27 Ақпан, 2016

Өнерімен өрлеген

300 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
BAR_6427Жас мамандарды ауылдық жерлерге орналастыру, тұрақ­тандыру арқылы кадр тапшылығы мәселесін шешуде өзін-өзі ақтап отырған мемлекеттік жобалардың бірі «Дипломмен – ауылға!» жобасы екенін үлкен сеніммен айтуға болады. Аудан әкімдіктері мен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ өңірлік филиалы аталмыш шара аясында бес жылда 2,1 миллиард теңгенің бір реттік жәрдемақысы мен тұрғын үй сатып алу қызметін көр­сеткен. Өткен жылы 416 мил­лион теңгенің 157 займы бе­рілсе, биыл 318 миллион теңге қарас­тырылған. – Біздің ауданда да жас кадр­­ларға жан-жақты қолдау көр­сетіледі. Мә­селен, Дарья Тор­чев­ская баспанамен, жұмыс­пен қамтамасыз етілген. Кон­сер­ваторияны бітірген Еркебұлан Карипов деген дипломды маман мәдениет үйіне әнші болып орналасты. Келе салысымен «Парасат» мектеп-лицейінде дәстүрлі ән үйірмесін ашты. Жары – хореограф. Жуық арада бұл отбасының әлеуметтік мәселелері толығымен шешіледі, – дейді аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Сара Әлтаева. Маргарита Кузнецова – аталмыш бағдарламаның игілігін көрушілердің бірі. Ол Бескөл кентіндегі мәдениет үйіне маман ретінде орналасып, тұрақты жұмыс тапқан. 2012 жылы Петропавлдағы өнер колледжін бітірген соң мейрамханаларда өтетін той-думандарда тамылжыта ән шырқап, нәпақасын тауып жүрген. Алайда, шығармашыл ортамен жұмыс істегенді ұнататын оны бұл қарекеті қанағаттандыра қоймаған. Өз өмірін басқаша қалыптастыруға бел буған өнерпаз қыз Бескөлдегі мәдениет үйінде бос штат барын естіп, бағын сынап көруді ұйғарған. Конкурс сынақтарынан ойдағыдай өтіп, режиссерлік қызметке қабыл­данған. Бірер жылдай облыс орталығында тұратын ата-ана­сының үйінен қатынап жүрген. Арақашықтық онша алыс болмаса да, едәуір қиындықтар келтіретін. Тығырықтан шығудың жолдарын әрлі-берлі іздестіріп, ақырында «Дипломмен – ауылға!» жобасы бойынша тиісті орындарға қайырылуды жөн көрген. Өтініші мақұлданып, тиісті шешім алын­ғанда төбесі көкке жеткендей қуан­ған. Мемлекеттік қордан үй сатып алуға 12 мың АҚШ дол­лары және 138 мың теңге көтер­меақы берілген. Несиені ай сайын 12500 теңге төлеммен 15 жылда өтейтін болып келіскен. Маргарита – сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз жастардың бірі. Оның күміс көмей әншілігі ешкімге ұқсамайды. Ағылшын, итальян, испан тілдерінде әуелете шырқағанда тыңдармандарын бірден еліктіреді. Өнер коллед­жінің оқушысы Бүркіт Жанаймен «Сезім» атты дуэт құрып, қазақ әндерін талмай насихаттап жүр. Бұдан тысқары Дарья, Нарқыз деген құрбыларымен бірлесіп «Іңкәр» тобын құруы да қолдауға тұратын бастамалардың бірі екені даусыз. Сүйіп айтатын әнде­рінің бірі – «Дудар-ай». Қазір облыс орталығында өтетін бай­қау дайындығына қызу кірісіп, Абай­дың «Көзімнің қарасы» әнін ұсынбақ ниетте. Жан-жақты болуға талпынған оның бір арманы – білімін одан әрі жалғастыру, шеберлік шыңына көтерілу. Өнер колледжінің во­кал тобын тәмамдаса да, мә­дениет саласының басқа да ба­ғыт­тарында бағын сынап көруді игі мақсат тұтқан. Талан­ты мен талабын ұштастыра оты­рып, бірде-бір кон­церттік бағдар­ла­малардан шет қалған емес. Жақында ұжымның құра­мында Соколовка, Якорь ауылдарына ба­рып, өнерімен көрер­мендерін тамсандырып қайтты. Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ. Солтүстік Қазақстан облысы, Бескөл ауданы. Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.