Кеше Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай «ҚазТехЭкспо» сауда-өндірістік кешенінде болып, студенттермен кездесу өткізді.
Басқосудың ол жерде өтуінің себебі, аталмыш кешеннің еңбек ұжымының 70 пайызын әйел адамдар құрап отыр екен. Кездесуге Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Б.Нұрымбетов, Инвестициялар және даму вице-министрі А.Рау, Астана қаласы әкімінің орынбасары Е.Аманшаев, сонымен қатар, өзге де мемлекеттік органдар мен білім саласының өкілдері қатысты.
«ҚазТехЭкспо» өндірісте жаңа технологияларды қолдана отырып, машина жасау, тоқыма өнеркәсібі бойынша дуальды оқыту үдерісіне, кәсіби стандарттар мен білім беру бағдарламаларын әзірлеуге белсене атсалысып, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттеріне тәжірибеден өтуге мүмкіндік туғызып келеді.
Г.Әбдіқалықова өз сөзінде 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде экономиканың алты негізгі саласы үшін 10 жетекші колледж және 10 жоғары оқу орны білікті кадрларды даярлап, кейіннен осы тәжірибенің еліміздің басқа да оқу орындарына таратылатыны жөнінде айтып өтті.
Білім алушылар арасында кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу үшін олардың кәсіби таңдауына көмек көрсетуге, болашағын айқындауына, еңбек және кәсіптік оқытуға қажетті жағдай жасау үшін еліміздің 9 өңірінде 5-11 сыныптардың 20 мыңнан астам оқушысын қамти отырып, 29 оқу-әдістемелік комбинат жұмыс атқаруда. Қазіргі уақытта еңбек нарығындағы бос орынның 70 пайыздан астамын жұмысшы және техникалық мамандар құрайды.
Кездесу аясында Мемлекеттік хатшы компанияның өндірістік-техникалық базасымен танысып, олардың жұмыла атқарған жұмысы ел дамуына жасалған қарқынды қадам деп баға берді.
«Қазіргі кезде кәсіптік білім алу өте маңызды. Бүгінгі заманның талабы сондай. Осыған байланысты бұл жұмыс бірнеше жыл бұрын басталған. Елімізде 75 мың жас өрен кәсіптік бағдар алған. Бірақ біз бұл жағдайды 100 пайызға қамтуды жоспарлап отырмыз», – деді жиын соңында Гүлшара Наушақызы.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан».