02 Наурыз, 2016

Олимпиадаға қатысатын кәсіпқой боксшылар да әуесқойлар сияқты іріктеледі

269 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
02-03-2016-doctor wu 01АСТАНА. 2 наурыз. Таяуда Англияның Манчестер қаласында өткен AIBA-ның (Дүниежүзілік әуесқой бокс қауымдастығы) кезекті жиынында кәсіпқой боксшылардың да Олимпиада ойындарына қатысуларына рұқсат берілген болатын. Кеше аталған ұйымның басшысы Чинг-Куо Ву мырза осы шешімді растап, оның шарттарын түсіндірді. Бұл туралы championat.com порталына сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Ву мырзаның айтуынша, аталған шешімге қатысты өзгерістер мен толықтырулар ұйымның құжаттарына алдағы жаздың басында енгізіледі. Әзірге биылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қанша кәсіпқой боксшы қатысатыны нақты белгісіз. Reuters агенттігі келтірген Чинг-Куо Вудың мәлімдемесінде: «Маусым айында ғана AIBA-ның конституциясына өзгертулер енгізіледі. Сондықтан Рио Олимпиадасында қанша кәсіпқой боксшы бақ сынайтынын нақты білмеймін. Бірақ олардың қатысатыны анық. Оларға ешқандай басымдық берілмейді, яғни, әуесқойлар сияқты іріктеудің барлық сатысынан өтеді. Бүгінде бокс олимпиадалық спорт түрлерінің ішіндегі кәсіпқойлар қатыспайтын жалғыз сайысқа айналып барады. Біз осы жағдайды түзетуіміз керек», – делінген. Еламан Қоңыр. Дерек: championat.com. Сурет: Olympic.sport.ua.