Айгүл ата-анасының үкілеген үміті еді. Көзінің ағы менен қарасындай бір қыз, бір ұлды ата-анасы барын сала бағып-қақты, жеткіншектерінің жолына жанын айта жүріп жеткізді. Айгүл тамылжыған көктем гүліндей құлпыра бойжетті. Мектепті үздік бітіріп, құрбыларының алды болып, жоғары оқу орнына түсті. Келбетіне көркі сай, ақылына білімі сай, тал бойынан бір мін таппас бойжеткен үшінші курста күрт өзгерді.
Сәнқой бойжеткендер қызыға қарайтын үлде мен бүлдесін сырып тастап, қарапайым матадан тіккен, етегі жер сызған көйлек киді. Аузы-мұрнын тұмшалап, басына қос-қабат орамал (хиджаб) шалды. Лекциядан келген соң ұзақты күн қаракөлеңке бөлмеге қамалып, әлдебір уағыздарды жаттап, мүлгіп отыратынды шығарды. Қанаш қызының бұл қылығынан қатты шошынды. Сәнияға сан рет ескерту жасап, Айгүлді райынан қайтаруды талап етті. Сәнияны былай қойып өзі де жалғыз қызына өлердегі сөзін айтып, қанша ақыл-кеңес берсе де Айгүл алған бетінен қайтпады.
Жақында Қанаш қызының тұрмыс құратынын хабарлап, тойға шақырды. Қанаштың көңілсіз күйінен көңіліміз қылп етсе де, көз алдымызда өскен Айгүлдің қызығынан қағыс қала алмай Қарақойынға тарттық. Ауыл клубының кең залында той мәзірінің ырымы жасалып жатыр.
Мешітте неке қию рәсімін жасап келген жастар төрге озды. Беташар айтылмады. Ұзын ақ көйлек, ақ хиджаб киген Айгүлдің бет-жүзі ақ матамен тұмшаланып тастапты. Тізеге дейін төгілген ұзын жеңнен қолдарының ұшы да көрінбейді. Қиылған қас, қарақат көз, қыр мұрын, айдай жүзін жұрттан жасырған жас келіннің аққа оранған құл сұлбасына қарап, «әттең-ай» дедік. Айгүлдің қасында балағы тобықтан жоғары тыртыйған ақ шалбар, сұр бешпент, ақ тақия киген, иегі мен екі жағын үрпиген сирек қара сақал басқан жас жігіт келеді. Күйеу баламыз осы екен. Көңіл шіркін құлазып сала берді...
Той ішімдіксіз өтеді екен. Несі бар?! Әуезді ән, күмбірлі күй мен көңілді биге ұласқан мұндай талай тойларды көріп жүрміз. Асабасы келіссе, ән мен жырдан шашу шашып, тойды дүрілдетіп-ақ өткізуге болады. бұл тойдың асабасы да тобықтан жоғары тылтиған шалбар киген сақалды діндарлардың бірі екен. Жиын басқарғаннан гөрі жиналғандардың киім киісін, жүріс-тұрысын мінеп, жөн-жосық айтуы көбейіп кетті.
Аузы жабылмайтын асаба асқынып барады. Бара-бара тіпті, той тақырыбын жинап қойып, тікелей діни дәріс беруге көшті. Мына бір той дастарқанында отырған жұрт мүшрифтен дәріс алуға келген мүриттері сияқты. Оның ұзын-сонар уағызынан ұққанымыз, осы уақытқа дейін бәріміз күпірлікпен күн кешкен күнәһарлар екенбіз... Амал қанша, тойдың шырқын бұза алмай төзіп-ақ отырмыз. Қанаш пен Сәния болса, тіпті мүжіліп қалыпты. Мойындары салбырап, көздерімен жер шұқып, бастарын көтере алар емес. Бауыр еті балаларын шырмаған сұмдықтың салмағымен езіліп, құр сүлдерлері отыр.
Құлақтарының құрышы қанар тыңдаушыларын енді тапқандай тыпыршыған асаба келесі сөз кезегін күйеу бала – Ерасылдың бірге оқыған курстастарына берілетінін хабарлады. Ортаға тағы да тобықтан жоғары тыртиған қысқа шалбар киген, сұрқай бешпентті, бұқара тақиялы төрт-бес қаба сақал жігіт шықты. Олар кезек-кезек микрофонға жармасып, екі жасқа жүрекжарды тілек айтудың орнына, бірімен бірі жарыса уағыз айтып кетті. Уағыздарының сиқы: ұзақ жылдар бойына коммунистік идеямен уланған санамыз енді батыстың бұзақы догмаларымен бұзыла бастапты. Балаларымызды балиғатқа жетпей діни уағыздармен сусындатуымыз керек. Мұсылманның өмір салты Құран қағидаларынан құрылу керек. Әйелдер ерлерден төмен, сондықтан қыз балалар балиғатқа толғаннан кейін бет-жүзін тұмшалап жүрулері керек дегендерге саяды.
Шыдам шегіне жетті, төзім таусылды. Ширығып-ақ барамыз. Кенет...
– Тоқтат! Қызыл иектеріңе шыққан бес тал сақалдарыңды бұлдамай, тоқтат енді! – деп Қанаштың үлкен жездесі Алтыкен ағамыз орнынан ақыра атып тұрды. – Дін жолын қуып, мұсылманның көсегесін көгертетін мына сендер ме?! Сонда немене, біз дінсіз болыппыз ба! Кешегі қылышынан қан тамған қызыл империя тұсында да қаладағы жалғыз мешітке барып, бітір-садақамызды беретінбіз. Алланың ақ жолымен жүріп, бақиларымызды арулап, ата-бабамыздың басына барып, дұға қайыратынбыз. Үлкенімізді ардақтап, кішімізді аялайтынбыз. Қызымызды қадірлеп, келінімізді құрметтейтінбіз. Дәл сенің дініңдей жаңа түскен жас келінді бүйтіп қорлап көргеніміз жоқ. Бесіктен белдерің шықпай жатып, уағызшыл болып кетіпсіңдер ғой, түге. Үлкен тұрып, кіші сөйлегеннен без. Ұялмайсыңдар ма, мына отырған халықтан. Алдымен дініңді түзеп, оң мен солыңды айқындап ал. Қай дінге ұйыдың, қайда барасың?! Әй, құда, тойлауға шақырдың ба, қорлауға шақырдың ба? Тый, мына дүмшелеріңді. Тұрғыз ана жас келінді, бетін аш! Баламыздың маңдайынан сүйіп, ақ жол тілейік...
Алтыкен аға екі жасқа шынайы тілек айтып, жас отауға арнаған сыйлығын атады. Асаба жас келінді ортаға шығарып, бетін ашты. Ақ жамылғымен тұмшаланған Айгүлдің аққұба жүзі қызарып батқан күн алауындай алабұртып кетіпті. Ауа жетпей тынысы тарылғандай ауыр күрсінді. Қарақат көздері бір ғана жалт етіп, айқасқан кірпіктерінен үзілген жас тамшылары сорғалап кетті.
«Айгүл-ау,жалын жастығыңды шүберекпен тұмшалап, алғашқы қызығыңды хиджабпен тұншықтырғаның қалай? Не күн туды басыңа?». Бойжеткеннің жұмбақ жүзі осындай сансыз сұрағымды жауапсыз қалдырып, жібек орамалдардың қалқасында көмескілене берді...
Ақиқатында біз еліктегіш халықпыз ғой. Дүниенің дүрмегіне тез-ақ бейімделіп кетеміз. Талайлардың таңсығын талғамай татамыз деп таңдай күйдірген күндеріміз де аз емес. Санамыз босай салысымен жаппай дінге ден қойдық. Әсіресе, жастарымыздың қарқыны қатты. Әрине, имандылықты ту етіп, мұсылмандықтың дәстүрлі хақ жолымен жүрсе, құба құп. Бірақ кешегі қатал кеңестік идеологиядан босаған кеңістігімізде «жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай» қаптаған діни ағымдардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс?! Соны талғай аламыз ба, әсіресе, дүниетанымы толықпаған әсершіл жастарымыз тура дінді таңдай ала ма? Мәселен, «Хизбут – Тахрирдің» ықпалына түскен жастарымыз да аз емес. Ал «Хизбут – Тахрир» діни ағым емес, алғашқыда өз жерлерін Израильден қайтарып алуды көксеген палестиналық арабтар құрған бейресми діни-саяси партия екенін, бұл ұйымның негізгі мақсаты – билікке жету, яғни бүкіл мұсылмандарды бір халифатқа біріктіру екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде «Екі нәрседен – діни дүмшелік пен діни фанатизмнен сақтану керек» деп айрықша атап көрсетті. Ендеше, әр отбасы ұл-қыздарының абайсызда адасып кетпеуін қадағаласа, таным-түсінігінің дұрыстығына кепілдік беретіндей тәрбиелесе дейміз. Дуалы ауыз ақсақалымыз Өмірбек Байгелди айтқандай «Жақсы менен жаманның арасын ажыратайық». («Қазағым қайда барасың?» «Егемен Қазақстан»). Қалталыларымыз мешіт салудан жарысқа түспей, мектеп салса, тәлімді тәрбие ұясы – балабақша тұрғызса. Ибасы жоқ елдің иманы да болмайтындығын ұмытпасақ екен дейміз.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.