«Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктеcтігі – облыста өтпелі кезең қиындықтарын еңсеріп, сақталып қалған және жұмысын қайта жандандырған кәсіпорынның бірі. Кәсіпорында мемлекет қолдауымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында өнімді өңдеу жолында елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Мұнда 2010 жылы Индустрияландыру картасына енгізілген топс өндіру жобасы жүзеге асырылды.
Кешегі апта соңында «Ақ жол» партиясының өкілдері Тараз қаласындағы осы кәсіпорында болып, жұмысшылармен кездесіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.
– Бүгін біздің партияның өкілдері тері-жүн өңдеумен айналысып жатқан жұмысшылармен жүздесіп, кәсіпорынның қазіргі тіршілігімен танысып, алға қойған мақсаттарын білді. Әрине, жеңіл өнеркәсібіміздің дамуына зор үлес қосуға қауқары бар жүн өңдеу саласына әзірге шетелдіктердің ғана қызығушылығы болып тұр. Сондықтан, бізді отандық кәсіпкерлердің шетелдердегі мүдделерінің қорғалуы қызықтырады, деді «Ақ жол» партиясының өкілі Болат Момышев.
Сондай-ақ, кездесу барысында кілем, киім-кешек тоқуға арналған бұл өнім қазір әлемдік деңгейде тапшы екені айтылды. Өз кезегінде партия мүшелері бизнесті дамыту үшін алдымен бәсекелестікті арттыру, бағаны төмендету қағидаларын қолдану жағын ұсынатындықтарын көлденең тартты. Жиын барысында, сондай-ақ, партия жариялаған бағдарламадағы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған өзге де ұсыныстар айтылды. Оның ішінде жекеменшік бизнесті қолдап жүрген ұлттық даму институттарының қызметіне бақылауды күшейту, кәсіпкерлікті дамытуға бөлінген мемлекеттік қаражатты пайдалану тиімділігін қамтамасыз ету жайы сөз болды.
Шынында, өнеркәсіп өркендемей көсегеміз көгермейді. Бұл күні ақжолдықтар «Тараз металлургия зауыты» ЖШС-нің де жұмысымен танысты. Сондай-ақ, соңғы жылдары өндірісі өркендеп келе жатқан Жаңатас қаласында болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесуде партияның сайлауалды бағдарламасындағы басымдықтар туралы жан-жақты әңгіме қозғалды.
Мәселен, жас мемлекеттілігіміздің бастауында тұрып, оның қалыптасуы мен дамуының куәсі әрі тікелей қатысушысы болуымыз бізді мақтаныш сезіміне бөлейді, деді ақжолдықтар. Сонымен бірге, қазіргі кезеңде еліміздің алдында уақтылы және лайықты назар аударуды талап ететін жаңа тарихи қажеттіліктер тұрғанына назар аудартылды. Басқаша айтқанда, жақсылыққа қарай үнемі ұмтылу керектігі атап көрсетілді.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.