Кеше елордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтіп, онда үш мәселе қаралды. Күн тәртібінде Ассамблеяның «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының іске асырылуы барысы тыңдалып, Парламент Мәжілісінің V шақырылымындағы ҚХА депутаттық тобының жұмысы қорытындыланды. Сондай-ақ, Кеңес депутаттыққа кандидаттар тізімін мақұлдады.
Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейлі белесі елімізде елеулі саяси іс-шарамен басталып отыр. Алда болатын Парламент Мәжілісінің және жергілікті мәслихаттар депутаттарының сайлаулары Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін тағы да айқындап береді деп сенеміз, – деді Гүлшара Наушақызы. Мемлекеттік хатшы бұл ретте еліміздегі жүзден астам этностан ұсынылатын 9 кандидат барша Қазақстан халқының ортақ таңдауы екенін, олай болса, сайлаушылар мен депутаттықтан үміткерлер алдында үлкен міндеттер мен жауапкершіліктер тұрғандығын ерекше атады.
Г.Әбдіқалықова барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар Мемлекет басшысына «Мәңгілік Ел» идеясының, сондай-ақ, Қазақстан халқының форумында және биылғы сәуірде өтетін ҚХА-ның XXIV сессиясында ұсынылатын Қазақстандық бірегейлік пен біртектілікті нығайту және дамыту тұжырымдамасының іске асырылуы жөнінде есеп беруге кірісіп кеткенін қаперге салды.
Қазақстандық бірегейлік пен бірлікті нығайту және дамыту мәселелерін халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басты бағыт болуы керектігін меңзеген Мемлекеттік хатшы бірнеше күннен кейін Алғыс айту күнін барша Қазақстан халқы алғаш рет атап өтетінін жеткізді. Алғыс айту күні Ұлы Дала елінің ұлы мұрасын лайықты түрде жалғастырушы қазақ халқының ежелгі кеңпейілділік, қонақжайлық және мейірімділік қасиеттерінен бастау алатын мәдениеті мен дәстүрінің тарихи тамырларынан негізделеді, деді ол.
Ассамблея Кеңесі отырысын ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Е.Тоғжанов жүргізіп отырды. Алдымен сөзді Мәдениет және спорт министрі Арыстан Мұхамедиұлы алды. Ол өз сөзінде министрлік 19 нормативтік-құқықтық акт мен жобаларды іске асыруда екенін, оларды әзірлеу барысында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің стандарттары мен мүше елдер тәжірибелері ескерілгенін жеткізді. Сондай-ақ, еліміздегі бірегейлік пен біртектілікті нығайту үшін «Үлкен ел – үлкен обасы» жалпыұлттық жобасының аясында көптеген іс-шаралар атқарылғанына назар аударды.
Ұлттық мұражайда және еліміздің он екі өңіріндегі Достық үйлерінде Қазақстанның полиэтностық ел екендігін паш ететін ҚХА тарихы залы құрылып отыр. Ендігі тағы төрт өңірде осындай мұражай залы ашылатыны белгілі болды. Еліміз, сонымен қатар, жалпыеуропалық «мұражайлар түні» акциясына қосылып, қазақстандықтарға тегін қызмет көрсететін болады. 2025 жылға дейін министрлік бұқаралық спортты дамыту және оның инфрақұрылымын барынша жақсарту жолындағы тұжырымдама негізінде еліміздің имиджін жақсартуға әрекет ететіні де атап көрсетілді. Сонымен қатар, осы мерзімге арналған Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту тұжырымдамасы аясында оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму үдерістеріне қатысуы барысы және жаңа бағыттары айқындалған.
Ендігі кезекте Ассамблея қайырылымдылық, медиация және қоғамдық бақылау сияқты бағыттарда да жұмыс істейтіндігін айта кеткен жөн. Министрдің сөзін толықтыра кеткен ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасының аясында 36 жоба жүзеге асатынымен бөлісті. Бүгінгі таңда соның 26-сы іске асып жатқаны белгілі болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының медиациялық орталығының және қайырымдылық пен тәлімгерлік клубының ережелері мақұлданды. Бүгінгі таңда Медиация жөніндегі халықаралық орталық құрылып, жұмысын бастап та кетіпті. 2016 жылы бұл Ассамблея жұмысының басым бағыттарының бірі болады.
ҚХА өзінің 20 жылдық тарихында үшінші рет өз қатарынан жоғарғы заң шығарушы органға өкілдерін сайлауға мүмкіндік алып отыр. Ассамблея тарапынан сайланған екінші депутаттар тобының есебін Парламент Мәжілісінің V шақырылымының депутаты Егор Каппель баяндап берді. Ол өз сөзінде 2012 жылдың қаңтарында Парламент Мәжілісінде саяси партиялардың үш парламенттік фракциямен қатар ҚХА депутаттық тобы құрылғандығын айтты. Қазіргі таңда аталған топ құрамында Ассамблеядан сайланған 9 депутаттан өзге үш фракцияның он екі мүшесі бар. Жалпы, депутаттық топтың Мәжіліс басшылығымен және саяси партиялардың фракцияларымен, сондай-ақ, ҚХА Хатшылығымен жұмысы жолға қойылған.
Отырыс соңынан ҚХА Кеңесі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына Ассамблеядан сайланатын 9 кандидатты ұсынды. Олар: «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов, Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко, Парламент Мәжілісі V шақырылымының депутаттары Роман Ким, Юрий Тимощенко және Ахмет Мурадов, Алматыдағы армян этномәдени бірлестігінің төрайымы Нарине Микаелян, Дүнген этномәдени бірлестіктері ассоциациясы басқармасының мүшесі Шакир Хахазов, Қызылорда Оқушылар мен жасөспірімдер үйінің директоры Наталья Жұмаділдаева және Республикалық ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрағасы Шаймардан Нурумов.
ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов Ассамблея Кеңесінің қарауына ұсынылатын кандидаттар тізімін құру кезінде маңызды бірқатар критерийлердің ескерілгендігіне назар аударды. «Депутаттық корпустың сабақтастығын қамтамасыз ету. Екінші критерий – өңірлік қамтылу бойынша. Үшінші – гендерлік теңгерімділіктің сақталуы. Жастардың болуы, этностық топтардың ротациясы. Және де депутаттық корпуста екі мерзім ғана болуы», – деп атап кетті Ералы Лұқпанұлы.
Жалпы, Парламенттің төменгі палатасына 107 депутат сайланатын болса, оның 98-і саяси партиялар тарапынан ұсынылған, қалған 9 депутат ҚХА тарапынан сайланады. Ал Ассамблеясы Кеңесі этносаралық мәселелерді сессияларда қарауға шығарып қана қоймай, сонымен қатар Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттарды да ұсынады. Депутаттарды сайлау үстіміздегі жылдың 21 наурызында Қазақстан халқы Ассамблеясының кезектен тыс 23-ші сессиясы барысында жүзеге асады деп күтілуде.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ.