01 Наурыз, 2016

«Өлеңде – әнші, домбырада – күйші, ақындықта – ақын»

508 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
IMG_8999«Тыңда, дала, Жамбылды!» «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлап, елдің рухын аспандатқан Жамбыл Жабаевтың әрбір жыр шумағы ұранға айналып кеткелі қашан. Халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен ерекшеленген Жамбыл жәкем, содан да болар, халық поэзиясының атасы атанды. Жүз жасаған жырау ел өміріндегі табыс пен шаттықты, жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлаған. Жыр алыбының 170 жылдық мерейтойына орайлас Жамбыл жерінде де көптеген іс-шаралар қолға алынды. Жамбыл облыстық мәдениет, мұрағат­тар және құжаттама басқармасының ұйым­дастыруымен Тараз қаласында респуб­ли­калық «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты жыршы-­термешілер байқауы өтті. Бай­қауға республи­камыздың әр аймағынан бас-аяғы 33 та­лапкер қатысып, Қапаш Құлыш, Дүйсенбек Өмір­әлиев, Әбдімомын Желді­баев, Аяз Бет­баев, Елікбай Иса сынды елімізге та­ны­мал өнер қайраткерлері қазылық етті. – Әрине, Жамбыл бабамыздың бұған дейінгі мерейтойларында талай өнер байқаулары ұйымдастырылған. Бірақ бұрын-соңды еліміздегі үздік жыршы-тер­ме­шілердің басын қосып, Жамбыл Жабаевтың жыр-дастандарын насихаттаған байқау болмапты. Сондықтан, бұл Жамбыл жырларын жұртшылықтың жүрегіне жеткізіп қана қоймай, термешілердің де рухын көтеріп, абыройын аспандатқан іс-шара болды, – дейді облыстық басқарма басшысы Дүйсен Бықыбаев. Сөйтіп, қазылар алқасының ұйғары­мымен Жамбыл Жабаевтың және Жеті­суда өмір сүрген ақын-жыршылардың шығармаларын нақышына келтіре орындап, кө­рермен жүрегіне жол тапқан Данияр Рахым­бай (Алматы облысы) бас жүл­дені ие­ленді. Бірінші орынды Мақпал Тоқтағанова (Алматы облысы) және Сұлужан Әбенова (Жамбыл облысы) иеленсе, екінші орын Жарасхан Төлебай (Қызыл­орда облысы), Ерболат Шалдыбеков (Алматы облысы), Мұратхан Донбаев (Шығыс Қазақстан облысы), үшінші орын Марат Сүгірбай (Қызылорда облысы), Құрман Байтасов (Астана қаласы), Төлеген Шәкәрімовке (Шығыс Қазақстан облысы) бұйырды. Сондай-ақ, Сүйінбай атындағы арнайы жүлдені ақтөбелік Ғазиза Абдирова, Қабан жырау жүлдесін жамбылдық Қар­лыға Жамбаева, Сауытбек ақын атын­дағы жүлдені тағы бір жамбылдық Жұл­дыз Ысқа­қов, Бармақ ақын атындағы жүл­дені аты­раулық Байбақ Ыдырбай, Кенен Әзірбаев атындағы жүлдені шығыс­қазақ­стандық Гүлмира Темірбекова, Аяз Бетбаев атындағы жүлдені қостанайлық Абзал Алпысов қанжығасына байлады. Ал облыстық тілдерді дамыту басқар­масы мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, Жамбыл Жабаевтың шығармаларын насихаттауды жандандыру мақсатында «Жамбыл оқу­лары» атты жас ақын­дар бай­қауын өткізді. Ақынның шығар­машылық-адами келбетін, туған жерінің сұлу таби­ғатын, шежірелі тарихын танытатын және қазақ ті­лінің баға жетпес байлығын, сөз құді­ретін, бабалардан қалған асыл мұралар­дың сарқылмас қазынасын тілге тиек еткен 15-ке жуық үміткердің ішінен бас жүлдені тараздық Нұрболат Сатымқұл жеңіп алды. Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыс­тық әмбебап ғылыми кітапханасы облыс­тық филармония және халықтық шығар­машылық орталығымен бірлесе отырып, ақын ескерткішінің алдында әдеби-сазды кеш ұйымдастырды. Мойынқұмның маң даласындағы Жамбыл тауының бөктерінде, боранды ақпан айында дүниеге келіп, кейін әлгі тауды да, бүкіл қазақ халқын да әлемге танытқан Жамбыл Жабаевтың шы­ғармашылығын кеңінен насихаттай отырып, ақын рухына бас иіп, шығармаларын болашақ ұрпаққа үлгі ету мақсатында ұйымдастырылған бұл іс-шараға жиналған жұртшылықтың қарасы мол болды. Қазақ халқының ар-намысы, үні мен жүрегі болған Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы аясындағы іс-шаралар әлі де жалғасын табуда. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы. Суретті түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.