Кеше елордадағы Конгресс-Холл сарайында Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясы алдағы Парламент Мәжілісі және жергілікті мәслихаттар депутаттары сайлауына байланысты семинар өткізді.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс және барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауы маңызды саяси оқиға саналады. Бұл ретте сайлауды ұйымдастырушыларға, оның ішінде сайлау үдерісіне қатысушыларға зор жауапкершілік жүктеледі», – деді жиынға қатысқан Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос.
Сондай-ақ, ол сайлау комиссияларының жергілікті атқарушы органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен, азаматтық қоғам инс-
титуттарымен, байқаушылармен және БАҚ өкілдерімен өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыру мәселесін де атап өтті. Оның атап өтуінше, бірлесе, жұмыла атқарған жұмыстар сайлау заңнамасы нормаларын сақтаудың бұлжымас шарты болып табылады.
Содан кейін сөз алған Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаев бүгінгі күні ЕҚЫҰ/ДИАҚБ және ТМД миссияларынан, сонымен бірге, Ислам ынтымақтастығы ұйымы мен шет мемлекеттерден 155 байқаушы, ал еліміздің Сыртқы істер министрлігі тарапынан 25 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 105 өкілі аккредиттелгенінен хабардар етті.
Семинарда сайлау науқанын материалдық-техникалық және құқықтық қамтамасыз ету мәселелері де талқыланды.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».