Қазір ел еттің майлы, семіз болғанын ғана емес, халал болғанын да қалайды. Яғни, ел үшін алдындағы асының адал болғаны өте маңызды. Содан болар, Жамбыл облысындағы «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС-нің өнімдеріне сұраныс көп. Ет өндірумен айналысатын бұл комбинат үлкен бір жобаны қолға алуда. Жамбыл ауданына қарасты Қаратөбе ауылдық округінен 20 гектар жер бөлінген бұл жобаның құны 2 млрд. 378,7 млн. теңгені құрайды. Серіктестіктің атқарушы директоры Нұрлыбек Ахметовтің айтуынша, комбинат құрылысы жеке қаражат есебінен жүзеге асырылып жатыр екен. «Толық қуатымен іске кіріскен кезде тәулігіне 40 тонна «Халал» стандартына сәйкес келетін ет өнімдерін шығаруға қауқары жететін өндіріс орнында 153 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Бүгінде зауыттың құрылыс жұмыстары жүргізілуде», дейді Нұрлыбек Жарқынбайұлы.
Қазіргі таңда комбинат құрылысына салынған инвестиция көлемі 2 млрд. 155 млн. теңгеге жетіп, негізгі соманың 90,6 пайызын құраған. Серіктестік өкілдерінің айтуынша, қалған 223,8 млн. теңге 2016 жылдың алғашқы жартыжылдығында игерілмек.
Бүгінгі күні комбинат құрылысының 90 пайызға жуығы аяқталған. Атап айтқанда, зауыттың әкімшілік ғимаратының жұмыстары да, бас өндірістік корпустағы құрылыс жұмыстары да тәмамдалуға жақын. Сондай-ақ, жуу пункттері, қосалқы цехтардың блоктары, техникалық жартылай фабрикаттар орталығы, сарқын суларды тазарту қондырғылары, сусорғы стансасы және жылу қазандығы жақын күндері іске қосылуға дайын.
Комбинатқа Қытай Халық Республикасынан қажетті құрал-жабдықтар толығымен жеткізілген. Атап айтқанда, 12 мұздатқыш контейнер, 18 мал соятын контейнер, 5 контейнер жартылай фабрикаттарды жылжыту линиясы Аспанасты елінен әкелінген. Қазіргі уақытта монтаждау жұмыстары 86 пайызға орындалды. Ендігі кезекте тоңазытқыштарды қосып, тексеру керек. Ал ол үшін жоғары кернеулі электр желісін тарту қажеттігі туындап тұр. Өйткені, қазіргі пайдаланып отырған желінің бұл жұмысты атқаруға күші жетпейді екен.
Тапсырыс беруші мен бас мердігердің берген мәліметі бойынша, технологиялық құрал-жабдықтарды монтаждау жұмыстарын бітіру мерзімі 2016 жылдың І жартыжылдығына жоспарланып отыр. Сондай-ақ, технологиялық құрал-жабдықтарды тексеру-іске қосу жұмыстарын және онымен жұмыс істейтін мамандарды да үйрету осы уақытқа дейін аяқталады деп күтілуде. Ал комбинаттың техникалық өкілі Мамыр Бөпежановтың айтуынша, өндірісті толық іске қосу биылғы жылдың ІІ жартыжылдығында іске асады.
Комбинатқа инфрақұрылым тарту мәселесі де шешіліп қойыпты. Ол үшін газбен қамту мақсатында 1,85 шақырым, сумен қамтуға 6,9 шақырым, кәріз сулары жүйесі 6,8 шақырым желі керек. Ал, электрмен қамтамасыз етуде 2012 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 203,2 млн. теңгеге ұзындығы 6,74 шақырым электр желісі тартылған.
– Қазіргі уақытта трансформаторлы подстансаны іске қосу толық аяқталмаған, осы мәселені шешу тапсырыс беруші облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мен мердігер «СК-Ретма» ЖШС арқылы жүргізілуде, – дейді серіктестік өкілдері.
Жыл ішінде іске қосылуы жоспарланып отырған кәсіпорын басшылығы алдағы уақытқа үлкен үміт артып отыр. Толық қуатымен жұмыс істесе, облыс жұртшылығын сапалы әрі халал ет өнімдерімен қамтуды көздеп отырған олар бұл бағытта жүйелі жұмыс жасайтындарын айтады. Бүгінде үлкен құрылыс алаңына айналған зауыт айналасы сплитерлі блоктармен қоршалып жатыр. Сондай-ақ, темір профнастильмен қоршау жұмыстары да жүргізілуде. Ендігі кезекте монтаждау жұмыстарын жүргізуді қолға алған бас мердігер «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС жұмысты уақтылы аяқтауды жоспарлап, бұл үшін 85 адам аянбай еңбек етуде.
Жалпы алғанда, үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың алғашқы бесжылдығында елімізде бірқатар тың жобалар жүзеге асып, өндіріс орындары жұмысын бастады. Оның ішінде, біздің облысымызда бірнеше өнеркәсіп ошақтары ашылып, бүгінде алғашқы өнімдерін беруде. Ал 2015-2019 жылдарға арналған жоспар бойынша, аймақта жалпы құны 581,6 млрд. теңгені құрайтын тағы 27 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.