
Таяуда Ақсуат ауылында «Балапан» бағдарламасы аясында «Ақбота» балабақшасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Жергілікті жас кәсіпкер Олжас Қализада ашқан жекеменшік балабақша 75 балаға арналған. Жалпы, Тарбағатай ауданында балабақшамен қамтуға ауыл кәсіпкерлерін тарту жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп жатқанын байқадық. Бұл ретте мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту бағдарламасының балабақшаға жеке инвестиция салуға ықпал етіп отырғанын айтқан абзал. Аталған жоба аясында ғимарат салу және оны жабдықтау, жұмысты әрі қарай жүргізу кәсіпкерге жүктелсе, балабақша қызметкерлерінің еңбекақысы мен коммуналдық шығыны мемлекеттік қазынадан төленеді. Бұл мемлекет пен кәсіпкерлерге де, ата-аналарға да тиімді.
– Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі мекемемен қамту бойынша Тарбағатай ауданы облыс көлемінде алғашқы орында келеді. Соңғы екі жыл көлемінде ауданымызда 25 балабақша ашылса, оның ішінде 13 жекеменшік балабақша пайдалануға берілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту аясында биыл тағы төрт балабақша салуды көздеп отырмыз. Яғни, бүлдіршіндерге арналған жаңа нысандар Қабанбай, Тұғыл, Қарғыба, Маңырақ ауылдарында бой көтереді. Бұл балабақшалар бүлдіршіндерімізді тәрбиелеп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізіп отыр, – деді нысанның ашылуымен құттықтаған аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев.
Сондай-ақ, жергілікті бюджет қаржысымен Серіктестік ауылындағы балабақшаға кеңейту жұмыстары жүргізіліп, Көктүбек, Шорға елді мекендерінде жаңа балабақшалар ашылмақ. Осы арқылы тарбағатайлық бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуды толығымен шешу жоспарланған. Аудан әкімі салтанатты шарада Тұрсынхан Жүнісов және Фаузия Рахимбаева сынды ауыл ардагерлерін «Еңбек ардагері» медалімен және жас кәсіпкер Олжас Қализаданы Алғыс хатпен марапаттады. Сексеннің сеңгірінен асқан Фаузия әже Ақсуатта 1938 жылы ашылған алғашқы балабақшаның түлегі екен.
1936 жылы аудан орталығы Қызылкесіктен Ақсуат ауылына көшірілді. Екі жылдан кейін Жамал Тоғанасова есімді апамыз Ақсуаттағы қазіргі «Береке» дүкенінің орнына төрт киіз үй тігіп, алғашқы балабақшаны ашты. 1937 жылы біріміздің әкемізді, біріміздің аға-бауырларымызды «үндемес» (НКВД) алып кетіп жатты. Сондай қиын кезеңде ата-анасыз қалған балалар бар, барлығы 20 шақты сәбиден құралған алғашқы балабақшаны ашқан қайраткер апамыздың есімін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс. Сол киіз үйлердің бірі асхана, бірі ұлдарға, бірі қыздарға арналған жатын бөлме болған еді. Ата-әжелеріміз қандай қиындық көрсе де қажырлы қайратымен сәбилерді қорғансыз қалдырған жоқ, деді өткен жылдарды еске алған 81 жастағы Фаузия әже. Сондай-ақ, бүгінгі бүлдіршіндерге бейбіт һәм бақытты өмір сыйлаған Елбасы саясатын айрықша бағалайтынын айтты.
«Жас келсе – іске». Біз ақсуаттық бүлдіршіндерге қуаныш сыйлаған Олжасты әңгімеге тартқан едік. Кәсіпкер 2013 жылдың қараша айында ашылған балабақшаның алғашқыда шағын ғимаратты жалға алғанын, кейін аудан әкімдігінің қолдауымен құрылыс жүргізгенін жеткізді. «Даму» қоры және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы 15 миллион теңге жеңілдетілген несие қаражатына бой көтерген ғимараттың жалпы көлемі 550 шаршы метрді құрайды. Балабақша кең әрі жарық, бүлдіршіндерді тәрбиелеуге арналған заманауи құрал-жабдықпен толық қамтылған. Кәсіпкер 20 адамға жұмыс беріп отыр. Олардың қатарында балалар дәрігері, психолог және әдіскер мамандар бар. Үш топқа бөлінген сәбилер төрт уақыт тамақтанады.
– Балабақшамыздың ерекшелігі, аптасына алты күн жұмыс істейді. Әлеуметтік баға ретінде бір күнге 350 теңге төлемақы белгіледік. Балабақшаға келмей қалған күндер есепке алынбайтындықтан, ата-аналарға да жеңіл. Сондай-ақ, үштұғырлы тіл бағдарламасы шеңберінде ағылшын, орыс тілдерін үйретеміз. Алдағы уақытта арнайы көлікпен балаларды өзіміз тасымалдауды жоспарлап отырмыз, – деді ол.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы.