Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов кеше өткізген брифингте осы жылдың 28 ақпанында сайлаушылар тізімдерін әкімдіктерден сайлау учаскелеріне беру аяқталғанын хабардар етті.
ОСК хатшысының атап өткеніндей, Конституцияға және сайлау заңнамасына сәйкес он сегіз жасқа толған әрбір азамат сайлауда дауыс беру құқығына ие. Сайлаушы өзінің бұл құқығын іске асыра алуы үшін әкімдіктер сайлаушылар тізімдерін жасайды және олардағы мәліметтердің анықтығы мен толықтығына жауап береді. Нақтылы сайлау учаскесiнде азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның осы сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.
«Сайлау туралы» Заңға сәйкес әкімдіктер 28 ақпаннан кешіктірмей тиісті учаскелік сайлау комиссияларына сайлаушылардың жаңартылған тізімдерін акт бойынша берді, – деді Б.Мелдешов осы жөнінде. – Сол сәттен бастап учаскелік сайлау комиссиялары тікелей сайлау учаскелеріндегі жұмысқа кіріседі. Жалпы, республика бойынша 9840 сайлау учаскесі құрылды. Төртінші наурыздан бастап сайлаушылар тізімдері танысу үшін учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында ұсынылады. Әрбір сайлаушы оларда өзі туралы деректерді дауыс беру күніне дейін және сайлау күні тексере алады».
ОСК хатшысы сайлаушының өзі туралы деректерді қалай біле алатынына да тоқталды. Б.Мелдешовтың айтуынша, ол үшін учаскелік сайлау комиссиясына жеке басын куәландыратын, сондай-ақ, тұрғылықты жерінде тіркелгенін (мекенжай анықтамасы немесе азаматтарды тіркеу кітабы) растайтын құжаттармен келіп, сайлаушылар тізімдерімен мұқият танысу қажет. Мекенжай анықтамасын сайлаушы халыққа қызмет көрсету орталығында (ХҚКО), «электрондық үкімет» порталында (электрондық-цифрлық қолтаңба - ЭЦҚ болғанда) немесе ЖСН бойынша және ХҚКО-да орналасқан терминал арқылы ала алады.
«Сайлаушының тегі тізімде жоқ болған немесе өзі туралы деректерде дәлсіздіктерді анықтаған жағдайда, сайлаушы жоғарыда аталған құжаттардың негізінде оны тізімге енгізуді немесе қажетті түзетулер енгізуді талап ете алады, – деді ОСК хатшысы әрі қарай. – Қазақстан Республикасының аумағындағы өзінің елді мекені шегінен тысқары шыққан жағдайда, сайлаушыға дауыс беру мүмкіндігін дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін береді. Оны сайлаушы тіркелген жері бойынша учаскелік сайлау комиссиясында жазбаша өтінішінің негізінде және жеке куәлігін ұсынғанда 4 наурыздан бастап 19 наурыз күнгі сағат 18.00-ге дейін ала алады».
Бұдан соң Б.Мелдешов дауыс беруге келе алмайтын сайлаушыларға есептен шығару куәлігін беру жайынан хабардар етті. «Азаматтың, сондай-ақ, өзінің атына дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігін алуға уәкілетті адамға сенімхат беруге құқығы бар. Бұл басқа мекенжайда болып, өзінің сайлау учаскесіне дауыс беру үшін келе алмайтын сайлаушыларға есептен шығару куәлігін алып, сайлауға қатысуға мүмкіндік береді. Бұл ретте есептен шығару куәлігі басқа сайлау округінде немесе бір елді мекен шегінде басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге ниет білдірген сайлаушыларға берілмейтінін есте сақтаған маңызды», – деді ол.
Сонымен, Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда сайлаушы басқа елді мекендегі кез келген сайлау учаскесінде дауыс бере алады. Себебі, мұндай жағдайда бүкіл ел сайлау округі болып табылады. Ал мәслихаттар депутаттарын сайлауда басқа елді мекендегі сайлау учаскелерінде ғана, бірақ сайлаушы тіркелген сайлау округінің шегінде ғана дауыс бере алады. Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы есептен шығару куәлігін және сайлаушының жеке басын куәландыратын құжатты ұсынған жағдайда, оны келген жері бойынша сайлаушылар тізіміне енгізеді.