«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов бастаған Республикалық сайлауалды штаб кеше Ақмола облысында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. РСШ мүшелері мұнда облыстық шығармашылық интеллигенция мен этномәдени бірлестіктер өкілдерімен, денсаулық сақтау және теміржол салаларының еңбеккерлерімен кездесті.
Бұл жолы делегация құрамына Парламент Мәжілісі V шақырылымының депутаты Сергей Дьяченко, «Ұлттық ғылыми медициналық орталығының» директоры Абай Байгенжин, «ҚТЖ» ҰК вице-президенті Роман Скляр, «Ауыл шаруашылығы ардагерлер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Михаил Трошихин, театр және кино актері Нұрлан Әлімжан, «Қазақстан барысы» даму қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Арман Шораев және тағы басқалар да кірді.
Мұнда олар «Родина» агрофирмасының жұмысымен танысты. Соңғы үш жыл ішінде агрофирманың орташа жылдық өндіріс көлемі 3,7 миллиард теңгені құраған. Қазіргі таңда өндіріс көлемінің 65 пайызын егін, ал қалған бөлігін мал шаруашылығы құрайды екен.
Жиналған қауым алдында сөз сөйлеген РСШ жетекшісі Асқар Мырзахметов былай деді: «Елбасы тапсырмасына сәйкес, 2020 жылға қарай агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру 4, 5 есеге артпақ. Оған қоса, мемлекеттік субсидиялау соңғы өнім өндірісіне бағытталатын болады. Ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз етуде құс еті импортын 55%-дан 40%-ға, сүт импортын 28%-дан 25%-ға төмендету жоспарлануда».
Мемлекет басшысы 2014 жылғы қыркүйек айында ашқан «Қоғамдық келісім» үйінде РСШ мүшелері облыстық этномәдени ұйымдар өкілдерімен кездесті. ҚХА мүшесі Жансұлу Исмаилова былай деді: «Елбасының бірегей бастамасы бүгінде күллі әлемге үлгі. Ұлт пен ұлысты ұйытып, береке-бірлікті сақтауда Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі ерен. Бейбітшілік – баға жетпес байлық. Сол үшін біз «Нұр Отанға» дауыс береміз».
Ал Ш.Құсайынов атындағы облыстық драма театрында шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен болған кездесуде «Нұр Отан» партиясының ұлттың рухани құндылықтарын сақтауға айрықша назар аударып келе жатқаны ерекше айтылды. РСШ мүшелері, сонымен қатар, облыстық Қан орталығына да барды. Ал «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Ақмола облыстық бөлімшесінде болған кезінде мемлекеттің халықты жұмыспен қамтып, сапалы өмір сүруге жағдай туғызып отырғанына кезекті мәрте көз жеткізді.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.