салада қазақ тілі іскерлік, кәсіпкерлік қатынастардың бір бөлшегіне, жалпы бизнестің қарым-қатынас тіліне айналуы үшін не істеу керек деген сұрақ тіл мамандарын да, жекелеген азаматтарды да, қоғамдық ұйымдарды да толғандырып келеді. Әсіресе, қоғамдық бірлестіктер осы мәсе­ленің шешімін табуға белсенді атсалысуда. Соның бір нақты үлгісі – «Дегдар» қоғамдық келі­сімді қолдау қоры жанынан ашылған «Тil-audit.kz» сайты мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, бизнес ұйымдарының ресми интернет-сайттарындағы қазақ тілінің қол­данысына назар аударып, кемшіліктер мен жетістіктерді сараптап, ұсыныстар жасап отырады. Айталық, мұнай-газ, энергетика саласындағы компаниялардың ресми сайттарына жүргізілген мониторинг барысында анық­талғандай, қаралған 25 ком­панияның 8-інде қазақ тілді па­рақша жоқ. Көпшілік сайттарда сапасыз аударма, қазақ тіліндегі ақпараттың жұтаңдығы, термин қолданудағы қателіктер жиі кездеседі. Қалыптасқан жағдаятқа зер салсақ, экономика саласында қазақ тілін ілгерілете жылжытудың тиім­ді формаларын іздестіру қажет сияқты. Жоғарыда атал­ған кем­шіліктерді жоюдың бір жолы – бизнестегі кәсіби комму­ника­цияның қазақ тілді үлгісін құру. Қазақ тілінің қолданысындағы өте бір түйткілді тұс – терминология мәселесі. Әлі күнге дейін экономика, бизнес саласына тән терминдер бірізділікке түспей келеді. Мұның бір себебі, терминдерді қалыптастыру мәселесінде бір­ауыз­дылық жоқ. Бір терминнің өзі бірнеше нұсқада қолданыла береді. Сондықтан, арнайы тер­миндердің бастапқы мәнін сақтай отырып аудару қажет деп санаймыз. Терминдерді қабылдау кезінде оның ең сәтті нұсқасын дұрыс таңдау немесе икемге кел­мейтін, аудармасы мағынасын аш­пайтын кейбір сөздерді сол қал­пында қалдырған да дұрыс сияқты. Оған қоса, дәл қазіргі таңда қоғамда экономикаға, бизнес­ке деген қызығушылық қатты күшейіп тұр. Оларға ең алдымен кәсіпкерліктің жай-жапсарын түсіндіріп беретін ақпарат керек. Осындай салалық ақпарат бере алатын ұйымның бірі – «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы. Оның басты міндеті – елдегі кәсіпкерлікті дамытуға бағыт-бағдар беру, қолдау көрсету, кедергілерді жою, ақпаратпен қамтамасыз ету. Қауымдастықтың қызметі ресми интернет-сайт арқылы да жүргізіледі. Еліміздегі жалпы үрдіске сай қауымдастық сайты да негізінен ресми тілдегі ақпаратқа басымдық беріп келді. Ілгерілеушіліктер бар. Палата өз сайтының қазақша парақшасын талапқа сай жүргізуге ықылас танытып отыр. Соның бір дәлелі ретінде ҰКП-да биылғы жылдың басынан бері «Атамекен-Бизнес-Тіл» жобасы өз жұмысын бастады. Бұл – отандық бизнестің қазақ тіліне бет бұруының көрінісі және қолдауға әбден лайық бастама. Жобаның мақсаты – тұтыну­шы­ларға ұсынылатын қазақ ті­лін­­­дегі ақпараттың сапасы мен көле­мін арттыру, экономикалық термин­дерді бір ізге түсіру, ең бас­тысы, қазақ тілін аударма тіл­ден толыққанды қолданыс тіліне айналдыру. Ең бастысы, сең қозғалды, «Атамекен» ҰКП-да бизнесті қазақша сөйлету ісі басталып кетті, ресми сайттың қазақ­ша парақ­шасында қазақ тілінде жүр­гізілген сұхбаттар мен пікірта­лас­тар, бейнероликтер орнын тапты. Осындай бастамалардың биз­нес-қауым тарапынан кең қолдау тауып, таратылуы қоғамның мате­риалдық мүддесін ұлттық мүд­демен үйлестіріп, соған қызмет етуге алып келеді. Дина ИМАМБАЕВА, «Тil-audit.kz» сайтының редакторы.