Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның 2015 жылы атқарған жұмысы мен 2016 жылдағы жоспарлары» тақырыбы бойынша Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелерінің брифингі өтті.
Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко брифингке қатысушыларға 2015 жылы атқарылған жұмыстар мен қоғамдық-саяси саладағы әйелдердің рөлін арттыру бағытындағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарын жүзеге асыру орайындағы міндеттер жайлы кеңінен айтып берді.
Ұлттық комиссияның 2015 жылғы негізгі жұмысы әйелдерді жұмыспен қамтамасыз ету, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын барлық инфрақұрылымдық жобаларға әйелдерді тарту бағытында өрбіді. Сонымен қоса, өткен жылдың маңызды оқиғалары – Қазақ хандығының 550 жылдығына, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдығына орайластырылған конференциялар өтті.
Елена Тарасенко Мемлекеттік хатшы, Г.Әбдіқалықованың Жапонияға іссапары барысында «WAW! Tokyo-2015» Әйелдерге арналған дүниежүзілік конференциясының екінші отырысына, Санкт-Петербургтегі Еуразия әйелдер форумының жұмысына қатысуы барысында жасалған келісімдерді ерекше атап өтті.
Ал, осы жылы Ұлттық комиссияның жұмысы Бес институттық реформа, «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын, «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Елбасының Жолдауын жүзеге асыруға әйелдерді тартуға, дағдарысқа қарсы шаралар аясында әйелдер үшін жаңа мүмкіндіктерді жан-жақты жасауға бағыттап отыр.
Ұлттық комиссия мүшесі Раушан Сәрсембаева Ұлттық комиссия бастамашылық еткен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге арналған «25 пайдалы іс» республикалық акциясы басталғанын хабарлады.
2014 жылғы 14 ақпанда өткен Қазақстанның біріккен үшінші және төртінші мерзімдік баяндамаларын қарау нәтижесінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық түрлерін жою туралы конвенцияны орындау үшін БҰҰ Комитетінің ұсынымдарын жүзеге асырудың Іс-шаралар жоспары бойынша жұмыстар Ұлттық комиссия тарапынан жалғасын табады.
Отбасылық-демографиялық саясат мәселелеріне, ең алдымен, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтардың алдын алу мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Бұл туралы Ұлттық комиссия мүшесі, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есеп жөніндегі комитетінің төрайымы С.Айтпаева мәлімдеді.
2015 жыл ішінде қылмысты тергеу органдары тарапынан 65 325 әйелге қатысты 66 596 қылмыс есепке алынды, бұл 2014 жылмен салыстырғанда екі есе аз.
Сондай-ақ, аталмыш тақырып барысында сөз алған «Бәйтерек» холдингі басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Ибрагимова: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда әйелдер арасында кәсіпкерлікті дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қазіргі уақытта ШОК субъектілерінің иелері құрылымында әйелдер үлесі 41 %-ды құрайды. Бұл ретте жеке кәсіпкерлер арасында әйелдер 47 %-ды көрсетеді», – деп мәлімдеді.
Оның айтуы бойынша, әйелдер арасында кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік саясат операторы «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Даму» қоры болып табылады. «Даму» қорының мемлекеттік қолдау бағдарламаларына қатысатын кәсіпкер әйелдердің үлесі 33 пайызға жеткен.
Бұдан басқа, әйелдер арасында кәсіпкерлікті кешенді қолдау халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тарту есебінен де жүзеге асырылады. 2011 жылдан бастап «Даму» қоры Азия Даму Банкінің қаражаты есебінен шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру бағдарламасын іске асырып келеді. АДБ ұсынымдары бойынша қаражаттың 33%-ы кәсіпкер әйелдерге несие беруге бағытталуы тиіс. Бүгінде 18,0 млрд. теңге сомасына кәсіпкер әйелдердің 439 жобасы нақты қаржыландырылды, бұл қарыз алушылардың жалпы санының 38%-ын құрайды.
«Даму» қоры Еуропа Қайта құру және даму банкімен бірлесіп, Қазақстанда 50 млн. АҚШ доллары бюджетімен әйелдер кәсіпкерлігін қолдаудың арнайы бағдарламасын іске қосу мәселесін пысықтады. Бүгінгі күні 20 млн. АҚШ доллары сомасына бірінші транш тартылды. 1,5 млрд. теңге сомасына 54 кәсіпкер әйел қаржыландырылды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда әйелдер жұмыспен қамтылған халықтың 48%-ын құрайды, шамамен 40% ІЖӨ-ні қалыптастырады. Бұл ретте әйелдер негізінен денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ тұтыну және тамақтану бойынша қызмет көрсету салаларында жұмыс істейді.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.